"Астана" Ресейдің азулы клубын тізе бүктірді

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2777

Қазақстан чемпионы Қазан қаласында "УНИКС" баскетболшыларын 98:95 есебімен жеңді.

"Астана" Ресейдің азулы клубын тізе бүктірді

Сөз жоқ, "УНИКС" – өте азулы команда. Биыл Мәскеудің ЦСКА-сымен тайталасқан команда, ВТБ Бірыңғай лигасы чемпионатында бірінші орынға таласып жүр. Әзірше екінші орынды иеленіп тұр. Еурокубок додасында да жанкүйерлерін жерге қаратып жүрген жоқ. Құрамындағы ойыншылары да ылғи ығай мен сығайлар. Бұған қоса сегіз легионері бар.

"Астана" баскетбол клубының ресми сайтындағы деректерге сенсек, Қазақ елі чемпионы бұған дейін Татарстан командасымен 13 рет кездесіп, тек бір-ақ рет жеңіске жеткен екен. Атап айтқанда, 2014/2015 жылдар маусымында, өз алаңында өткен матчта 87:67 есебімен басым түскен. Қалған ойындардың барлығында жеңілістің кермек дәмін татқан.

Биыл 12 қаңтар күні елорда төрінде өткен матчта да "УНИКС" айласын асырып, 4 ұпай айырмасымен сан соқтырып кеткен болатын (79:83). "Астана" осы жеңілістерінің бәрінің қарымын кеше түнде қайтарды. Татарстан клубын өз жанкүйерлерінің көз алдында 98:95 есебімен тізе бүктірді.

Шектен тыс тартысты өткен матчта "Астана" баскетболшылары жанкештілік танытты. Тактикалық тұрғыда сауатты ойын үлгісін көрсетті. Эмиль Райкович өзінің білікті бапкер екенін іс жүзінде дәлелдеп, қазақ елі командасының абыройын асқақтатты. "УНИКС" клубының осал тұсын тауып, айласын асырды.

Матч тағдыры соңғы минуттарда шешілді. Дәл осы шешуші сәтте "Астана" баскетболшылары қайсарлықтың үлгісін паш етті. Өз мүмкіндіктерін мүлт жіберген жоқ, Майкл Дженкинс, Энтони Клеммонс, Джей Джей О’Брайен, Кеннет Хортон, Стивен Холт, Джеффри Гроссел секілді жігіттер сенім үдесінен шықты.

Матчтан соң "Астана" клубының бас бапкері Эмиль Райкович өз жігіттеріне риза екенін, тіпті оларды мақтан тұтатынын айтты. Әсіресе тактикалық тапсырмаларын жүзеге асырып, құрған жоспарларын бұлжытпай орындағандарына қуанышты екеніне тоқталды. Астанадағы ойыннан сабақ алып, қорытынды шығарғандарын да жасырмады.

Қазір "Астана" ВТБ Бірыңғай лигасы кестесінде 5-орында тұр. Елорда клубы 18 ойынның 12-сінде жеңіске жетіп, алты ойында ұтылып қалды. Наурыз айының соңына дейін енді сегіз ойын өткізеді. Осы қарқынынан таймаса, плей-оффқа шығуы керек. Әрі ЦСКА секілді азуын айға білеген ұжымға тап болмауы керек.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу