banner

Астана-Павлодар жолы қашан ақылы болады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
7519

Автобан құрылысы биыл аяқталмайды.

Астана-Павлодар жолы қашан ақылы болады Фото: Ғани Өмірбеков

"Жыры" жылдарға жалғасқан Астана-Павлодар жолының құрылысы биыл аяқталмайды. Дегенмен, "ҚазАвтоЖол" өкілдері жолаушылар жыл соңына дейін жаңа жолмен жүретін болады деп сендіріп отыр. Яғни, жолдың қос бағытының бірі биыл толықтай пайдалануға беріледі. Осылайша, көлік жүргізушілері негізгі жолды айналып өтпейтін болады.

"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы таратқан мәліметке сүйенсек, Астана-Павлодар-Семей-Қалбатау бағытын қамтитын "Орталық-Шығыс" жобасының құрылысы 2010 жылы басталған. Ал осы жобаға кіретін Астана-Павлодар автобанының құрылысы 2013 жылдан бері жүргізіліп келеді. Еске сала кетейік, Астана мен Павлодардың арақашықтығы 441 шақырымды құрайды.

"Астана-Павлодар жолының құрылысы 15 учаскеге бөлінген. Соның 9-ында құрылыс жұмыстары аяқталды. 200 шақырым жол пайдалануға берілді. Биыл қалған 6 учаскедегі жұмыстар жалғасуда. Оның үшеуі осы жылы аяқталады. 441 шақырымдық жолдың 176 шақырымына (Астана-Ерейментау, Екібастұз-Павлодар) цемент-бетон жабындысы құйылса, қалған 265 шақырымына асфальт төселуде. Қазір көлік қозғалысы негізінен жаңа жол арқылы қамтамасыз етілуде", – дейді "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы баспасөз қызметінің басшысы Бауыржан Серікбаев.

Орталық-Шығыс жобасының жалпы ұзындығы – 905 шақырым. Соның 420 шақырымы Павлодар облысының аумағы арқылы өтеді.  Жоба аясында Ақмола облысының шекарасынан Семей қаласының шекарасына дейінгі аралықтағы, яғни Павлодар облысының аумағындағы жолдардың құрылысына 215 млрд теңге бөлінген.   

Астана-Павлодар жолының Астана-Ерейментау-Шідерті учаскесіне "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының Ақмола облыстық филиалы жауапты. Филиал директоры Талғат Смағұловтың сөзінше, аталған жолдың 189 шақырымы Ақмола облысының аумағын басып өтеді. Оның 139 шақырымы пайдалануға берілген. Қалған жұмыстар биыл тәмамдалады. Осылайша, Астана-Павлодар автобанының Ақмола облысы аумағындағы бөлігі 2018 жылдың соңына дейін толық аяқталады.

"Ақмола аумағындағы жұмыстарды "КазГерСтрой", "Казахдорстрой", "АБК-АвтодорНС", "КАЗПАКО" және "Uniserv" мердігер ұйымдары орындады. Төрт жолақты, І техникалық санаттағы жолда сағатына 140 шақырымдық жылдамдықпен жүруге рұқсат етілген. Жаңа жол Ерейментау қаласына соқпайтындықтан, бұрынғымен салыстырғанда 5 шақырымға қысқарды. Ақмола аумағындағы жұмыстар қараша айында толық тәмамдалады", – дейді Талғат Смағұлов.

Филиал директорының сөзінше, Астана-Павлодар бағытындағы құрылыс жұмыстары толық аяқталған соң ақылы болады. Тіпті, ақы төлеу қызметі келер жылы тестік режимде жұмыс істеуі де мүмкін. Қазірдің өзінде Астананың кіреберісінде ақы төлеу қондырғылары орнатылатын нысанның құрылысы жүріп жатыр.

"Бүгінде бір-екі учаскеде кемшіліктер анықталды. Оның бәрі реттеледі. Жалпы, мердігер компания жол пайдалануға берілгеннен кейін бес жылға кепілдік береді. Жоспарға сәйкес, салынған жолдар 30 жыл бойы халыққа қалтқысыз қызмет етуі керек. Құрылысқа отандық материалдар пайдаланылуда. Құрылысқа қажетті құрылғылар ғана шет елден әкелінген", – дейді Ақмола аумағында жол құрылысымен айналысып жатқан компаниялардың бірі – "АБК-Автодор НС" ЖШС-ның өкілі Ерлан Жаңабаев.

Астана-Павлодар жолының Павлодар аумағындағы жұмыстары 2019 жылдың соңында толық аяқталады. Жалпы, мұндағы құрылыстың кестеден кешіктірілуіне ирандық компанияның кінәлі екенін көпшілік жақсы біледі. "ДенаРахсазКонстракшн" компаниясы Павлодар аумағындағы ұзындығы 115 шақырым болатын үш жол учаскесіне жауапты болған еді. Алайда компания жүктелген міндеттемені орындай алмады. Сондықтан ирандық компаниямен жасалған келісімшарт бұзылып, қайтадан конкурс ұйымдастырылды. Конкурста "АКМ", "Автодорсервис" және "К-Дорстрой" компаниялары жеңімпаз атанды. Бүгінде олар үш учаскеде құрылыс жұмыстарын жүргізуде.

"Астана-Павлодар жолының Павлодар облысы аумағындағы ұзындығы – 217 шақырым. Оның 191 шақырымында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Былтыр 1 учаскедегі жұмыстар аяқталды. Биыл 30 шақырым жол пайдалануға беріледі. Ал 161 шақырым жолдың құрылысы келер жылы да жалғасады. Павлодардан Семейге дейінгі жолға асфальт толықтай төселді. Көліктер жаңа жолмен қатынауда. Десе де, Павлодар-Семей жолы 2019 жылы пайдалануға беріледі", – дейді "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы Павлодар облыстық филиалының директоры Нұралы Тойымбетов.

"ҚазАвтоЖол" компаниясы өкілдері Астана-Павлодар бағытындағы жолдың негізгі жұмыстары аяқталғанын, сондықтан автобан келер жылы толықтай пайдалануға беріледі деп сендіріп отыр. Бәрін уақыт көрсетеді, әрине.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу