"Астананың" Конференция лигасындағы қарсыластары жайлы не білеміз?

612

Елордалықтар загребтік "Динамо" (Хорватия), "Виктория" (Чехия) және "Балкани" клубтарымен (Косово) бір топқа түсті.

"Астананың" Конференция лигасындағы қарсыластары жайлы не білеміз? Фото: fcastana.kz

Биыл "Астана" тарихта алтыншы рет еурокубоктың топтық кезеңінде өнер көрсетеді. Елордалық ұжымның "С" тобындағы қарсыластары өте мықты. Сондықтан ел чемпиондарына ұпай алуға ешкім кепілдік бермейтіні қазірдің өзінде белгілі. Ал біз олардың плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігін бағалап көрейік.

Елордалықтар загребтік "Динамо" (Хорватия), "Виктория" (Чехия) және "Балкани" клубтарымен (Косово) бір топқа түсті. "Динамомен" "Астана" бір ай бұрын кездескен. Ол уақытта қазақстандық команданы "Динамо" Чемпиондар лигасынан 6:0 (4:0, 2:0) есебімен шығарып жіберген болатын. Ал "Виктория" өткен аптада "Тобылды" еуросыз қалдырды – 5:1 (2:1, 3:0). Тек "Балканимен" қазақ жанкүйерлері онша таныс емес.

Барлығы дерлік "Динамоны" топтық кестеде бірінші орын үшін күресте айқын фаворит деп санайды. Тіпті хорват жанкүйерлері де мұны алға тартып отыр.

24 дүркін ел чемпиондары алты жыл қатарынан Хорватия футболының тәжін ешкімге бермей келеді. 2008 жылдан бері "Динамо" еуропалық жарыстардың топтық кезеңіне 15 рет қатысып, тек 2017/18 маусымында іріктеуден өткен жоқ. 2018 жылы олар Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде "Астананы" 3:0 (2:0, 1:0) есебімен ұтты. Ал бес жылдан кейін олар дәл сол қарсыластарын әлдеқайда ірі есеппен жеңді - 6:0 (4:0, 2:0).

Чехиялық "Виктория" да оңай шағылар жаңғақ емес. Бұл команда "Астана" сияқты 2015/16 маусымынан бері еуропалық доданың топтық кезеңіне алтыншы рет қатысып отыр. Осы уақыт ішінде пльзендіктер екі рет Чемпиондар лигасында, төрт рет Еуропа лигасында өнер көрсетті. Тәжірибелі Еуропа кубогының қатысушылары өткен маусымды Чехия чемпионатын үшінші орынмен аяқтады. Сондықтан команда бірден Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңіне жолдама алды. "Виктория" С тобына шықпас бұрын алты кездесудің бесеуінде жеңіске жетіп, тек бір рет тең түскен. Олар косоволық "Дритадан" – 2:1 (0:0, 2:1), мальталық "Гзира Юнайтедтен" – 6:0 (4:0, 2:0) және қазақстандық "Тобылдан" – 5:1 (2:1, 3:0) басым түсті.

"Динамомен" салыстырғанда Чехияның алты дүркін чемпиондарының жолы "Астанамен" ешқашан тоғысқан емес. Соңғы он жылдағы еуропалық аренадағы жетістіктері жағынан олар айтарлықтай алда. Қазақстандық клуб бұған дейінгі бірнеше маусымда еурокубоктарда ойдағыдай нәтиже көрсете қоймады. Ал Виктория 2018 және 2023 жылдары Чемпиондар лигасының тобында "Реал", "Барселона" және "Бавария" сияқты командалармен текетіресте тәжірибе жинақтағаны анық.

"Балкани" биылғы еуромаусымды Чемпиондар лигасында болгариялық "Лудогорецке" жеңілумен бастады – 2:4 (2:0, 0:4). Өткен жылы "Балкани" Конференция лигасында өз тобында төрт ұпай жинап, түріктің "Сивасспор", Румынияның "ЧФР" және Чехияның "Славия" клубтарымен төрттікте соңғы орынға тұрақтады.

Осылайша С тобында әрбір команданың осал емес екеніне көз жеткізуге болады. Конференция лигасының топтық кезеңі 21 қыркүйекте басталады. Бұл күні "Астана" өз алаңында Загребтің "Динамосымен" ойнайды. Айта кету керек, демалыс күндері топтық кезеңдегі "Астананың" әрбір қарсыласы өз ішкі біріншіліктерінде жеңіске жетті. Ал елордалық ұжым ұлттық құрамалардың алдағы матчтарына байланысты үзіліс алды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу