29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астана қаласында "Болашақ ойындары – 2026" халықаралық турнирі өтті. 12 күнге созылған жарысқа 50-ден астам елден 800-ден астам қатысушы жиналып, турнир трансляцияларын әлем бойынша 453 миллионнан астам көрермен тамашалады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, жарысқа елорданың төрт спорт нысанында сегіз дисциплина бойынша өнер көрсеткен 108 команда қатысты.
Турнирдің жалпы жүлде қоры 4,65 млн долларды құрап, командалардың өнерін трибуналардан 29 мыңға жуық көрермен тамашалады.
"Турнир халықаралық деңгейде кеңінен қамтылып, 289 арна, оның ішінде 56 медиа серіктес пен 229 стример арқылы 150-ден астам ел мен аумақта 20 тілде таратылды. Ал жарыстың ықтималмалды жиынтығы медиа қамту аудиториясы бойынша 7,68 млрд адамға жетті. Қазақстандық командалар турнирдің барлық сегіз дисциплинасы бойынша бақ сынады. Отандық спортшылар үшін жарыстың басты жетістігі – Team KZ командасының Phygital Shooter (CS2) дисциплинасы бойынша чемпион атануы болды", – делінген хабарламада.
"Болашақ ойындарын" өткізу Қазақстанда фиджитал-спортты дамытудағы маңызды қадамдардың біріне айналды. Бұл формат – жарыстың виртуалды кезеңінен кейін спортшылар нақты спорт алаңында бәсекеге түсу арқылы цифрлық технологиялар мен физикалық белсенділікті үйлестірді.
Осылайша, фиджитал-спорт жас ұрпақтың заманауи қызығушылықтарына жауап бере отырып, цифрлық технологиялар мен дәстүрлі спортты біріктіру арқылы жастарды белсенді өмір салтына және тұрақты спортпен шұғылдануға ынталандырады.
"Келесі жылы Қазақстан киберспорттан әлем чемпионатын өткізіп, цифрлық спорт саласындағы тағы бір ірі халықаралық жарыс алаңына айналады. Мұндай ауқымды турнирлерді өткізу отандық спортшылар мен киберспортшылардың кәсіби деңгейін арттыруға, халықаралық тәжірибе мен озық технологияларды тартуға, сондай-ақ дене шынықтыру, цифрлық дағдылар мен заманауи технологиялар өзара үйлесетін жаңа спорттық экожүйені қалыптастыруға мүмкіндік береді", – деп хабарлады ведомство.