"Майорка Челленджі" көпкүндігінің соңғы жарысы - "Трофео Пальма" жаппай спринтпен аяқталды. XDS Astana Team командасының велошабандозы Макс Кантер мәреге дейін 250 метр қалғанда спринтті бастап, жарысты екінші орынмен тәмамдады.
Жарыстан кейін Макс Кантер командаластарына алғысын білдірді.
Жарыс бойы қолдау көрсеткендері үшін командаға үлкен рақмет айтқым келеді. Бүгінгі күнге нақты жоспарымыз болды және жалпы алғанда, бәрі ойдағыдай өрбіді. Алайда жарақатына байланысты Глеб Сырица жарыс жолынан шығып қалды. Финалдық сәтте оның жетіспегені анық сезілді. Дегенмен, екінші орын - жаман көрсеткіш емес. Майоркадағы бұл серияны жақсы көңіл күймен аяқтадық. Алда оқу-жаттығу жиыны, - деді Макс Кантер.
Айта кетейік, "Майорка Челленджі" аясындағы бес жарыстың қорытындысы бойынша XDS Astana Team командасының еншісінде екі жүлделі орын бар. Атап айтқанда, Макс Кантер "Трофео Пальмада" екінші орын алса, Кристиан Скарони "Трофео Серра Трамунтанада" қола жүлдеге қол жеткізді. Сонымен қатар команда тағы екі рет үздік ондыққа енді. Скарони "Трофео Андрайч - Польенса" жарысында бесінші орын алса, "Трофео Сес Салинес" командалық жарысында XDS Astana Team оныншы нәтиже тіркеді.