banner

Астаналықтар Қаржы министрлігінен жер сатуды тоқтатуды талап етті

8526

Меморган саудадан бас тартпайтынын мәлімдеп отыр.

Астаналықтар Қаржы министрлігінен жер сатуды тоқтатуды талап етті

Мәселенің мәнісі мынада: қазіргі кезде Қаржы министрлігі Нұр-Сұлтан қаласындағы "Керей, Жәнібек хандар көшесі, 15-үй" мекенжайы бойынша 1 көлік тұрағын сатуда. Бұл адрес бойынша елордада элиталы "Авиценна 2" тұрғын үй кешені орналасқан.

Оның ішіндегі автотұрақты ведомство gosreestr.kz порталы арқылы саудаға шығарды. Нысанның жалпы ауданы небары 15 шаршы метрдей. 2018 жылы іске қосылған. Онда тек автотұрақ қоюға болады, ол жерде өзге нысан тұрғызуға рұқсат жоқ.

Тұрақ орны "Стройинвест-СК" құрылыс компаниясының мемлекет алдындағы қарызын өтеу үшін Қаржы министрлігінің иелігіне көшкен. "Aldi valuation services" бағалаушы компаниясы ұлтарақтай жерді, яғни тұрақты 2020 жылғы қарашада 894 мың 243 теңгеге бағалапты.

Нысан былтырғы желтоқсанда саудаға қойылды. Әзірге өтпеген. Өз қожайынын күтуде. Ал тұрғын үй кешенінің тұрғындары биліктің ол жерді сатуын тоқтатуын сұрайды.

"Біз қаржы министрінен 199-автотұрақ орнын өткізуге бағытталған №199941 саудадан бас тартуды сұраймыз. Біздің үйде әрдайым жалпы саны тек 198 тұрақ орны болатын. Енді 199-орын дегенді ойдан шығарып алыпты. Шынында, "тұрақ" деп саудалап жатқаны 11-подъезд тұрғындарының паркингке кіретін жолы. Егер оны сатып жіберсе, тұрғындар өздерінің автотұрақ орындарына өте алмай қалады. Бізге бүкіл үйді айналып, көше жақтан кіруге тура келеді. Бұл бізге ыңғайсыз", – дейді тұрғын үй кешенінің тұрғыны Ләззат Махина.

Сол үйді салған "Стройинвест-СК" құрылыс компаниясы тұрғындарға тұрақтарды сатқанда кейіннен мұндай тоспаның туындайтынын айтпаған. Оның үстіне жабық тұрақта о бастан тек 198 орынды арнайы белгілеп, бөліп қойыпты.  

Тұрғындар 199-орынды берешекті өндіруге жанталасқан шенеуніктердің өздері ойлап тапса керек деп тұспалдады.

Өз кезегінде мемкірістер органы да бұл мүліктен айырылғысы келмейді. Сондықтан тұрғындар арнайы комиссия құрып, оның аясында ПИК-тің, қалалық сәулет-құрылыс басқармасының, Қаржы министрлігінің және тұрғындардың өкілдері келіссөз үстеліне отыруы керек деп санайды. Олардың байламынша, өтпе қызметін атқаратын аталған жер телімі сәулет-құрылыс талаптары тұрғысынан тұрақ болуға жарамайды. 

Ресми блогы арқылы осы мәселеге қатысты түсініктеме берген қаржы министрінің міндетін атқарушы Ерұлан Жамаубаев заңға сәйкес, салық органдары салық берешегін мәжбүрлі түрде өндіріп алудың барлық тәсілдерін қолдануға міндетті екеніне назар аудартты. Соның бір тәсілі – борышкердің иелігіндегі мүлікті саудаға қою.

"Жалпы, "Азаматтарға арналған Үкімет" мемлекеттік корпорациясының дерегіне сәйкес, "Стройинвест-СК" ЖШС атына Керей, Жәнібек хандар көшесі, 15-үй мекенжайында №199 тұрақ орны түріндегі жылжымайтын мүлік тіркелген. Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласының Есіл ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы құрылыс компаниясының салық берешегін мәжбүрлеп өндіруге бағытталған шаралар қабылдады. Соның аясында әлгі №199 тұрақ орнын мемлекет пайдасына жатқызу туралы қаулы шығарды. Бұл орынды "Оңалту және активтерді басқару компаниясы" АҚ-ы өткізуге кірісті", – деді министрлік басшысы.

Оның мәліметінше, 2021 жылғы 8 қаңтарда жария сауда ұйымдастырылған екен. Оның қорытындысында борышкердің бұл мүлкі өтпей қалды. Тіпті әлеуетті сатып алушылардан бірде бір өтініш түспеген.

Айта кету керек, әдетте автотұрақты сатып алушылар сол тұрғын үй кешенінің өз тұрғындары арасынан шығады. Алайда әлгі орынның даулы екенін біле ме және кейін көршілерімен айқасқысы келмей ме, әйтеуір оның бірде бірі тілек білдірмеді.

Әйтпесе, сәнді-салтанатты осы үйдегі бұл мүлік – тиімді бизнес бола алады. Мысалы, оның айналасында жабық тұрақтағы 1 автокөлік орны тәулігіне 1 000–1 500 теңгеден, ал айына 15-20 мың теңгеден жалға беріледі. Ендеше Қаржы министрлігі сұратып отырған 894 мың теңге ақы екі жылға жетпей ақталар ма еді.

Бас қаржыгер әлі күнге дейін "Стройинвест-СК"-ның салық берешегі өтелмегенін еске салды.

"Осыны ескерсек, аталған мүлікті саудадан алып тастауға құқықтық негіздер жоқ", – деп шорт кесті Е.Жамаубаев.

Әрине, бір қарағанда бұл оқиға ұсақ көрінуі мүмкін. Бірақ пандемия, карантин, дағдарыс кесірінен елімізде көптеген бизнес субъектілері дәрменсіз жағдайға ұшырады. Өткен жылы мемлекет олар үшін салық төлеуді кейінге шегеру секілді бір реттік акциялар жасады. Оның уақыты өткен жылмен бірге аяқталды. Дағдарыс пен карантин болса жалғасуда. Демек, 2021 жылы мемлекет алдында қордаланған салығын төлей алмай, берешек батпағына бататын бизнесмендер қатары күрт көбеюі мүмкін. Оларға мәжбүрлеп өндіру үшін салықшылар аттанбақ.  

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу