Астаналық велокоманда айналасындағы дау ушығуда

2185

Қазіргі кезде Қазақстанда қаптаған спорт клубтарынан аяқ алып жүре алмайсыз. 

Астаналық велокоманда айналасындағы дау ушығуда

Оның үстіне олардың саны барған сайын көбеюде екен. Биылғы жылы елордалық шенеуніктер жаңа велоклуб ашып алғаны мәлім болып отыр, деп жазады Inbusiness.kz.

Жаңа клубтың түйткілдері көп

2021 жылғы 5 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы "Art Print Trade" ЖШС-мен мемлекеттік сатып алу қызметтері туралы келісім бекітеді. Келісімге сәйкес, компания астаналық әкімдікке "003-015-159" спецификасы бойынша қызмет көрсетуге тиіс. Шенеуніктер тілінен қарапайым тілге тәржімаласақ, тендер республикалық және халықаралық сайыстарда шосседегі велосипед спорты бойынша Нұр-Сұлтан қаласының құрама командасын дайындауды және оның жарыстарға қатысуын қарастырады.

Келісімге сай, бюджеттен о баста 60 млн теңге қаражат бөлінген.

Атауы аңғартып тұрғандай, "Art Print Trade" спорт ұйымы емес. Сондықтан ол осы міндетті жүзеге асыра алатын команда қалыптастыруға шұғыл кіріседі.

Әкімдікпен арадағы келісім негізінде фирма 19 адамды штатқа қабылдайды. Олардың арасында спорттық команда басшысы, жаттықтырушылар, спортшылар, бухгалтер, әдістемеші, заңгер, тіпті журналистермен ынтымақтастық жасайтын пресс-атташе бар.

Осының негізінде команда құрылып, оған "Astanalyq Nur-Sultan veloclub" деген атау берілген.

Қызметкерлермен еңбек келісімшарты 5 сәуірден бастап бекітілген.

"Алайда мамыр айында-ақ еңбекақы төлеуде және тұтастай алғанда команданы қаржыландыруда проблемалар туындады. ЖШС себебін еш түсіндірместен, жалақы төлемей қойды. Әрбір тренер мен спортшы "Нұр-Сұлтан қаласының велосипед спорты федерациясы" қоғамдық ұйымының мүшесі екені мәлім. Олар федерацияға және велоклуб атына шағымдана бастады. Әкімшілік-басқарушылық персонал да өтініш жазды. Өз кезегінде федерация мәселенің байыбына барып, түпкілікті шешуді сұрап, ЖШС атына хат жолдады. Хатта сондай-ақ компанияның қаржыландыруды тоқтатуы кесірінен команданың биылғы жылғы аса маңызды жарыс – "Жастар ойындары" алдындағы оқу-жаттығу жиындары өтпей қалғанына назар аудартылған", – дейді команда өкілі Әсем Міржекеева.

Содан ата-аналар амалсыз, өз қалталарынан ақша шығарып, велосипедшілерді аталған жарыстарға алып барады.

ЖШС басшылығы қалыптасқан жағдайға түсініктеме бермеген. Оның орнына федерацияға жауап хатында: "Федерацияның серіктестік жүзеге асыратын коммерциялық қызметке араласуға құқығы жоқтығын" білдірген.  

Антикоррупционерлер назарға алуға әзір

Айта кету керек, бапкерлер мен спортшылардың ашық наразылық білдіруінен кейін ЖШС оларға жалақысын ақыры төледі. Оларсыз велоклуб та болмас еді. Алайда әкімшілік-басқарушылық персоналдың 6 қызметкері еңбек келісімшартын жасасқалы бері жалақы ала алмай жүрген көрінеді. Олар компания басшылығына хабарласқан. Әйтсе де күні бүгінге дейін еңбекақының төленбеуіне қатысты түсініктеме де ала алмай отыр.

Бұл ретте сергелдеңге түскен 6 қызметкердің зейнетақы қорына 2021 жылғы сәуір айы үшін зейнетақы жарнасы аударылыпты. Бұл есеп үшін қажет болса керек. Себебі құзырлы органдар адамдардың жұмыспен қамтылуын БЖЗҚ-ға аударылған жарналар арқылы тексеретіні мәлім.

Сонымен бірге компания бұл қызметкерлерімен арадағы еңбек келісімшарттарын бұзғаны, күшін уақытша тоқтатқаны немесе оларды қысқартқаны туралы ешқандай хабарлама жібермеген. Сөйтіп, әрі-сәрі күйде қалдырды.

"Жалпы, "Республикалық және халықаралық жарыстарда шосседегі велосипед спорты бойынша Нұр-Сұлтан қаласының құрама командасын дайындау және қатыстыру бойынша қызметтер" көрсету бағытындағы мемлекеттік сатып алуды қалайша "Art Print Trade" жеңіп алғаны таңғалтады. Өйткені ашық көздерден алынған ақпаратқа жүгінсек, бұл ЖШС бұған дейін тек типографиялық қызметтер көрсетіп келген. Типографияның спортқа қандай қатысы бар? Біздің ойымызша, жергілікті шенеуніктер өздерімен сыбайлас компанияларды ілгерілететін сияқты. Егер солай болса, бұл мемлекеттің беделіне нұқсан келтіреді. Президенттің өңірлерде балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту тапсырмасын жарға жығады", – дейді команда өкілі Әсем Міржекеева.

Шағымданушылар Нұр-Сұлтанның Дене шынықтыру және спорт басқармасының бұл тірлігінде жемқорлық көріністерінің бар-жоқтығына құқықтық баға беруді сұрап, антикоррупциялық органға жүгініпті. 

"Қазіргі уақытта біздің агенттік Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қызметіне сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бойынша сыртқы талдау жүргізуде. Осыған байланысты аталған өтініш осы жұмыс аясында ескерілетін болады. Жергілікті атқарушы органдардың қызметінде сыбайлас жемқорлықтың ықтимал көріністері туралы қосымша ақпарат болған жағдайда, оларды risk.akimat@antikor.gov.kz электронды мекенжайына жолдауыңызға болады", – деп жауап қатты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов өз блогында.

Жалпы, велокоманданы ары қарай қаржыландыру мәселесі де белгісіз.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу