Астаналықтар бірнеше ірі тұрғын үй кешенін бұзуға қол жеткізді

6725

Бұған қарсы шыққан алпауыт құрылыс компаниясы әкімдікті сотқа берген, судья халықтың емес, құрылыс салушының жағына шықты. Тайталас жалғасуда. 

Астаналықтар бірнеше ірі тұрғын үй кешенін бұзуға қол жеткізді Фото: inbusiness.kz

Әрбір азулы құрылыс алыбының ар жағында бұрынғы билікке жақын тұлғаларды тұрғаны құпия емес. Онсыз олар ауқымды мемлекеттік қолдауға, майшелпек жобаларға, ірі қалалардағы "алтын квадраттарда" үлкен жер телімдеріне қол жеткізе алмас еді. Еңселі кабинеттерге еркін кіре алатын олар бұқараны басынып, ойына келгенін жасады. Мысалы, Мемлекет басшысының "жанында тиісті әлеуметтік инфрақұрылымы: мектебі, балабақшасы мен емханасы болса ғана жаңа тұрғын үй алабының тұрғызылуына рұқсат ету керек" деген талабы аяқасты етілді.

Қаңтар оқиғаларынан кейін басталған олигархатпен күрес құрылыс саласындағы алпауыттардың арынын басты. Олар өз позицияларынан шегіне бастапты. Елорданың жаңа әкімі Жеңіс Қасымбектің командасы түрлі алаңдарды пайдаланып, күрестің алғашқы нәтижесін жариялады.

Әкім Жеңіс Қасымбектің өзі Астана Бас жоспар мекемесіне "Menin Elim Dala" бастамашыл топтарын, қала белсенділерін шақырып, "нүктелі құрылыс" мәселесі бойынша кеңес өткізді. Онда тұрғын үйлер құрылысын тоқтатып, орнына әлеуметтік нысандар тұрғызу, заңғар ғимараттарға тыйым салып, үйлердің қабатылығын азайту, Талдыкөлді құртуды доғару сияқты өзекті мәселелер көтерілді.

Әкімнің дерегінше, қалада қазір нүктелі құрылыстың 18 негізгі проблемалы объектісі бар. Нүктелі немесе сығылысқан құрылыс – сәулетшілердің жаргон сөзі, бұл термин заңмен реттелмеген. Ағылшынның infill development терминінен алынған бұл ұғым қаланың тарихи қалыптасқан тұрғын алабында бірнеше ескі үйді немесе жасыл желектерді күресінге жіберіп, соның орнына жаңа ғимарат салуды білдіреді. Оның айналасында бос орын шектеулі болғандықтан, парк, сквер немесе әлеуметтік нысан жасақтау мүмкін болмайды. Жаңа үйдің тұрғындары ескі шағынауданға есептелген мектеп, емхананың жүктемесін арттырады.  

Әкімнің дерегінше, осындай 13 тұрғын үй кешенінің (ТК) құрылысы тоқтатылған: тұрғындар соны талап етті, әкімдік жұртшылықтың тілектерін қабылдады. Енді ол учаскелерде ТК құрылыстары тоқтатылады, орнында мектептер, медициналық орталықтар, балабақшалар, қоғамдық кеңістіктер пайда болады.

Қалған 5 нысан бойынша сот процестері және келіссөздер жүріп жатыр.

Өз кезегінде қаладағы аудандардың әкімдер "Sport City", "Зам Зам", "Хайвил" және басқа көпқабатты тұрғын үйлердің белсенділерімен кездесулер өткізді. Олардың сендіруінше, енді елорда әкімдігі әлеуметтік нысандар мен қоғамдық кеңістіктер – скверлер, бульварлар, аулалар салуға басымдық береді.

Сонымен, Астанада келесі тұрғын үйлер жобалары "жөргегінде тұншықты", құрылысы доғарылған:

  • Байтұрсынов көшесі, 7 (Хайвил ТК) мекенжайында орналасқан жер учаскесінде көппәтерлі тұрғын үй кешенінің орнына мектеп салынады. Қошқарбаев даңғылы мен Ақыртас көшесі маңында, яғни "Хайвил" тұрғын үй кешеніне қарама қарсы алаңда оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында тағы бір мектеп бой көтереді.
  • Күмісбеков көшесі, 9/2 үйінің жанындағы алаңда 21 қабатты тұрғын үй кешені мен паркинг жоспарланған еді, бірақ олардың орнына жақын маңдағы тұрғындар серуендейтін сквер, гүлзар жасалады.
  • "Sport Towers" ТК тұрғындарының өтініші бойынша екі мектеп салынады: Alpamys ТК мен Alau ТК арасында және Барыс-Арена мұз айдынының жанында.
  • "Sport City" ТК тұрғындары әкімдікке жақын маңдағы аумақта ТК құрылысын тоқтатуды сұрап жүгінді. Ол тілек қабыл алынды. Нәтижесінде, "Sport City" және "Әсем тас-2" тұрғын үй кешендерінің арасындағы жер телімінде биыл ТК орнына сквердің құрылысы басталады. Сол ауданда 2400 орындық мектеп те салынуда. Қаланың бас жоспарында медициналық орталықты орналастыруға арналған учаске бар.
  • "Зам-Зам" ТК тұрғындарының өтініштері бойынша тұрғын үй кешенінің жанында 4 мың оқушыға арналған мектеп салынуда, оны 2023 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ, А.Бектұров (бұрынғы атауы №49), Төле би (№51), №69 көшелерін, мектепке кіреберіс жолдарын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келесі жылы осы ауданда сквердің құрылысы басталуға тиіс. Ол аудандағы алаңдарға да құрылыс компаниялары көз сұғын қадап жүрген еді.
  • Мәңгілік ел даңғылының жанында, Есіл ауданындағы №9 емхана мен №77 мектеп-гимназия арасындағы учаскеде жаңа үй болмайды, халық демалуы және серуендеуі үшін қоғамдық кеңістік, яғни сквер құрылады.
  • Горький–Косыгин–Челюскинцев–Ишимская көшелері квадратында тұрғын үй орнына сквер салынады.
  • Желілік паркіндегі ТК құрылысы да тоқтатылды, саябақты абаттандыру жұмыстары жалғасуда.
  • Қабанбай батыр даңғылындағы Керей–Жәнібек хандар және Орынбор көшелерінің арасындағы жер телімінде медициналық орталық тұрғызылады.

Мұның бәрі бекітілген жобалар: қаланың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына тиісті өзгерістер енгізілді.

Астаналықтардың тағы қандай құрылыстарға қарсы шығып отырғанын тұрғындармен кездесуінде Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл айтып берді. Оның мәліметінше, "Каспиан Палас", "Нұрқанат" және "Ишим" тұрғын үй кешендерінің тұрғындары Мәңгілік ел даңғылындағы 20/3 жер телімінде "Mangilik residence" ТК салынуына қарсы шығып жатыр. Оны "BI Group"-қа қарасты "Orynbor Towers" ЖШС салмақшы болды. Б.Смағұлдың дерегінше, тұрғындардың тілегіне әкімдік құлақ түрді, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы (ЕЖЖ) түзетілді: ол жерде саябақ болуға тиіс. Бірақ құрылыс компаниясы бұған келіспей, қала әкімдігін сотқа берген. Компания бұл жобаға көп қаржы жұмсағанын, шығынға отыратынын алға тартып, ол учаскенің нысаналы мақсатын қайтаруды, ЕЖЖ-ға өзгерістерді жоюды талап еткен. Сот ол талапты қанағаттандырды. Әкімдік үкімге мойынсұныпты. Қазіргі кезде өзгерістерді жою туралы хаттамаға қол қойылып, бекітілді. Оған тұрғындар қарсы.

"Инфинити 1,2", "Сармат", "Номад" тұрғын үй кешендерінің де тұрғындары Қабанбай батыр даңғылындағы "Поколение" ТК үшінші кезегін салуға наразылық білдіріп жатыр. Құрылысты "Жаз Құрылыс НС" ЖШС (BI Group) қолға алған. Жергілікті жұртшылық ТК тұрғызуды тоқтатып, оған бөлінген жер телімін алып қойып, оның учаскесін 2 мың орындық мектепке бөлінген жерге қосуды талап етуде.

"Highvill park" тұрғындары "Орда Инвест" ЖШСның  Қабанбай батыр, 43 мекенжайында "The seven" тұрғын үй кешенін салуына қарсы көрінеді. Ол маңда емхана тұрғызу да қарастырылған. Енді қалалық белсенділердің талабымен онда сквер пайда болуы мүмкін. Құрылыс тоқтатылған. Жер учаскесі мемлекет меншігіне алып қою жұмыстары басталады. Содан соң құрылысы жүріп жатқан мектепке өтпе жол төсеу, скверді жабдықтау жұмыстары қолға алынбақ. 

Астаналықтар мен құрылыс алпауыттарының арпалысы мұнымен бітпейді. "Seul" ТК тұрғындары Тұран даңғылындағы №39 учаскесінде "Astra Properties-1" ЖШС жүргізіп жатқан (Bazis А) көпфункционалды әкімшілік кешенінің құрылысын тоқтатуды, ол жерде үлкен мектеп салуды талап еткен. Себебі, бұл ауданда оқушылық орны тапшы, біраз тұрғын балаларын елорданың өзге аудандарына автобуспен қатынап оқытады. Бұл қауіпсіз емес, әрі қыс кезінде қиын. Әкімдік халықтың үніне құлақ асып, ЕЖЖ-ге өзгерістер енгізуде, ол жерде мектеп салу қарастырылмақ. Бірақ әкімшілік кешеннің құрылысына да тыйым салынған жоқ. Дау жалғасқан: белсенділер ол жерде екі нысанның қатар сыймайтынын айтады.

"Тұран Эдем" ТК тұрғындары Қорғалжың тасжолындағы 3/1 учаскесінде "Ayoto" компаниясының ("НАК" ЖШС) көпфункционалды әкімшілік ғимаратын салуына тосқауыл қоюға тырысуда. Ол жер бұрын автотұрақ орны ретінде пайдаланылды. Бұл жер де жұртшылық талабымен көк желек көмкерілген орынға айналуы мүмкін. Тартыс, тәжіке жалғасқан.

Негізі, ресми ақпаратқа жүгінсек, Астанада әлеуметтік нысандарды салу үшін 420-дан астам жер учаскесі анықталды. Соның ішінде мектеп салуға – 158 учаске, балабақшаларға – 185, медициналық орталықтар, яғни емхана, перзентхана, оңалту орталықтары үшін – тағы 78 учаске бөлінді. Бұған қоса, жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында да медициналық орталықтар ашылады. Жаңа әкім әлеуметтік нысандарды салу үшін жер учаскелерінің санын жыл сайын ұлғайтуға уәде етіп отыр.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алмас Жаңбыршыға Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Дәулет Досқұловпен, "Астана Бас жоспар" ғылыми-зерттеу жобалық институтының басшысы Руслан Жақыповпен бірлесіп, бас қаладағы құрылыс саласын тәртіпке келтірудің шұғыл шараларын қабылдауды тапсырды.

Атап айтқанда, Дәулет Досқұлов елордада заңсыз салынған барлық тұрғын үй кешендеріне талдау жүргізіп, оларды күресінге жіберу үшін сотқа талап арыз дайындауға міндеттелді.

Алмас Жаңбыршыға өз командасымен бірге біріншіден, ТК-лардың эскиздік жобаларына келісім беруді доғару және бұрын берілген эскиздік жобаларды кері қайтарып алу жүктелді.

Екіншіден, барлық жаңа ТК және әкімшілік ғимараттар жобаларынан төл автотұрағының болуы талап етіледі. Үшіншіден, әлеуметтік объектілер мен мемлекеттік мекемелер нысандарынан басқа объектілердің зерттеу жұмыстарын жүгізуге қаулы шығарып беру уақытша тоқтатылды. Себебі, инфрақұрылым қуатында тапшылық туындады, мысалы, жылу жеткізу жүйесіне шектен тыс салмақ түсуде, 300 гигакалорий жетіспейді. Былтырдан бері жаңа ТК-ларды жылу желісіне қосу доғарылды.

Әкім коммуналдық қызметтерге заңсыз салынған тұрғын үй кешендерін жылу, жарық, су желілеріне қосу үшін бұрын берілген техникалық шарттарды кері шақыртып алуға және олардың бәрін инженерлік коммуникациялардан жаппай ағытуға тапсырма берді.

Бұдан бөлек, жер учаскесін меншігіне қаратып үлгермеген құрылыс компаниялары оларынан айрылмақ: рәсімделмеген жер телімдерін мемменшікке қайтару жұмысы басталады.

Яғни, аса қатаң шаралар, тегеурінді қимыл жоспарланып отыр. Ол жете ойластырылса, жөн. Бұл жаңалықтарды астаналық тұрғындар әлеуметтік желіде қуана, үмітпен қарсы алғаны байқалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу