Астанада мыңға жуық бала бұқаралық жүгіру жарысына қатысты

117

"KIDS RUN" жарысында 6-15 жас аралығындағы балалар 300 метрден 1 шақырымға дейінгі қашықтықта бақ сынады.  

Астанада мыңға жуық бала бұқаралық жүгіру жарысына қатысты Фото: Astana news

Астанада жаңа оқу жылы қарсаңында 6-15 жас аралығындағы мыңға жуық бала қатысқан "KIDS RUN – Білімге бастар қадам" бұқаралық жүгіру жарысы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Орталық саябақтағы шаңғы-роллер трассасында ұйымдастырылған жарыста балалар жас ерекшеліктеріне қарай 300 метр, 500 метр және 1 шақырым қашықтыққа жүгірді. Олардың арасында кәсіби спортпен айналысатындармен қатар, мұндай жарысқа алғаш рет қатысқан балалар да болды.

Ұйымдастырушылар жарыстың басты мақсаты тек жеңімпаздарды анықтау емес, балалардың спортқа қызығушылығын арттырып, белсенді өмір салтына тарту екенін атап өтті. Осыған байланысты жарысқа қатысқан әр балаға арнайы медаль табысталды.

Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербайдың айтуынша, "KIDS RUN" жыл сайын өтетін дәстүрлі жобалардың біріне айналып келеді.

"Бұл іс-шара жыл сайын өткізіліп келеді. Биыл жаз айларында – маусым, шілде, тамыз айларында балаларға арналған осындай жүгірістер ұйымдастырылды. Алдағы уақытта жобаны жылдың барлық 12 айында өткізуді жоспарлап отырмыз. Қыс мезгіліне де лайықтап, өз форматын қалыптастыруды ойластырып жатырмыз", – деді Ержігіт Өсербай.

Оның сөзінше, жарыстың ерекшелігі – оған тек кәсіби спортшылар емес, спортпен тұрақты айналыспайтын балалардың да қатысуы.

"Бұл жерде тек спортшы балалар емес, спортпен кәсіби түрде айналыспайтын балалар да жүгірді. Басты мақсатымыз – олардың көңіліне серпіліс беру, спортқа деген қызығушылығын арттыру. Баланың осындай ортаға келіп, қатарластарымен бірге жүгіріп, өз мүмкіндігін сынап көруінің өзі маңызды", – деді ол.

Жарысқа алғаш рет қатысқан 8 жасар Ербол Қасым да өз әсерімен бөлісті. Оның айтуынша, бастапқыда шаршап қаламын деп қобалжығанымен, жарыс оған ұнаған.

Алдағы уақытта ұйымдастырушылар "KIDS RUN" жобасын жылдың барлық мезгілінде өткізіп, балалардың бұқаралық спортқа тұрақты қатысуына мүмкіндік жасауды жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу