"Astana Qazaqstan Team" командасы екі тәжірибелі қазақстандық шабандозбен келісім-шартты ұзартты

971

Дмитрий Груздев пен Артем Захаров Әлемдік турда, Олимпиада ойындарында және әлем чемпионатында ел намысын қорғап жүрген өте тәжіриебелі шабандоздар. Жаңа маусымда олар қазақстандық командаға жаңа биіктерді бағындыруға көмектесетін болады.

"Astana Qazaqstan Team" командасы екі тәжірибелі қазақстандық шабандозбен келісім-шартты ұзартты

Екі қазақстандық шабандоз Дмитрий Груздев пен Артем Захаров "Astana Qazaqstan Team" командасымен келісім-шарттарын тағы екі маусымға (2022 және 2023) ұзартты.

Команда сапына 2012 жылы келіп қосылған Дмитрий Груздев (35 жаста) қазақстандық командадағы 11-ші маусымын бастауға дайындалуда. Дмитрий – сегіз Гранд Тур, 17 монументалды классикалық жарыс және 7 әлем чемпионатына қатысқан пелотондағы ең тәжірибелі қазақстандық шабандоздардың бірі. Сонымен қатар биыл Токиода өткен Олимпиада ойындарында Груздев Қазақстан атынан өнер көрсетті. Дмитрий Груздев жекелей жарыста Қазақстанның үш дүркін және Азияның екі дүркін чемпионы.

"Astana Qazaqstan Team" командасымен жаңа келісім-шарт мені одан әрі жетілдіруге, командалық мақсаттарға жету үшін қолымнан келгенінше барымды салуға, топ басшыларымен иық тіресе жұмыс істеуге және бірге табысқа жетуге ынталандырады. Соңғы екі жыл барлығы үшін өте қиын болды. Бірақ мен жаңа маусымға бәрі қайта қалпына келеді деген үмітпен қараймын. Біркүндік жарыстарда, көпкүндік жарыстарда және Гранд-турларда командаға пайдамды тигізе аламын деп үміттенемін", – деді Дмитрий Груздев.

Таяуда ғана 30 жылдық мерейтойын тойлаған Артем Захаров "Астана" командасына 2017 жылы келіп қосылған болатын. Ол трек дисциплинасы бойынша маман (биыл Захаров Токио Олимпиадасында Қазақстан атынан омниум сайысынан өнер көрсетті). Сонымен қатар Артём солтүстік классикалық жарыстар мен қысқа кезеңдік көпкүндік жарыстарда үлкен тәжірибе жинақтады.

2017 жылғы Қазақстан чемпионы Артем Захаров биылғы маусымда топтық жарыста әріптестері Евгений Федоров пен Евгений Гидичтен кейін қола жүлдені жеңіп алды.

"Өткен маусым пандемияға және Олимпиада ойындарына дайындыққа байланысты өте ауыр болды және титықтатып жіберді. Көптеген шектеулердің нәтижесінде маусым оңайға соқпады. Трек сайысының жаттығуларына, Олимпиадаға және әлем чемпионатына байланысты біз "Астанамен" бірге көп тас жол жарыстарына қатыса алмадық. Бірақ мен келесі жылы тас жолдағы жарыстарға қатысып, командама көмектесіп, біркүндік жарыстарда немесе шағын көпкүндіктерде өзімді көрсеткім келеді. Трек велоспортында көп уақыт өткізгеніме қарамастан, осы бес жыл ішінде Дүниежүзілік турда мен лайықты тәжірибе жинадым және оны қазір пайдаланудың уақыты келді деп ойлаймын", – деді Артем Захаров.

"Дмитрий мен Артем – өте тәжірибелі шабандоздар. Олар біздің командаға Евгений Федоров, Глеб Брусенский және біздің жаңа кәсіпқой шабандоз Нұрберген Нұрлыхасым сияқты қазақстандық спортшылардың жаңа буынымен құнды тәжірибе алмасу үшін қажет. Жасына қарамастан, Груздев шабандоз ретінде дамуын жалғастыруда және соңғы екі маусымда, әсіресе "Вуэльта 2020" және "Тур 2021" жарыстарында ол өзін команданың құнды ойыншысы ретінде көрсетті. Захаров "классикалық" жарыстарда да, көпкүндік жарыстарда да көшбасшыларға көмектесуге дайын мықты және өз ісіне адал шабандоз. Жаңа маусымда екі шабандоз да ең маңызды командалық мақсаттарға жету үшін аянбай тер төгеді деп үміттенемін"– деді "Astana Qazaqstan Team" командасының бас менеджері Александр Винокуров.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу