Астананың ЖЭО-ларын газдандыруға 50 млрд теңге қажет

2779

Индустриялық құрылысты кім қаржыландыратыны әзірше белгісіз.

Астананың ЖЭО-ларын газдандыруға 50 млрд теңге қажет

Елорданың әкімдігіне үш ЖЭО-ны газдандыру үшін 50 млрд теңге көлемінде инвестиция қажет. Бұл туралы баспасөз жиынында Астана қаласы әкімдігінің отын-энергетика кешені және ТКШ басқармасының бөлім басшысы Мақсат Есмағұлов мәлім етті.  Оның айтуынша, қазіргі таңда жобаның ТЭН-і сараптамадан өтуде. ТЭН-нің қорытындысы қараша айының басында дайын болады деп болжанған

Сонымен қатар тарату желілері құрылысы бойынша кезеңдерді жобалау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы алғанда елорда үш кезеңмен газдандырылады. Мекеменің дерегіне сүйенсек, қаланы газбен қамтасыз ету үшін айналма магистраль жүргізіледі. Ол қала төңірегіндегі кенттердің тұрғын үй массивтеріне дейін тартылмақ.

Бірінші кезең бойынша жобалау аяқталды. Ол төрт іске қосушы кешенді газдандыруды қамтиды.  Алғашқы екі іске қосушы кешеннің арқасында ЖЭО-ға газ жеткізу көзделген. Сондай-ақ бірінші кезең аясында Көктал-1 және Көктал-2 аудандары газдандырылып, Железнодорожный кенті мен қаланың оңтүстік-шығыс бөлігіне дейін желі тартылады. 2021 жылдан кейін екінші кезең – Мичурин, Интернационал, Тельман, Garden village және Family village, Күйгенжар кенттеріне желі тарту қолға алынады. Үшінші кезең аясында Ильинка кентін, Шұбар шағын ауданы және Өндіріс тұрғын үй массивін газдандыру қарастырылған.

Осы тұста таратып айтсақ, бірінші кезең тоғыз іске қосушы кешеннен тұрады. Бірінші кезеңде 1-ЖЭО мен 3-ЖЭО-ны, сужылытқыш қазандықтарды газбен қамтамасыз ету қарастырылған болса, екінші іске қосушы кешен 2-ЖЭО-ға газ беруді қамтамасыз етпек. Үшінші іске қосушы кешен Көктал-1 және Көктал-2-ні газға қосуды қарастырады. Әкімдіктің дерегі бойынша, бұл жерде 75 автономды қазандық болады, олар газ жүйесіне автоматты түрде қосылады. Есептеулер бойынша, бірінші кезең ауаға бөлінетін зиянды заттарды 70%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Төртінші іске қосушы кешен аясында Железнодорожный, Силикатный, Оңтүстік-шығыс ауданның оң және сол бөліктерін газдандыру тұр.

Желілерді салуға республкалық және жергілікті бюджеттен қаражат бөлу, сонымен қатар инвестор тарту қарастырылуда. Әкімдіктегілер тұтынушы үшін газға қосылудың құны мен көгілдір отынның тарифі қанша болатынын айтқан жоқ. Олар бұл мәселелер монополияға қарсы органдармен бірлесе шешілетінін атап өтті.

Майра Медеубаева

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться