19 қыркүйекте Астананың Орталық саябағында "Туризм – баршаға ортақ" бұқаралық жүгіру шарасы өтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шара Kazakhstan Travel Forum 2026 халықаралық форумының бағдарламасына енгізілген.
Жарысқа кәсіби спортшылармен қатар арнайы дайындығы жоқ әуесқойларды қоса алғанда, 700-ге жуық адам қатысады деп күтілуде. Қатысушылар 5 шақырым қашықтықты елорданың оң жағалауындағы тарихи-сәулет ескерткіштері, саябақтар мен көрікті орындар арқылы өтетін бағытпен жүгіріп өтеді.
Тіркелген қатысушыларға бастапқы жинақ ретінде жеке нөмір, фирмалық су бөтелкесі және "Туристік Қамқор" мерейтойлық естелік медалі беріледі.
Сондай-ақ форум серіктестері белсенді демалыс әуесқойлары арасында бағалы сыйлықтар ұтысын өткізеді. Жүлделер қатарында Вьетнамға жолдама, Ыстамбұлға әуе билеттері және Rixos Borovoe қонақүйінде демалу мүмкіндігі бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұқаралық жүгіру Қазақстандағы белсенді және оқиғалы туризмді насихаттауға бағытталған.
Қатысуға тіркелу форумның ресми сайтында жүргізіледі. Орын саны шектеулі.