"Астана" Самуэле Баттистелламен келісімшарт мерзімін ұзартты

1204

Astana Qazaqstan Team сапында екі маусым өнер көрсеткен италиялық велошабандоз тағы екі маусымға командамен келісімшарт мерзімін ұзартты.

"Астана" Самуэле Баттистелламен келісімшарт мерзімін ұзартты Фото: astanaproteam.kz

Өткен маусымда (2021) Самуэле "Астана" жейдесінде өткізген алғашқы жарысы - италиялық бір күндік "Veneto Classic" велододасында жеңіске жетті.

Сонымен қатар "Норвегияның Арктикалық жарысында" жалпы есепте төртінші нәтиже көрсетті.

"Бұл мен үшін және менің мансабым үшін де ең жақсы таңдау екеніне сенімдімін. Astana Qazaqstan Team командасында екі жыл өнер көрсеттім. Өзімді осында жақсы сезінемін. Өйткені бұл команданың атмосферасы өте керемет. Сондықтан тағы екі маусымға жаңа келісім-шарт жасағаныма өте қуаныштымын. Мен мұнда алғашқы екі жылда көп тәжірибе жинақтадым. Дегенмен Astana Qazaqstan Team командасының кәсіпқой шабандоздарымен бірге тәжірибемді әлі де жетілдіре алатыныма, көп нәрсеге қол жеткізе алатыныма сенімдімін", – деді Самуэле Баттистелла.

Баттистелла 2022 жылы веложарыс барысында құлап, жарақат алғанына қарамастан, бірқатар маңызды нәтижелерге қол жеткізді. Ол "Испания Вуэльтасының" кезеңдерінің бірінде 2-орынға, "Венгрия турының" жалпы есебінде 3-орынға ие болды.

Сонымен бірге "Прованс туры" мен "Польша турының" жалпы классификациясында 7-нәтиже көрсетті.

"Самуэле ауруға және сәтсіздіктерге байланысты маусымды сәтті өткізді деп айта алмаймын. Әсіресе "Тур де Франсты" еске алсақ, ол жарыс басталар алдында COVID-ке байланысты демалысқа шығуға мәжбүр болды. Бірақ, біз Самуэленің талантты және алдына мақсат қоя білетін шабандоз ретінде білеміз. Ол 2021 жылы "Астанамен" жарыстардың бірінде жеңіске жетті. Биылғы маусымда "Испания Вуэльтасы" сияқты додаларда бірнеше рет жеңіске біртабан жақын болды. Сондықтан оның біздің тағы екі жыл қалғанына қуаныштымын және командамен бірге тамаша нәтижеге қол жеткізе алады деп ойлаймын", – деді Astana Qazaqstan Team командасының бас менеджері Александр Винокуров.

Айта кетейік, елордалық велоұжым таяуда тағы бір шабандозбен толыққан болатын. Тәжірибелі испаниялық шабандоз Луис Леон Санчес Astana Qazaqstan Team сапына қайта оралды. Басқа жобада өткізген маусымнан кейін Санчес қазақстандық командамен жаңа бір жылдық келісім-шартқа (2023 жылға) қол қойды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу