"Астана" Конференциялар лигасының үшінші кезеңіне жолдама алды

322

Енді “Астана” Швейцарияның “Лозанна” командасымен кездеседі.  

"Астана" Конференциялар лигасының үшінші кезеңіне жолдама алды	Фото: Астана ФК

“Астана” Конференциялар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне сенімді қадам жасады. Елорда ұжымы молдованың “Зимбру” командасымен қарымта кездесуде 2:0 есебімен жеңіске жетіп, қос матч қорытындысы бойынша 3:1 нәтижесімен келесі кезеңге өтті.

Алғашқы таймда-ақ Григорий Бабаян шәкірттері өз артықшылықтарын дәлелдей білді. 18-минутта Джеффри Чинеду есеп ашса, арада үш минут өтпей жатып Усман Камара қарсылас қақпасын дәл көздеді. “Астана” ойын барысында алаң иелерінің қысымына қарамастан сауатты қорғана отырып, өз мүмкіндіктерін тиімді пайдаланды. Нәтижесінде 2:0 есебімен жеңіс тойын тойлады.  

Естеріңізге сала кетейік, алғашқы кездесу 1:1 есебімен тең аяқталған болатын. Осылайша, “Астана” келесі айналымда Швейцарияның “Лозанна” клубымен жолығады.

Айта кету керек, “Лозанна” екінші кезеңнің қарымта матчында Солтүстік Македонияның “Вардар” командасын 5:0 есебімен тас-талқан етті. Швейцариялық клубтың сапынан Ноэ Дюссен (16-мин), Кали Сене (33, 45+2), Альбан Айдини (55) және Сейду Траоре (84) гол соқты. 

“Астана” мен “Лозанна” арасындағы тартысты текетірестер 7 және 14 тамызда өтеді. Елордалықтардың басты мақсаты швейцариялық кедергіден де сүрінбей өтіп, топтық кезеңге жолдама алу.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу