20 жастағы шахматшы Әмина Қайырбекова Marienbad Open 2026 халықаралық шахмат фестивалінің басты турнирінде 2-орын алып қана қоймай, халықаралық шебер (IM) атағының үшінші нормасын да орындады.
2026 жылғы 17-24 қаңтар аралығында Чехияның Марианске-Лазне курортты қаласының қақ орталығында орналасқан 4 жұлдызды Continental қонақүйінің театр залында Marienbad Open халықаралық шахмат фестивалі 24-рет ұйымдастырылды. Фестиваль бағдарламасына жас ерекшелігі мен деңгейі әртүрлі шахматшыларға арналған 6 турнир кірді. Солардың екеуіне қазақстандық шахматшылар да қатысты.
Гроссмейстерлік норма сарапқа салынған, орташа рейтингі 2388 болатын A турниріне 8 елден 10 шахматшы қатысты. Алты жеңіс пен үш тең ойынның нәтижесінде украиналық гроссмейстер Антон Коробов (2595) 7,5 ұпаймен жеңіске жетті.
Жеңімпаздан 2 ұпайға қалып қойған астаналық Әмина Қайырбекова (2348) 2-орынға ие болды. Ол турнирде 3000 чех кроны көлемінде сыйақы алып, рейтингін 30,8 ұпайға арттырды және халықаралық шебер (IM) атағының үшінші нормасын орындады.
Әминамен бірдей ұпай жинағанымен, қосымша көрсеткіштер бойынша моңғолиялық халықаралық шебер Хуягцогт Итгельт (2445) 3-орынға тұрақтады.
Сондай-ақ, C турнирінде шымкенттік WIM Зейнеп Сұлтанбек 6,5 ұпаймен 4-орынға ие болды.
Әмина Қайырбекованың IM атағы FIDE Президенттік кеңесінің алдағы отырысында ресми түрде бекітіледі.