Қазақстандық файтер Асу Алмабаев Дохада өткен UFC турнирінде жапониялық Кедзи Хоригутиден жеңілгеннен кейін пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
21 қарашада Қатар астанасында өткен UFC Fight Night 294 турниріндегі жекпе-жек үш раундқа созылды. Төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіс Кедзи Хоригутиге берілді. Есеп – 30:27, 30:27, 29:28.
Асу Алмабаев жекпе-жек барысында жеті рет сәтті тейкдаун жасап, қарсыласын партерге түсіргенімен, төрешілердің шешімі жапониялық спортшының пайдасына шықты. Хоригути төменгі позициядан белсенді әрекет етіп, ауырту әдістерін қолдануға тырысқан әрі қарсыласына зақым келтірген.
Жекпе-жектен кейінгі бейнеүндеуінде Алмабаев нәтижеге қатысты ақталғысы келмейтінін айтты. Дегенмен, кездесудің соңына дейін жеңіске жететініне сенімді болғанын, әр раундтан кейін бұрышындағы бапкерлері де оның басым екенін жеткізгенін атап өтті.
Сондай-ақ қазақстандық файтер төрешілердің шешімі Хоригутидің өзін де таңғалдырғанын айтты.
Сонымен қатар файтер отандастарын өзгенің сәтсіздігін талқыламай, әлемдегі ең мықты лиганың октагонында өз мүмкіндігін көрсетуге шақырды.Оның пікірінше, ел спортшылары рейтингтің үздік 20, үздік 10 және үздік бестік қатарына енуді мақсат етуі керек.
Кедзи Хоригутиден жеңілу 32 жастағы Асу Алмабаевтың UFC-дегі екінші жеңілісі болды. Осы нәтижеден кейін оның қатарынан үш жекпе-жектен тұратын жеңіс сериясы үзілді.