Биыл да бұл айтулы жарыста Қазақстан намысын елдің үздік теннисшілері қорғайды. Олардың қатарында Григорий Ломакин, Әмір Омарханов, Заңғар Нұрланұлы, Дамир Жалғасбай, Аружан Сағандықова, Асылжан Арыстанбекова, Сандуғаш Кенжебаева және басқа да талантты спортшылар бар.
"Президент Кубогы" – Қазақстан теннисі тарихындағы ең беделді турнирлердің бірі. Бұл жарыс жас теннисшілер үшін үлкен теннис әлеміне жол ашатын алаң. Мұнда кезінде әлемдік рейтингтің үздік өкілдері өнер көрсеткен. Мысалы Даниил Медведев, Андрей Рублёв, Карен Хачанов, Себастьян Корда, Роман Сафиулин, Миомир Кецманович сынды жұлдыздар дәл осы турнирде тәжірибе жинаған.
1991 жылдан бері Қазақстан теннис федерациясының ұйымдастыруымен өтіп келе жатқан "Президент Кубогы" 2007 жылы халықаралық мәртебе алды. Ерлер арасында ATP Challenger, әйелдер арасында ITF World Tennis Tour аясында өтетін кәсіби деңгейдегі бұл жарыс жыл сайын әлемнің әр түкпірінен спортшыларды жинайды.
Әр жылдары бұл турнирде Михайл Кукушкин мен Андрей Голубев (Қазақстан), Илья Марченко (Украина), Себастьян Оффнер (Австрия), Райнер Шуттлер (Германия), Иван Додиг (Хорватия) және жұптық сында екі "Үлкен дулыға" турнирін ұтқан қытайлық Чжан Шуай сынды мықтылар топ жарған.
Осылайша, "Президент Кубогы" – тек тартысты бәсеке ғана емес, болашақ чемпиондарға жол ашатын үлкен алаң.