Астанада қонақүй көп, қонақ жоқ

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3643

"ЭКСПО-2017"  көрмесінің "пафосымен" қарқын алған сала нарықтың шындығымен бетпе-бет келді.

Астанада қонақүй көп, қонақ жоқ

Биылғы жылдың алғашқы үш айының қорытындысы бойынша, Қазақстанда шамамен 73 мыңдай кәсіпорын белгілі бір себептермен жұмыс істемей тұрған. Дегенмен соңғы 6 айдағы көрсеткіш "еріншек" кәсіпорындар санының азайғанын көрсетті. 2017 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстандағы белсенді және жаңа кәсіпорындар саны 11 мыңға ұлғайған. Сала бойынша тоқталатын болсақ, соңғы бір жылда (2016 наурызы мен 2017 жылдың наурызы аралығы) қонақүй және тамақтану саласындағы кәсіпорындардың белсенділігі бәсеңдеген. Осы уақыт аралығында белсенді бизнес субъектілері 8,4%-ға азайған.

Қонақүй мен тамақтану саласындағы кәсіпкерлердің неге жұмыс істемей қойғанын мамандар әр түрлі түсіндіреді. Бірі осы саладағы мемлекеттік реттеудің әлсіздігін алға тартса, екіншілері кәсіпкерлер салық төлеуден жалтару үшін атқарып отырған жұмыстарының нәтижесін жарияламайды дегенді айтады. Сарапшылардың енді бір тобы "бұл салада бәсекенің бәсі мықты", – дейді. Олардың ойынша, ЭКСПО қарсаңында салаға құйылған инвестиция қонақүйлердің көбеюіне, ал тұтынушылар санының өзгеріссіз қалуына түрткі болып отыр. ЭКСПО-ның "пафосымен" қарқын алған сала нарықтағы шындықпен бетпе-бет келгенде қайта сабасына түскен. Қонақүйдің көп, қонақтың жоқ болуының ең басты себебі осы.

Ауылдан кәсіпкер шықпай ма?

Ауыл шаруашылығы саласында кәсіпкер ретінде тіркелгенмен, іс жүзінде жұмыс істемей жатқан жандар көп көрінеді. Жоғарыда аталған кезеңде бұл салада "жалқау" кәсіпкерлер саны 31%-ға (597 компания) көбейген.

Ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлердің белсенділігінің төмендігін осы саладағы мемлекеттік қаржыландырумен байланыстыруға болады. Үкіметтің ауыл тұрғындарына арналған шағын несиелендіру бағдарламасының арқасында  жеке кәсіпкер ретінде демеуқаржы алып, оны мақсатсыз жұмсаған адамдар аз емес екен. Осы орайда бизнесті қолдау үшін берілген қаражатты халықтың мемлекеттің әлеуметтік төлемі секілді пайдалануы дұрыс емес екенін айта кету керек. Себебі мұның нәтижесі нарықта "өлі" компаниялардың көбеюіне әкеледі.

Экономикаға тікелей теріс әсер етпегенімен, мемлекеттің есебінде бұл компаниялар ел бюджетіне үлес қосушы ретінде тіркелгенін ескеру керек.

Әрине  бұл мәселенің бір жағы ғана. Сарапшылар әлгі келеңсіздіктің бір себебі ретінде шағын несиенің тым "шағындығын" алға тартады.  3 млн теңгеге дейін мал шаруашылығы мен жылыжай құрылысына берілетін қаражат  қарапайым шаруаны ірі кәсіпкер ете алмайды. Осыны ескерген үкімет 2017-2021 жылдарға арналған Ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламасында шағын несиенің көлемін ұлғайту мәселесін көтерген еді.

Дегенмен қонақүй мен тамақтану және ауыл шаруашылығы саласын былай қоятын болсақ, жалпы көрсеткіште елдегі бизнестің белсенділігі артып келе жатыр деуге болады. Бизнестің қай түрінде де "тірілу" байқалады. 2016 жылдың қазаны мен 2017 жылдың наурызы аралығында шағын сектордағы жұмыс істемей тұрған кәсіпорындар саны 1,8 мыңға азайса, орта бизнестегі "жалқау" кәсіпорындар 115 - ке азайған. Ал ірі компаниялар ішіндегі пайдасыз кәсіпорындар саны 17-ге кеміген.  

Мемлекет дұрыс қолдамай отыр

Елдің экономикалық өсімі мен бизнес белсенділігін арттыру мақсатында Қазақстанның үшінші жаңғыруының басым бағыттарының бірі жаппай кәсіпкерлікті арттырумен қатар, оның өнімділігін ұлғайтып, бизнеске кедергі келтіріп отырған келеңсіздіктерін жою. Соның ішінде энергия құнын арзандату, көлік пен тасымал шығынын азайту.

Айта кетейік, күні кеше мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мемлекеттің бизнесті қолдау шараларын жетілдіру қажеттігін айтты.  

"Әрине  мемлекеттік қолдау отандық өнім шығаратын кәсіпорындардың дамуына ықпал етеді. Осы бағытта бірқатар оң  қадам  жасалды. Бұл жағдай жергілікті қамту үлесін арттырды. Бірақ осындай қолдаудың арқасында тек жайлы жағдайда өмір сүретін бизнес пайда болды. Мемлекеттік сатып алумен, мемлекеттік мердігерлік арқылы ғана жұмыс жасайды. Сәйкесінше, нәпақасынан айырылған кезде бәсекеге мүлдем қабілетсіз болып шығады", – деді Нұрлан Нығматуллин билік партиясы фракциясының отырысында.

Мәжіліс төрағасы Қазақстан Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіргенін және қазақстандық тауарларды саудалау отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігіне тәуелді болатынын еске салды. Сондықтан бизнесті тікелей қолдағаннан гөрі, кәсіпкерліктің одан әрі дамуына жағдай жасаған жөн. Ол үшін мемлекет пен бизнестің серіктестігін жетілдіріп, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру қажет.

Нұрлан Нығматуллиннің айтуынша, мемлекеттік реттеу кейде жағымсыз жағдайға алып келеді.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу