Astana LRT – жұлдызы жанбаған жоба

1838

Құрылысы 2011 жылы басталып, 2020 жылы аяқталуға тиіс болған Astana LRT – жеңіл рельсті трамвай жобасының жыры жалғасып жатыр. 

Astana LRT – жұлдызы жанбаған жоба

Әзірше елорда әкімдігі мен қытайлық консорциум бірлесіп жүзеге асырмақшы болған жеңіл рельсті трамвай жобасы "жетім қыздың" күйін кешіп тұр. 

Билік басындағылар "Astana LRT әуежай мен "Нұрлы жол" теміржол вокзалын байланыстырады" деп жаһанға жар салған, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Аstana LRT жобасының тарихы 2005 жылдан басталады. Дәл осы жылы қала әкім Өмірзақ Шөкеев техникалық экономикалық негіздеме әзірлетті. Бұл іс Өмірзақ Шөкеевтің Оңтүстік Қазақстан облысына қызмет ауыстыруына байланысты аяқсыз қалды. 2008 жылы елорданың жаңа әкімі Асқар Мамин LRT жобасынан бас тартып, BRT – жылдам жүрісті автобус жобасын жүзеге асыруды ұсынды. BRT жобасы да баянсыз болды. Себебі Асқар Маминнің қызметіне келген Иманғали Тасмағамбетов LRT жобасын жаңғырту туралы шешім қабылдап, Astana LRT ЖШС құрды. Жобаға Франция үкіметі 570 мың еуро грант бөлді. 

2011 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Astana LRT жобасының капсуласын салды. 
Сол кезде жобаның бастапқы құны 2,3 млрд доллар екені жарияланды. 2013 жылы қосымша қаражат көзі іздестіріле бастады. Азия даму банкі жобаның қымбат екенін алға тартып, қаржыландырудан бас тартты. 

Президент қолданысқа Astana LRT жобасының баламасын енгізуді тапсырды. 
2014 жылы Иманғали Тасмағамбетов BRT жобасына бет бұрды. Осы жылы оның орнына Әділбек Жақсыбеков келді. Ол BRT жобасын тоқтатып, жеңіл рельсті трамвай жобасына қайта оралды. 

2016 жылы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында Астана қаласы әкімнің орынбасары Нұрәлі Әлиев көлік кешенінің 2015-2019 жылдарға арналған бағдарламасын, оның ішінде Astana LRT жобасын таныстырды. 

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дейін қолдануға берілуге тиіс болған жеңіл рельсті трамвай жобасының 61,1 шақырым жолы әуелі 41,8, кейін 22,4 шақырымға қысқарды. Жоба тағы да жүзеге аспай қалды. 

Айтпақшы 2014 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы әкімдік жанынан құрылған "Астана LRT" ЖШС 125 млн теңге көлеміндегі шектен асып, мердігер компанияға бюджет қаражатынан 300 млн теңгеден астам ақшаны аударғанын анықтады. Бір жылдан соң 9 млрд теңгеге қатысты осындай құқық бұзушылық әшкереленді. 

2017 жылы жобаға премьер-министрдің орынбасары Асқар Мамин кірісті. Ол 
"LRT құрылысы дирекциясы" ЖШС құрып, жеңіл рельсті трамвай жобасының құрылысын бастады. 2018 жылғы 26 маусымда қазынадан LRT құрылысына 87,5 млн доллар бөлінді. Осы ақшаның 258 млн доллары Ұлттық банк лицензиясын тартып алған "Астана" банкінің депозитінде қалып қойды. 

2019 жылы Қытай компанияларының консорциумы 313 млн долларға қызмет көрсетті. Оларға 86 млн доллар ғана төленді. Осылайша мердігер алдындағы қарыз 203 млн долларды құрады.

Тексеру барысында "Astana LRT" ЖШС директоры Талғат Арданның сыбайласы елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековпен бірлесіп, миллиардтаған қаржыны жымқырғаны анықталды. Бұл кезде олар  шетел асып үлгерген болатын. Күдіктілерге халықаралық іздеу жарияланып, сот оларды ұстау туралы сырттай шешім шығарды. 

2018 жылы консорциум қатысушыларының бірі – China Railway №2 Engineering Group Co компаниясы құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге лицензия алып, қадалы тіректер мен эстакадаларды орнатуға кірісті. Жобаға 121 ауыр техника, 2 262 жұмысшы тартылды. Көрсетілген жылдың 16 маусымына дейін ұңғымаларды бұрғылау тіреуіштерінің 80,5%-ы, тіректер мен бағандардың 16,8%-ы, құрама біліктердің 10,1%-ы орнатылды. Депо нысандарына 2 618 қада қағылды. Жобаның 2018-2019 жылдар аралығындағы жұмысына 16,2 млрд теңге қарастырылды. 2018 жылы 9,1 млрд, 2019 жылы 7,1 млрд теңге игерілуге тиіс болды. 

Құрылыс барысында жеңіл рельсті трамвай жобасының экономикалық тұрғыдан тиімсіз екені айтыла бастады. Мамандар жолаушылар ағынының төмен көрсеткіші жеңіл рельсті трамвай жобасынан пайда таппақ түгілі оның  шығынын жабуға жетпейтінін жариялады. Ал әкімдік жеңіл рельсті көлік пайдалануға берілгеннен кейін жолаушылар ағыны тәулігіне 16 мың адамды құрайтынын айтудан танбады. 
Бұдан кейін 18 станциядан, 19 жылжымалы құрамнан және бір деподан тұратын 22,4 шақырымдық жобаның құны күмән туғызды. 

Экономист Рақым Ошақбаев Astana LRT жобасы "Тбилиси-Баку-Карс" теміржол жобасынан неге қымбат деген сауалға жауап іздеді. 

Оған Astana LRT басшысы Бекмырза Игенбердинов: "Бұл техникалық қатынастағы айырмашылық шығар, бұл сұрақты техниктерге қою керек", – деп үн қатты. 

Біле жүріңіз, Әзербайжан, Грузия, Түркия елдерін байланыстыратын көлік дәлізі 826 шақырымды құрайды. Жобаның жалпы құны – 600 млн доллар.

Айта кетейік, 2015 жылғы 31 тамызда Astana LRT жобасын іске асыру үшін 
"Астана LRT" ЖШС мен Қытайдың даму банкі шұғыл несие желісін ұсыну туралы несие келісіміне қол қойды. Осылайша Қазақстан Қытайдан 20 жылға жылдық 2,5% мөлшерлемемен қарыз алды. Жобаның құнын 1,8 млрд доллар деп бағаланды. 

2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қалалық әкімдікте өткен кеңесте Астана LRT жобасына сын садағын тартып: "Жаман аты шыққан LRT – жеңіл рельсті көлік құрылысына тоқталсам, Үкімет пен әкімдік жұмсартып айтқанда, күмән туғызатын жоба бойынша жұмысты жалғастыруды шешті. Маған берген есеп бойынша, басқа жол жоқ. Себебі тоқтата салатындай емес, басталған шаруа тым әрі кетіп қалған. Демек оның құрылысын тоқтатып, қала тұрғындарына ыңғайсыздық туғызып, тар болып қалған көшелерді қайта қалпына келтіруден гөрі, қаржы тауып құрылысын бітірген тиімді болғаны? Тек осы екеуінің есебін – коррупция символы болған бағандарды алып, құрылысты тоқтатқанға кететін шығын мен инвестиция тауып жобаны іске қосқаннан келетін пайданың қанша екенін салыстырған кестенің салық төлеушілерге ашып көрсетілмейтіні түсініксіз", – деді. Осының ізінше қала әкімі Алтай Көлгінов Astana LRT жобасын қайта қарап, оңтайландыруға кірісті. Нәтижесінде 19 жылжымалы пойыз құрамы 12-ге қысқартылып, 18 аялдаманың жетеуі алынып тасталды. 

"Бұған дейін Қытай даму банкінен займ алу қарастырылды. Құны 1,8 млрд долларды құрайтын жоба қарызды қайтарған кезде 2,6 млрд долларды құрайтыны белгілі болды. Үкімет бұл жобадан бас тартып, ішкі займға көшетін болды. Нәтижесінде 800 млн доллар үнемделеді. Елдегі екінші деңгейлі банктер және қаржы институттары облигация орналастыру шартын қарастырды. Жол бойындағы жерасты өткелдерінің саны азаятын болды. Бұдан 40 млрд теңге үнемделеді. Пойыз кестесіне де өзгеріс енді. Бұдан 15 млрд теңге үнемделеді. Бастапқы есептеулерден бюджет қаржысын үнемдеу 1, 2 млрд долларды құрады. 800 млн доллар займға қызмет көрсету, 350 млн доллар құрылыс-монтаж жұмысы есебінен қысқарады", – деді Алтай Көлгінов. 

Әзірше Astana LRT жобасының құрылысы тоқтап тұр, ал сот жүріп жатыр.

Прокурорлар сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген 7 тұлғаны 7-11 жыл аралығында соттауды сұрап отыр. 6 млрд теңгенің талан-таражға салынуына қатысы бар деп айыпталып отырған жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Рашид Аманжолов, Astana Innovations АҚ бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Әшім 11 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Өзге айыпталушылар 7,8, 9 жыл арқалауы ғажап емес. 

Адвокаттар шетелдік компаниялардың өкілдерін сотқа шақыруды талап етіп жатыр. Олар ірі халықаралық консорциумдардың қатысуынсыз миллиондаған қаржыны жымқыру мүмкін емес екенін алға тартып отыр. 

Қанат Махамбет


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу