Астана процесінің XII раунды сәуір айында өтеді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2128

ИЫҰ исламдық татуластық бастамасын жүзеге асыруға белсене қатысуы керек. 

Астана процесінің XII раунды сәуір айында өтеді

Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) сыртқы істер министрлері кеңесінің 46-отырысында Қазақстанның сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов елорда да өтетін Сирия дағдарысына қатысты Астана процесінің XII раунды сәуір айына жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Сыртқы саясат ведомствасы басшысының сөзінше, Қазақстан араағайындық арқылы халықаралық, аймақтық қауіпсіздікті сақтауға және нығайтуға ықпал етіп қана қоймай, Сирия дағдарысын біржола шешуді көздейді.

"Сирия дағдарысына қатысты Астана процесінің XII раунды сәуір айына жоспарланып отыр", – деп жариялады халықаралық жиында Бейбіт Атамқұлов.

Айта кетейік, Астана процесі Сириядағы қақтығыстың бейбіт шешілуін қамтамасыз етуге арналған 2016 жылғы Женева келіссөзінің жалғасы саналады.

Министрдің мәлімдеуінше, халықаралық жағдайды тұрақтандыру үшін

Палестина мәселесінің әділ шешілуіне атсалысып, Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандыруға үлес қосу қажет. Ал Пәкістан мен Үндістан арасындағы шиеленістің түйінін тарқату жаһандық қауіпсіздікке кепіл болатын халықаралық құқық нормаларына негізделуге  тиіс.

Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, ИЫҰ әлемдегі сын-қатерлерге қарсылық таныту үшін исламдық татуластық бастамасын жүзеге асыруға белсене қатысуы керек.

"Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің алаңы арқылы Қазақстан толеранттылық пен конфессияаралық келісім идеяларын насихаттауға үлес қосып келеді. Осы орайда терроризмнен азат әлемге қол жеткізу тәртібі кодексін қабылдау туралы Қазақстанның бастамасына қосылған ИЫҰ елдеріне алғыс білдіреміз", – деді еліміздің сыртқы істер министрі.

Естеріңізге салайық, Астана процесінің алғашқы раунды 2017 жылдың 23-24 қаңтары аралығыннда өтті. Ол 2016 жылғы 30 желтоқсанда Женевада қол қойылған атысты тоқтату туралы келісімді нығайту үшін ұйымдастырылды. Ресей, Иран, Түркияның қолдауымен Сирия үкіметі мен қарулы оппозиция өкілдері арасында жүргізілген жанама келіссөзге БҰҰ делегация­сы дәнекер ретінде, ал АҚШ делегациясы байқаушы ретінде қатысты.

Бұл келіссөз тарихқа  Сирия үкіметі мен қарулы оппозиция өкілдері бірге қатысқан тұңғыш кездесу ретінде енді. Кездесу нәтижесінде кепілгер мемлекеттер (Түркия, Иран, Ресей) Сириядағы атысты тоқтатуды бақылаудың үшжақты тетігін құруға келісті және  Астана алаңында кездесіп тұруға уағдаласты.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу