Астанада 3 мыңға жуық жас Халықаралық жастар күнін атап өтті

234

Астанада Халықаралық жастар күніне орай арнайы мерекелік іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Астанада 3 мыңға жуық жас Халықаралық жастар күнін атап өтті Фото: gov.kz

Елордаға еліміздің әр өңірінен 3 мыңға жуық белсенді жас жиналды. Мерекелік жиынға волонтерлер, ғалымдар, кәсіпкерлер, жастар ұйымдарының мүшелері, жастар ресурстық орталықтарының өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, қоғам белсенділері, өнер және спорт саласының өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға арналған құттықтауы жеткізілді. Мемлекет басшысының үндеуін Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді.

Президент өз құттықтауында жастарды ел дамуының негізгі қозғаушы күші ретінде атап өтіп, олардың білім, ғылым, спорт және басқа да салалардағы жетістіктеріне тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, қазақстандық жастар халықаралық додаларда ел намысын абыроймен қорғап, көк байрағымызды әлемдік аренада танытып жүр. Құттықтауда жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала беретіні айтылды. Бүгінде еліміздің өңірлерінде білім беру, спорт және жастардың дамуына арналған жаңа нысандар бой көтеріп, дарынды жастарға түрлі мүмкіндіктер ұсынылуда.

Сондай-ақ Президент "Тәуелсіздік ұрпақтары" грантының жастарға көрсетілетін қолдаудың нақты үлгісі екенін атап өтті. Бұл жоба білімді, еңбекқор, жаңашыл әрі отаншыл жастарды ынталандыруға бағытталған. Мемлекет басшысы жаңа Конституцияда адам капиталын дамытуға, білім мен ғылымға, инновацияға ерекше мән берілгенін атап өтті.

Сонымен бірге волонтерлік қызметті мемлекеттік деңгейде қолдау мәселесі де негізгі бағыттардың бірі ретінде белгіленген. Қазақстанда цифрландыру үдерісі қарқын алып, жасанды интеллект технологияларын түрлі салаларға енгізу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл ретте жастардың жаңа идеялар мен заманауи бастамаларды жүзеге асырудағы рөлі ерекше екені айтылды.

"Жаңашылдыққа ұмтылған, игі бастамалардың бел ортасында жүрген жалынды жастар кез келген белесті бағындыра алады. Мен бұған кәміл сенемін", – деді Президент.

Салтанатты жиын барысында "Тәуелсіздік ұрпақтары" гранты байқауының жеңімпаздары да марапатталды. Шара соңында қонақтар мен жастарға арналған мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу