Астық келісімі әлем үшін несімен маңызды?

1853

Бүгін оның мерзімі ұзартылмаса, жер-жаһанда жүздеген миллион адамға аштық қаупі төнуі мүмкін.

Астық келісімі әлем үшін несімен маңызды? Фото: m.censor.net

Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Түркияның арағайындығымен Украина мен Ресей арасында жасалған астық келісімі миллиондаған адамы аштыққа ұшыраған елдерге азық-түлік пен тыңайтқыш жеткізуге жол ашып, жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылықты азайтқан болатын.

Мәскеу өз талаптары орындалмайынша, дүйсенбіде аяқталатын келісімді ұзарта алмайтынын айтып, риторикасын күшейтіп отыр. Соның ішінде ауылшаруашылығы өнімдері саудасының жолындағы кедергілерді жою тәрізді талаптар бар.

Қара теңіз астық бастамасы өткен тамыздан бері Украинадан 36,2 миллион тонна азық-түлік экспорттауға мүмкіндік берген. Оның жартысынан көбі дамушы елдерге, әсіресе, Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасынан көмек алатын мемлекеттерге жөнелтілген.

Фото: wfo-oma.org

"Егер бұл келісім жаңартылмаса, азық-түлік бағасы қайтадан шарықтайды", - дейді БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас экономисі Максимо Тореро.

Жақсы жаңалық сол, кейбір сарапшылар бидай сияқты жаһандық азық-түлік тауарлары құнының тұрақты түрде өспейтінін болжап отыр. Өйткені бүгінде әлемде астық жеткілікті. Бірақ көптеген елдер қазірдің өзінде аштықты өршітетін жергілікті азық-түлік бағасының қымбаттауымен күрес жүргізіп жатыр.

Маңызды келісім мен оның әлем үшін нені білдіретініне тоқталсақ, бұл мәселеге қатысты сауалдардың жауабының қысқаша сипаты төмендегідей:

Астық келісімі дегеніміз не?

Украина мен Ресей 2022 жылдың тамызында Мәскеу басқыншылығына байланысты бірнеше айға жабылып қалған Қара теңіздегі үш портты (укракиналық) қайта ашатын жекелеген келісімдерге қол қойды. Сондай-ақ бұл уағдаластықтар Батыстың санкциялары жағдайында ресейлік өнімдердің де саудалануына ықпал етті деуге болады.

Екі ел де бидай, арпа, күнбағыс майы және Африка, Таяу Шығыс, Азияның кейбір бөліктері тәуелді өзге де ауылшаруашылығы өнімдерінің негізгі жаһандық жеткізушілері саналады. Сонымен қатар, Украина жүгері экспорттаудан, ал Ресей – тыңайтқыш сатудан көш басында тұрған елдердің бірі.

Фото: АР агенттігі

"Әлемнің нан себеті" аталып кеткен Украинадан агроөнеркәсіп өнімдері экспортының тоқтауы жаһандық азық-түлік дағдарысын ушықтырып, дүниежүзінде астық бағасының шарықтауына әкеп соқты.

Астық келісімі Украина порттарына кіретін және олардан шығатын кемелерге шабуыл жасалмайтынына кепілдік береді. Бұл кемелерді Ресей, Украина, Біріккен Ұлттар Ұйымы және Түркия инспекторлары тексеріп оларға қару-жарақ емес, азық-түлік тиелгеніне көз жеткізіп отыруға тиіс.

Әр төрт ай сайын ұзартылатын келісім осы уақытқа дейін үш рет жаңартылды. Соңғы екеуі екі айға ғана созылған. Себебі Ресей өз экспорты тежелді деп бұл құжаттың мерзімін 60 күннен асыруға келіспей отыр.

Неге қол жеткізілді?

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін, рекордтық деңгейге жеткен ауылшаруашылығы тауарларының әлемдік бағасын төмендетуге бұл келісім көп көмектесті.

Соғыс дүниежүзінде азық-түлік пен энергияны қымбаттатып жібергендіктен, миллиондаған адам кедейлікке ұшырап, онсыз да осал елдер үлкен аштық қаупіне душар болды.

Астық мәмілесі нәтижесінде 800 мың тонна гуманитарлық азық-түлікті Украинадан шығарып, ашаршылыққа жақындаған елдерге, соның ішінде Эфиопияға, Ауғанстанға және Йеменге жеткізуге мүмкіндік туды.

"Соғысушы тараптар мен екі делдалдың гуманитарлық өнімдерді жеткізетін дәліз құруға келіскені өте ерекше құбылыс", – дейді Әлемдегі коммерциялық флоттың 80%-ы атынан өкілдік ететін Халықаралық теңіз палатасының аға менеджері Джон Стауперт АР агенттігіне берген сұхбатында.

Келісімге қандай қауіп төнді?

Ресей президенті Владимир Путин Батыс "берген уәделерін" орындамаса, Мәскеудің астық келісімнің мерзімін ұзартпайтынын ескертті.

Фото: m.politnavigator.net

"Біз ізгі ниетпен бұл келісімді ұзартуға бірнеше рет келістік. Жетеді енді",– деді Путин бейсенбі күні журналистерге.

Ол Ресей ауылшаруашылығы банкіне салынған санкциялардың тоқтатылуын және ауыл шаруашылығы экспортына кедергі келтіріп отырған тасымалдауға және сақтандыруға қатысты шектеулердің доғарылуын талап етіп отыр.

Кейбір компаниялар санкцияларға байланысты Ресеймен бизнес жасаудан қауіптенеді. Бірақ Батыс азық-түлік пен тыңайтқыштардың шектеулерден босатылатынына уәде берген.

Ал БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш өткен аптада Путинге хат жолдап, ауылшаруашылығы банкі арқылы транзакцияларды жеңілдетуді ұсынған.

АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің есебінше, Ресей 2022-2023 сауда жылында рекордтық 45,5 миллион метрикалық тонна бидай экспорттаған. Ал 2023-2024 жылдары бұл көрсеткіш 47,5 миллион метрикалық тоннаға жетіп, тағы да рекорд жаңартылуы ғажап емес.

Кімдерге әсер етті?

Халықаралық құтқару комитеті бұл астық келісімін "аштық қаупіне душар болған 79 ел мен 349 миллион адам үшін өмірлік тірек" деп атады.

"Мысалы, Шығыс Африкада қатты құрғақшылық пен су тасқынынан ауыл шаруашылығымен айналысатын 2,2 миллион адамның егіні жойылды. Азық-түлік мәселесінде тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін астық мәмілесінің ұзағырақ мерзімге жасалғаны маңызды", – дейді осы комитеттің Шығыс Африкадағы төтенше жағдайлар жөніндегі аймақтық директоры Шашват Сараф.

Астық келісімі жалғаспаса, Ливаннан Мысырға дейінгі аралықтағы импорттық азық-түлікке тәуелді елдер Қара теңіз аймағынан тыс мемлекеттерден жеткізушілерді табуы керек. Ал мұндай елдер алыста, демек жол шығыны артып, астық құны қымбатқа түспек.

Фото: АР агенттігі

Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының бас экономисі Ариф Хусейннің ойынша, Қара теңіз астық келісімі жаңартылмаса, табысы төмен елдер мен адамдар үшін азық-түлік "қолжетімсіз тауарға айналады".

Украина ше?

Украина экономикасы ауыл шаруашылығына тәуелді және соғысқа дейін оның астық экспортының 75 пайызы Қара теңіз арқылы жүзеге асырылған.

Украина өз азық-түлігін шетелге Еуропа арқылы құрлықпен де, өзен арқылы да шығара алады. Сондықтан астық келісімі аяқталса, Киев әлемдік нарықтан айырылмайды. Бірақ құрлық пен өзен жолдарының өткізу қабілеті теңізбен салыстырғанда әлдеқайда төмен және мұндай тасымал көрші елдердегі фермерлердің наразылығын тудырады.

Осыған қарамастан, Украинаның астық қауымдастығы Дунай өзенімен көршілес Румынияның Қара теңіз порттарына көбірек астық жөнелтіп, бұл бағыт бойынша ай сайынғы экспортты 4 миллион метрикалық тоннаға жеткізуге немесе екі есеге арттыруға болатынын мәлімдеп отыр.

Украинадан бидай жөнелтілімдері соғысқа дейінгі орташа көрсеткіштен  40%-ға төмендеген.  

Украина Ресейді кемелерді тексеруді бәсеңдетіп, олардың жаңаларының астық келісіміне қосылуына кедергі жасап, азық-түлік экспортын қазандағы 4,2 миллион метрикалық тоннадан маусымда 2 миллионға дейін төмендетті деп айыптады.

Азық-түлік қауіпсіздігіне тағы нелер әсер етеді?

Пандемияның зардаптары, экономикалық дағдарыстар, құрғақшылық пен басқа да климаттық факторлар адамдардың жеткілікті тамақтану қабілетіне әсер етеді.

Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының шілдедегі есебіне жүгінсек, әлемде азық-түлік көмегіне мұқтаж 45 ел бар екен. Ішкі нарықтағы азық-түлік бағасының жоғары болуы сол елдердің көпшілігінде, мәселен, Гаитиде, Украинада, Венесуэлада, Африка мен Азияның кейбір мемлекеттерінде аштыққа әкеліп соғуда.

Бірақ кейбір сарапшылар Украинадан жетпей қалған аграрлық өнімдердің орнын толықтыру үшін басқа елдерде астық жеткілікті деңгейде жиналып жатыр деп санайды.

Ресейдің орасан экспортынан басқа, Еуропа мен Аргентина да бидай жөнелтуді күшейтіп, Бразилия биыл жүгері жинаудан рекорд жасап отыр.

"Қазіргі жағдайға нарықтар да, өндірушілер де бейімделіп жатыр. Ал бидай мен жүгері нарықтары оған өте тез бейімделді",– дейді S&P Global Commodity Insights компаниясының астық  нарығын талдау бөлімінің басшысы Питер Мейер АР агенттігіне берген сұхбатында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу