Астананың басты экологиялық проблемалары қалай шешілуде?

3710

Елорданың ауасы мен табиғатын тазарту шараларының тұтас кешені жүзеге асырылып жатыр.  

Астананың басты экологиялық проблемалары қалай шешілуде? Фото: the-village-kz.com

Биылғы жылдың басында Мемлекет басшысы бас қаланың қою түтінге бөгіп, тұрғындардың тыныс алуы қиындағанына назар аудартты. Таяуда Үкімет басшысы Әлихан Смайылов та "сол бұрынғыдай көк түтін басқан Астана ауаның ластану деңгейі жөнінен әлемдік рейтингтерде алдына қара салмай келе жатқанын" сынға алды.

"Қазгидрометтің" экологиялық мониторинг басқармасының басшысы Ғалия Әмірова бұл деректі растады: Астана – Қазақстандағы ластану деңгейі өте жоғары 22 қаланың бірі саналады.

"Қазгидромет" елордада ауаның ластануының жоғары деңгейі күтіліп отырғаны туралы болжамын үнемі жариялап, ескертіп тұрады. Мұндай күндері далаға көп шықпай, үйде есік-терезені жауып қойған жөн.

Практик экологтар қауымдастығының басқарма төрағасы Лаура Мәлікованың айтуынша, елорданың орталығы саналатын шағын ғана аумақта шектен тыс көп көлік шоғырланады. Оның үстіне автомобилдер саны қарқынды түрде көбейіп барады. 

Фото: livingasia.online

"Қалада сондай-ақ басқа бір қуатты ластаушы қайнар бар, бұл – жеке сектор. Олар жылдың жартысында, яғни күз, қыс пен көктемнің ызғарында пеш жағады. Көбіне көмір пайдаланады. Міне, сондықтан мемлекет газдандыруды қарқынды жүргізуде. Астанада көмір жағатын шамамен 20 мың жеке үй, коттедж болды. Оның 8 мыңдайы көгілдір отынға көшті. Газдандыру арқасында мысалы, 2017 жылмен салыстырғанда оң өзгерістер байқала бастады. Атап айтқанда smog (түтін мен тұман қосындысы) түсі өзгерді. Бұрынғыдай, айнала көрінбей кететіндей қою емес. Бұл әрине, қуантады. Бірақ атқарылатын негізгі істер әлі алда", – деді сарапшы.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі Астананың барлық экологиялық проблемаларын анықтап, оларға талдау жүргізді. Зерттеу қорытындысы таяуда жарияланды. Ведомствоның хабарлауынша, қаланың басты экологиялық мәселелеріне ауаның ластануы, су ресурстарының тапшылығы, қоқыстардың заңсыз, арналмаған жерлерге төгілуі және жасыл желектің аздығы жатады.

Астана әкімдігі осы саладағы жергілікті проблемаларды жақсы біледі, сондықтан Жеңіс Қасымбек командасының экологиялық бастамалары да бас қаланың басты түйткілінің түйінін тарқатуға бағытталған.

Экологияны жақсарту бағыттары қандай?

Астана әкімдігінің хабарлауынша, қала басшылығы экологияны жақсарту шараларына ерекше назар аударып отыр. Жұмыстар бірнеше бағытты қамтиды: газдандыру, кең ауқымды көгалдандыру, жылу-электр орталықтарының жұмысын жаңғырту және оларды газға көшіру, ЛРТ сияқты экологиялық таза көлік түрлерін енгізу, құрылыс қалдықтарын қайта өңдеу үшін алаң салу, қоқыстарды сұрыптау және басқа бағыттарда өрбіп жатыр.

Фото: yandex.kz

Бірінші бағыт – жеке секторды газдандыруды қарастырады. Бұл салада атқарылып жатқан шараларды Inbusiness.kz жуырда жеке сараптады. Астана 2025 жылы толық газдандырылып болуға тиіс. Қаланы газдандыру экологияны елеулі жақсартатыны сөзсіз. Мысалы, Астананың Оңтүстік-Шығыс ауданында газ қазандығы салынуда.

Фото: inbusiness.kz 

Екінші бағыт – елорданы жаппай көгалдандыру. Осы мақсатта 2023 жылы Астанада 1 миллион ағаш пен бұта отырғызылып, жасыл аумақтардың қатары күрт артады. Бұл ретте миллион ағаш, бұта, көшеттер егу жоспарланған. Оның 500 мыңы қалада, тағы осынша мөлшері Астананың сыртындағы жасыл белдеуіне, жасыл кластерінде отырғызылады. Ол да қаланы оттегімен, яғни таза ауамен қамтуда.

Қаланы жаппай көгалдандыру экологияны жақсартуға, қала тұрғындары аптап ыстықта көлеңкелеп, тынығатын жаңа демалыс орындарын ашуға, елорданың климаттық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Соңғы бес жылда Астанада 2,6 миллионнан астам жасыл желек отырғызылды.

Фото: inbusiness.kz 

Үшінші бағыт – көліктерге қатысты. Экология министрлігінің түсіндіруінше, енді жаңарған экологиялық заңнама аясында әкімдік ауа құрамы нашарлаған жағдайда қалаға көліктердің кіруіне шектеу қою, кіреберіс жолдарды жабу құзырына ие болды. Сонымен қатар қолайсыз метеорологиялық жағдайда, мысалы, желсіз, тымық күндері ауаны ластаушы кәсіпорындардың қызметіне уақытша шектеу енгізуге болады.

Атмосфераға шығатын зиянды заттарды азайту үшін қала әкімдігі жыл сайын жүзден аса электрлі автобустарды қолданысқа енгізуде. Қалада көптеген маршруттарда бұрынғы салдырлаған ескі қоғамдық көліктер орнына жаңа автобустар жолға қойылғанын астаналықтар мен қонақтар байқады. Бұл электрлі автобустардың артықшылығы – қоршаған ортаға зиянды қалдықтар, эмиссия шығармайды. Осындай экологиялық автобустардың санын жоспарлы түрде арттыру үшін қалада электрлі автобустардан құралған заманауи парк іске қосылады.

Сондай-ақ 2023 жылғы сәуірде әкім Жеңіс Қасымбек LRT құрылысы қайта басталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен кеңесте Ж.Қасымбек Астананы 2035 жылға дейін дамытудың жаңа Бас жоспары ағымдағы жыл соңына дейін қабылданатынын жеткізді. Онда тұрғындар үшін қолайлы ортаны құруға екпін түсіріледі.

"Жаңа Бас жоспарда қалалық ортаны абаттандыруға ерекше мән беріледі. Барлық негізгі қалалық парктерге жөндеу және реконструкция жүргізіледі, көшелер көгалдандырылады. Қоғамдық кеңістіктер, тұрғын үйлер мен нысандардың қасбеті бірыңғай стилдегі дизайн-кодқа сәйкес келтіріледі. ЛРТ жеңіл рельсті көліктің бірінші іске қосу кешенінің құрылыс жұмыстары жанданды. Жобаны 2 жыл ішінде аяқтау жоспарымызда бар", – деді Астана әкімі Жеңіс Қасымбек.

Фото: inbusiness.kz 

Елорда экологиясын кемеліне келтіре түсетін төртінші бағыт – қоқыс өңдеу саласын жетілдіру болмақ. Қалада қоқыс өңдеу зауыты бар, оның аумағына күніне 1 мың тоннаға дейін қоқыс, қалдықтар жеткізіледі. Сол жерде сұрыпталып, қайта өңделеді. Мемлекет басшысы экология мәселелеріне, атап айтқанда заңнамалық базаны қамтамасыз ету мен "waste to energy" технологиясын енгізу үшін қолайлы инвестициялық жағдай жасауға көңіл бөліп отыр. Экология жағдайының нашарлауына жол бермеу, рұқсат етілмеген қоқыс орындарын көбейтпеу үшін қала әкімдігі экология министрлігімен бірлесіп, бірқатар шаралар қабылдады.

Соның ішінде қоқыс өңдеу зауыты қайта жаңғыртылып жатыр. Жаңарған кәсіпорынның жылдық қуаты екі есе, яғни 250 мың тоннадан 450 мың тоннаға дейін артуға тиіс. Қалдықтар жартылай автоматты түрде сұрыпталмақ.

Елордалық қоқыс полигоны екі ұяшықтан тұрады. Оның біреуі мелдектей толып қалды. Сондықтан полигонға рекультивация жүргізу жобасы қолға алында.

2019 жылы "Солтүстік жота" (Северная гряда) карьерін қалпына келтіру, рекультивация жүргізу арқылы онда құрылыс қалдықтарын қоймаға жинап, өңдейтін алаң жасақтау жобасы басталған болатын. Бұл қаланың экологиялық, санитариялық-эпидемиологиялық жағдайын айтарлықтай жақсартады.

2023 жылғы 29 наурызда Астанада құрылыс қалдықтарын қабылдау алаңы іске қосылғаны белгілі болды.

"Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы бейберекет, стихиялы қоқыс үйінділерінің пайда болу ауқымын азайту үшін құрылыс қалдықтарын қабылдау және өңдеу бойынша санкцияланған алаңды іске қосты. Алаңда бетон, кірпіш, асфальт, темірбетон және қатты құрылыс қалдықтарының өзге түрлері қабылданады. Құрылыс компанияларының бәрі экологиялық заңнама талаптарын бұзбау үшін алаңның сенімгерімен тікелей шарт жасай алады", – деп хабардар етті басқарма.

Алаң жұмысы оларға ақылы болады. Өзге қоспалардан тазартылған құрылыс қалдықтарын алаң қабылдауы үшін 1 тонна қалдыққа 1300 теңгеден төлеу қажет болады. Қала тұрғындары, яғни жеке тұлғалар бір жыл ішінде 250 келіден аспайтын құрылыс қоқыстарын алаңға тегін тапсыра алады. Алаң Астана қаласының Байқоңыр ауданындағы Алаш тасжолы (Астана-Павлодар тасжолы) бойында, қалалық қоқыс полигонына қарама-қарсы орналасқан.

Бұған дейін мәлімделгендей, алаңда құрылыс қалдықтарын өңдейтін ұнтақтау кешені қарастырылған: бұл тәсіл қалдықтарды кәдеге жарату процесін жеңілдетеді.

Қала әкімдігі елорданың экологиясын жақсарту бағытындағы жұмыстар жай жалғасып қана қоймай, оған алда соны серпін берілетінін нықтады. Бірақ "даладағы қоқыс санадағы қоқыстан басталады" деген сөз бар. Ендеше Астанамыздағы экологиялық ахуалды оңды, өмірге жайлы етуге әрбір адам үлес қосқаны абзал. Бұл үшін айналасын бүлдірмесе, қоқысты көрінген жерге лақтырмаса және оны қоқыс түріне қарай бөліп тастаса, соның өзі жетіп жатыр. Қалғаны құзырлы құрылымдардың жұмысы. Отанға деген махаббат табиғат пен қоршаған ортаны таза ұстаудан да көрініс береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу