Астық контрабандасы салдарынан ел бюджеті 660 млн теңгеден қағылып отыр

1165

Сенат депутаты Андрей Лукин Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа осы мәселе бойынша депутаттық сауал жолдады. 

Астық контрабандасы салдарынан ел бюджеті 660 млн теңгеден қағылып отыр   Фото: pixabay.com

Сенатор астық контрабандасының мәселелерін көтерді, деп жазады inbusiness.kz

"Қазақстанға ЕАЭО елдерінен әкелінген астық отандық өнім ретінде экспорттала бастаған. Бұл ретте кәсіпкерлер де ел бюджетінен төлемдер алып отыр", - деді ол.

Андрей Лукин өз сөзінде республикамызда жалған құжат бойынша Ресейден Қазақстанға бидайды салық төлемей заңсыз әкелудің тұрақты жолдары бар екенін жеткізді. Бұдан бөлек бұл астықты ЕАЭО-дан тыс жерлерге экспорттағаны үшін кәсіпкерлер одан кейін де Қазақстан бюджетінен төлемдер алып отырғанын айтты.

"2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Ресейден СҚО аумағына 450 мың тоннадан астам бидай әкелінген. Олар Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің ілеспе құжаттары бойынша астық қабылдау пункттеріне тапсырылған. Құжаттамалық рәсімнен кейін трейдерлер ол өнімді қазақстандық тауар ретінде елден тысқары жерге экспорттады. Бұл бюджет қаржысы есебінен қосымша құн салығын экспорттаушыларға заңсыз қайтарып беруге әкеп соқтырды. Құқық қорғау органдары жалған құжаттар бойынша бидайды заңсыз әкелу схемасын растап отыр. Ресейден Қазақстанға әкелінген тауардан төленбеген қосымша құн салығы түріндегі мемлекетке алдын ала келген залал 660 млн теңгеден асты", - деді сенатор.

Ол бұл жағдайға Ресейден әкелінетін астық өнімдерін пайдалануды есепке алу және одан әрі бақылау жүйесінің болмауы себеп болып отырғанына ерекше тоқталды. Сонымен қатар экономикалық контрабанда мәселесі оны дұрыс анықтау тұрғысынан алғанда өзекті екенін жасырмады.  

"Қылмыстық заңнамада бір қылмыстық ниет үшін қылмыстық құқық бұзушылықтың екі түрі көзделіп отыр. Егер біреуінде тауарды тәркілесек, екіншісінде қажетті төлемдерді төлегеннен кейін тауарды қайтаруға тура келеді. Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысында да осы қылмыстық құқық бұзушылықтар белгілерінің нақты айырмашылығы жоқ. Салдарынан Жетісу облысында экономикалық контрабанданың қылмыстық құрамын әр түрлі түсіне бастады. ТНВЭД кодын дұрыс көрсетпегені үшін біреуді контрабандист деп таниды, екіншісін "жалтарғаны" үшін айыптайды", - деді сенатор. 

Депутаттың сөзінше, мұндай жағдайларда контрабанданы жалтарудан ажыратуға бағытталған түзетулер енгізу арқылы осы жағдайға заңнамалық араласудың шұғыл қажеттігі туындап отыр.

Андрей Лукин "контрабанда" мен "жалтару" қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін ажыратуды, ЕАЭО елдерінен әкелінетін тауарларды есепке алу және бақылау процесін цифрландыруды, сондай-ақ тауарларды көлеңкелі әкетудің жолын кесу жұмысын күшейтуді ұсынып тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу