Астанада өзекті мәселелер аз емес – Жеңіс Қасымбек

1337

Оның елорда тізгінін ұстағанына 4 ай болды.

Астанада өзекті мәселелер аз емес – Жеңіс Қасымбек Фото: Елорда әкімдігі

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Atameken Business телеарнасына эксклюзивті сұхбат берді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– Жеңіс Махмұтұлы, сіздің Астана қаласының әкімі болғаныңызға 4 айға жуықтады. Осыған дейін Қарағанды облысын басқарғаныңыз белгілі. Осы тұста заңды сұрақ туындап отыр. Тұтас облысты басқару оңай ма, әлде бас шаһарға жетекшілік ету ме?

– Жалпы әр өңірдің өзіндік ерекшелігі бар. Мысалы, Қарағанды облысын алатын болсақ, ол үлкен индустриалды аймақ. Оның ерекшелігі – облыс тұрғындарының 80 пайызының қалаларда тұруында. Сонымен қатар бұл өңірде моноқалалар көп. Олар зауыт, фабрика, кен орындарының маңында шоғырланған. Аймақтың инфрақұрылымы ескі, кезінде 50-60 жыл бұрын салынған. Осындай мәселелер бар. Астанаға келсек, бұл жаңа қала. Биыл елорданың 25 жылдығы тойланады. Қала тұрғындарының саны жыл санап артып отыр. Қазір Астанада ресми түрде 1 млн 350 мың адам тұрады. Бұдан бөлек жергілікті миграция да бар, құрылыс мерзімінде қалада тұратын азаматтар саны көбейеді. Жалпы 1,5 млн-ға жуықтап қалдық.

– Артылар жауапкершіліктің, қойылатын талаптың жоғары екенін өзіңіз де білесіз. Мемлекет басшысы елдің дамуында Астананың алатын орны ерекше деп үнемі айтып отырады. Қала тізгінін ұстаған 4 ай ішінде қандай өзекті мәселелерді атап көрсетер едіңіз?

– Мәселелер аз емес. Ең өзекті мәселенің бірі – коммуналдық мекемелердің жұмысы. Жылу, су, кәріз мәселесі бар. Соңғы екі аптаның ішінде су мәселесі көп талқыланды. Қала тұрғындары бұл мәселені көтеріп жатыр. Оның үстіне әлеуметтік инфрақұрылым мәселесі де бар. Жыл сайын қалада 30 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Балабақша тапшылығы да бар. Бүгінгі таңда 50 мыңдай бала кезекте тұр. Бұдан басқа мектеп, аурухана, емхана мәселелері де бар.

– Осы проблемаларға жеке-жеке тоқталып өтсек. Жылу, су мәселесі қалай реттелуде?

– Астана бойынша былтыр 3 млн шаршы метрдей тұрғын үй қосылды. Ол қосымша жылу талап етеді. Бұл мәселе бойынша үлкен жұмыстар басталып кетті. Биыл 2 газ жылу стансасы іске қосылып, өз жұмысын бастайды. Бұл 2 станция 600 гкал/сағ. жылу береді. Ол жұмыстарды тамыз айында бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. ЖЭО-3-тің бірінші кезеңі биыл бітеді. Мұнда 5 қазандық қосымша 400 гкал/сағ. жылу береді. Екі газ жылу стансасы мен  ЖЭО-3 беретін жылу 3-4 жылға жеткілікті болады.

Су тапшылығы мәселесіне ойыссақ. Бүгінгі таңда бұл проблема жиі көтеріліп жүр. Биыл жаңа сорғы-сүзгі стансасының құрылысы аяқталады. Ол күніне қосымша 100 мың текше метр су беретін болады. Қазіргі тапшылық 25 мың текше метрді құрайды. Ол дефицитті жауып, қосымша 80-75 мың кубометр суды берейін деп жатыр. Бұл да осы жылдың, келесі жылдың құрылысын толығымен қамтитын болады. Бірақ болашаққа қосымша осы үлкен нысандардың құрылысын биыл бастауымыз қажет.

– Су мәселесі бойынша нақты бір жоспар бар ма?

– Су мәселесі бойынша жоғарыда аталған үлкен нысанның құрылыс жұмыстары жазда аяқталады. Тамыз айына дейін суды толығымен береміз. Түнгі уақытта ешқандай шектеу болмайды. Су толық қысыммен берілетін болады.

– Кейбір мамандар елордада тұрғын үйлердің құрылысын азайту керек деп айтады. Осыған не дейсіз? Мораторий енгізу жоспарда бар ма?

– Ондай жоспарда жоқ. Қазіргі таңда құрылыс басталған нысандар аумағы 11 млн шаршы метрді құрайды. Биылғы жоспар бойынша 3,5 млн шаршы метрдей беріледі. Келесі жылы да солай. Әрі қарай миграцияға байланысты болмақ. Қалада халық саны өссе, онда құрылыс жалғасады. Біз ешқандай шектеу қоймаймыз.

– Азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында қандай шаралар, жобалар қолға алынды?

– Астанаға өзге өңірлерден қоныс аударатын азаматтар осында тұрақты жұмыс орнын табамын, балаларым жақсы мектепке барады, одан әрі қарай жоғары оқу орындарына түседі деп келеді. Әкімшілік осы бағытқа ден қойып отыр. Ең басты мақсатымыз – жыл сайын 40 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын ашу. Онымен қоса мектептерді ашу да бар. Мысалы, қазір әкімдік 14 мектептің құрылысын жүргізіп жатыр. Оның ішінде 11-ін биыл бітіріп, пайдалануға береміз. Қосымша басқа да жеке меншік мектептер де салынуда. Мемлекет басшысы "Жайлы мектеп" бағдарламасын жариялағаны белгілі. Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен биыл елордада 24 мектептің құрылысы басталады. Осылайша, біз алдағы 2-3 жыл ішінде қалада 40 мектеп саламыз. Бұл 100 мың оқушы орнын береді. Қазір бірінші сыныпқа 25-26 мың бала келеді. Мектепті 7-8 мың бала бітіреді. Жыл сайын мектепке баратын балалар саны өсіп жатыр. Жоқ дегенде 10 мектеп салуға тиіспіз.

– Оған қауқарымыз жете ме?

– Жетеді. Ең бастысы мектептер салынып жатыр. 3-4 жыл ішінде ол жерлерде сабақ беретін мамандарды дайындау қажет. Бұл жұмыс алдын ала басталып та кетті. Біздің жоспарымыз бойынша 2024-2025 жылға дейін Астанада 7 мың мұғалім болады.

– Мектеп тапшылығы мәселесі өзекті екенін айтып өттіңіз. Оның үстіне бірінші сәуірден бастап бірінші сыныпқа құжат қабылдау басталды. Мысалы, Хан шатырдың айналасын алатын болсақ, бір аймақта 3 мектеп қана бар.

– Жоғарыда айтып кеткенімдей, биыл 11 мектептің құрылыс жұмыстарын бітіреміз. Олардың жартысы Есіл ауданында орналасқан. Тұрғындармен кездескен кезде де мектеп мәселесі алғашқы бестікке енеді. "Жайлы мектеп" бағдарламасы бар. Қосымша өздеріміз де салып отырмыз. Биыл 11 мектеп, келесі жылы қосымша 24 мектеп беріледі. Бұл мәселе толығымен келесі жылы шешімін табады.

– Енді елорда экономикасын дамытуға ойыссақ. Инвестиция тарту жағдайы қалай?

– Қаланың инвестициялық ахуалы жаман емес. 2022 жылы қалаға келген инвестиция көлемі 1,5 трлн теңгені құрады. Биылғы бірінші тоқсан нәтижесі бойынша қаланың экономикасына тартылған инвестиция көлемі былтырғыға қарағанда 20 пайызға артып отыр. Көріп тұрғанымыздай, инвесторлар қаламен белсенді жұмыс істеп жатыр. Олар қаладағы инвестициялық климатқа сенеді. Инвестицияның негізгі бөлігі құрылыс индустриясына келіп отыр. Қалғаны өндіріс және басқа салаларға тиесілі. Бір қуантатыны, бүгінде денсаулық, білім беру салаларына құйылған инвестиция көлемі бұрынғымен салыстырғанда 10 есе көбейіп жатыр.

– Сұхбатқа дейін сөйлескенде "әлеуметтік желілерде отырамын, тұрғындардың пікірлерін ескеремін" дедіңіз. Соның ішінде арыз-шағымдардың үштігіне тоқталсақ.

– Қалада 47-48 мың отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Ең бірінші мәселе – тұрғын үй мәселесі. Әсіресе, көпбалалы отбасылардың арасында бұл проблема өзекті. Олардың 17 мыңы кезекте тұр. Жалпы елордаға келген азаматтардың басым бөлігі осында проблемаларын шешуге келетіні белгілі. Солардың ішінде көпбалалы отбасылар, басқа да мұқтаж азаматтар бар. Екінші мәселе – құрылысы тұралап қалған тұрғын үйлердің үлескерлері. Кезінде олардың саны 16 мың адам болатын. Қазір 4 мыңды құрайды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл мәселені жыл аяғына дейін шешуге тиіспіз. Қалада осындай 32 нысан бар. Осы үлескерлердің кілтін желтоқсан айына дейін тапсырамыз. Үшіншісі – коммуналдық қызмет, яғни жылу, су, кәріз мәселелері. Әсіресе, бұл қаланың шет жағында орналасқан Үркер, Кирпичная, Пригородный, Көктал 1, Көктал 2 және басқа да шағын аудандарда өзекті. Бұл жерлерде инфрақұрылым, жол, кәрізбен жабдықтау, су және әлеуметтік инфрақұрылым мәселелері бар. Бұл мәселелер қаланың өсуіне байланысты. Қазір Бас жоспарды жобалап жатырмыз. Оны Үкімет қабылдайды. Президенттің тапсырмасына сәйкес Бас жоспарды осы жылдың соңына дейін әзірлеп, қабылдау қажет.

– Сіздің ойыңызша, Бас жоспарға қандай өзгеріс енгізу қажет?

– Ең басты мәселе халықтың санында ғой. Мысалы, 2,5 млн, 3 млн. Біз осы цифрларға дайындайтын боламыз. Соған байланысты қашан, қандай нысандарды салу керек деген мәселелер қарастырылады.

– Егер қала халқының саны 2,5 млн болса, онда бірінші кезекте не істеу керек?

– Онда бізге қосымша 1 мың гкал/сағ. жылу беру қажет. Ол үшін кем дегенде үш газ стансасын салу керек. Биыл екінші кәріз стансасының құрылысын бастаймыз. Оны аяқтап болған соң тағы біреуін бастаймыз. Осындай жобалар бар.  

– Бұл өзгерістерді енгізер алдында халықтың пікірі ескеріле ме?

– Міндетті түрде. Мен апта сайын аудандарға барамын. Тұрғындармен кездескенде олар көп мәселені көтереді. Көбі өзекті.

– Қаланы газдандыру мәселесі қалай жүріп жатыр? Ауаның ластануы бойынша қандай шаралар қолға алынуда?

– Ең басты шара – газға көшу. "Сарыарқа" газ құбыры арқылы көгілдір отын Астанаға келді. Біздің жоспарымыз – 12 мың жеке меншік үйге газ тарту. Оның ішінде 8 мыңы газға қосылған. Жалпы алдағы 3-4 жыл ішінде 15-20 мың үй газға қосылатын болады.

– Қала тұрғындары тарапынан емханаларға тіркелу бойынша шағымдар жиі айтылады. Оны шешу мақсатында қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Шынында да, мұндай мәселе бар. Биыл 2 емхананы іске қосу жоспары бар. Тағы үшеуінің құрылысы келесі жылы аяқталады. Есіл ауданында жеке инвестиция арқылы 3 емхананың құрылысы басталды. Қаланың шетінде емханаларды әкімдік өзі салады. Осыған дейін айтып кеткенімдей, соңғы 3-4 жыл ішінде қалада жылына 30 мыңдай бала дүниеге келеді. Перзентхана жетпей жатыр. Осындай екі үлкен нысан салынады. Біреуін әкімдік, екіншісін министрлік салайын деп жатыр. Бұдан бөлек министрлік үлкен онкологиялық орталық салуда. Оның құрылысы биыл бітетін түрі бар. Қаланың өсуіне байланысты алдағы екі-үш жыл ішінде жоспар бойынша көптеген медициналық нысан іске қосылмақ.

– Бұдан басқа қалада көлік кептелісі ушығып барады. Тіпті Алматының көлік кептелісі сияқты деген пікірлер де айтылып жүр. Бас жоспарға сай жолдарға қандай да бір өзгерістер бола ма?

Иә, әрине болады. Көлік кептелісінің көбі үлкен магистральдық көшелерде ғой. Мәңгілік ел, Тұран, Қабанбай, Бауыржан Момышұлы, Тәуелсіздік көшелерінде бар. Ең басты проблема – қаланы өзен арқылы екі жақты қосу. Жыл сайын біз бір көпір салуымыз керек. Былтыр бір көпір салынды. Биыл күзде Тәуелсіздік көшесін жалғастыратын тағы бір көпір салынады. Бұл көпір уақытында іске қосылса көптеген мәселе шешімін табады.

– Қаланың инфрақұрылымын дамытуда биылғы маңызды жобалар туралы айтып өтсеңіз.

– Биыл сорғы-сүзгі стансасының құрылысы тамыз айына дейін аяқталады. Бұдан басқа 2 газ жылу стансасы, 1 жылу электр орталығының бірінші кезеңі бітеді. Сонымен қатар Тәуелсіздік көпірін атап өтуге болады.

– Жеңіс Махмұтұлы, сұхбатымызды түйіндейтін болсақ. Қарағандылық әріптестерден сіздің "журналистерге ашық" дегенін естіген едім. Бүгін оған көзім жетіп отыр. Елордалықтар сізге өз шағымдарын жолдау үшін қайда жүгінуі керек?

– Жалпы әр апта сайын аудан тұрғындарымен кездесемін. Бұл туралы алдын ала ақпарат беріледі. Сондай-ақ бұл кездесу интернетте онлайн-трансляция арқылы көрсетіледі. Бұдан бөлек әр жұма сағат 08.30-дан бастап түске дейін жеке қабылдауымды онлайн режимде өткіземін. Бұл аталғандардан бөлек қала тұрғындары Фейсбук, Инстаграмға жазып жатады. Яғни, ешқандай шектеу жоқ.

– Сұхбат беруге келіскеніңіз үшін рахмет!  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу