XDS Astana Team командасының велошабандозы Харольд Техада "Париж-Ницца" көпкүндік жарысының алтыншы кезеңінде жеңіске қол жеткізді.
Техада соңғы асудың шыңына аз қалғанда шабуыл жасап, басымдыққа ие болды. Сол басымдығын сақтап, мәреге жалғыз келді. Нәтижесінде қарсыластарынан алты секунд бұрын мәре сызығын кесіп өтіп, Әлемдік Тур деңгейінде мансабындағы алғашқы жеңісін тіркеді.
Жарыстан кейін Харольд Техада пікір білдірді:
- Мен бұл жетістікті ұзақ күттім. Ақыры Еуропада, Әлемдік Тур деңгейінде жеңіске жеттім. Бұл – менің мансабымдағы ең маңызды жеңіс. Біз командамен мұнда жалпы есепте жүлделі орын үшін күресуге келдік. Бірақ жаңбыр мен жел болған кезең біз үшін өте қиынға соқты. Соған қарамастан менде үздік ондыққа енуге әлі де мүмкіндік бар. Өткен жылғы "Испания Вуэльтасы", әлем чемпионаты және осы маусым басындағы "БАӘ туры" жарысы маған үлкен мотивация берді. Бүгін соның нәтижесін көрдік. Әлемдік турдағы жарыстарда бәсекелестік өте жоғары. Сондықтан жеңіске жету оңай емес. Бірақ, командамен бірге көп жұмыс істедік. Бұл жеңіс сол еңбектің жемісі" – деді спортшы.
Қазіргі уақытта "Париж-Ницца" жарысының жалпы классификациясында Харольд Техада көпкүндіктің аяқталуына екі кезең қалғанда 10-орында тұр.
Алда жарыстың тағы екі қиын кезеңі бар.