"Астана" үш ұпай еншіледі

1020

Елордалық клуб турнирде көшбасшылығын сақтап қалды.

"Астана" үш ұпай еншіледі

Қазақстан чемпионатының 22-турында "Астана" командасы "Таразды" еш қиындықсыз жеңді. "Астана Аренада" өткен кездесу 3:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді.

Ойынның небәрі 2-минутында Марин Томасов айып алаңның сыртынан жерлете соққы жасап, есеп ашты. Ал 7-минутта Тигран Барсегян Валерий Чуаерканың пасынан кейін командасының басымдығын арттырды. 21-минутта Марин Томасов үшінші голды салып матчтың нүктесін қойды. Бұл жолы нәтижелі пасты Макс Эбонг өз атына жазды. Кезекті рет жеңіс тойын тойлаған Андрей Тихонов шәкірттері 50 ұпаймен алғашқы орында тұр. 25 ұпайы бар жамбылдық клуб он бірінші орыннан тапжылмады.

Қазақстан чемпионатының 22-турында "Ақжайық" пен "Қайсар" тең ойнады. Оралдағы Петр Атоян атындағы стадионда өткен кездесу 1:1 есебімен аяқталды. Ойындағы алғашқы гол 65-минутта соғылды. Бұл жолы "Ақжайық" шабуылшысы Евгений Козлов мергендігімен көзге түсті. Жауапты голды "Қайсар" шабуылшысы Каролис Лаукжемис соқты.

Оралдық клуб бұл ойыннан кейін 30 ұпаймен алтыншы орынын сақтап қалды. Ал Владимир Никитенко шәкірттері 16 ұпаймен он үшінші орында тұр.

"Атырау" Қазақстан Прембер-лигасының 22-турында "Тобылды" қабылдады. Матч Атыраудағы "Мұнайшы" стадионында өтіп, 0:1 есебімен қостанайлық клубтың пайдасына аяқталды.

Ойындағы жалғыз әрі жеңісті гол 18-минутта соғылды. "ТОбылдың" македониялық қорғаушысы Алекса Амановичтің айып алаңының сыртынан жасаған жойқын соққысы қақпа торынан табылды.

Жеңіске жеткен қостанайлық ұжым 49-ұпаймен екінші орынға тұрақтады. "Атырау" 26 ұпаймен оныншы орында қалды.

"Ордабасы" Қазақстан Премьер-лигасының 22-турында "Каспиймен" күш сынасты. Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өткен кездесу 1:1 есебімен аяқталды.Матчтың 28-минутында алаң иелері алға шықты. Сағадат Тұрсынбайдың пасынан кейін Дмитрий Хлёбас айып алаңның сыртынан соққы жасап көрген еді, доп қарсыластың аяғына тиіп, голға айналды. Бұл украиналық шабуылшының "Ордабасы" сапындағы дебюттік голы. Ақтаулық клуб көп ұзамай таразы басын теңестірді. 32-минутта Аслан Дарабаев қақпаны дәл көздеп, командасына бір ұпай тарту етті.

Қатарынан екінші матчта тең ойнаған шымкенттік клуб 32 ұпаймен бесінші орынға табан тіреді. 28 ұпайы бар "Каспий" екі саты төменде тұр.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу