Астанада Халықаралық Олимпиада күніне орай триатлон және жүзу жарыстары өтті

155

Жарысқа 300-ден астам әуесқой және жас спортшы қатысты.  

Астанада Халықаралық Олимпиада күніне орай триатлон және жүзу жарыстары өтті Фото: Prosports.kz

Астанада Халықаралық Олимпиада күніне орай триатлон және жүзу спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, оған 300-ден астам адам қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жарысқа әртүрлі жастағы әуесқой спортшылармен қатар, өз мүмкіндіктерін сынап көруге және Олимпиада қозғалысының бір бөлігі болуға ұмтылған жас спортшылар да қатысты.

Триатлоннан әуесқойлар арасындағы жарыс Азия кубогы кезеңі аясында өтті. Сайысқа әртүрлі жас санатындағы 54 қатысушы және үш эстафеталық команда қатысты. Бұл жарыс қатысушыларға ірі халықаралық дода атмосферасын сезінуге мүмкіндік берді.

Ал iSwim жүзу академиясы "Оазис" ашық бассейнінде балалар арасындағы жүзу жарысын өткізді. Академияның 250-ден астам тәрбиеленушісі 25 метр қашықтықты еркін стильде жүзіп өтті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді шорт-тректен әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, төрт Олимпиада ойындарының қатысушысы Денис Никиша марапаттады.

"Олимпиада қозғалысы – спорттағы алғашқы қадамын жасауға батылы жеткен әр адам туралы оқиға. Мұның қай жаста болғаны немесе қандай мақсат қойғаныңыз маңызды емес. Барлығының мүмкіндігі бірдей. Ешқандай шекара жоқ. Себебі ең үлкен жеңіс – өзіңді, мақсатыңа жету жолындағы қиындықтарды және қорқынышыңды жеңу. Ал кез келген жарыста стартқа шыққан сәтте сіз әлдеқашан жеңімпазсыз.

Баршаңызды осы спорт пен жігер мерекесімен құттықтаймын! Әрқайсыңыз алға қойған мақсаттарыңызға жете беріңіздер", – деді танымал спортшы.

Айта кетейік, Халықаралық Олимпиада күні жыл сайын 23 маусымда атап өтіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу