Асу Алмабаев тарихи жекпе-жекке қатысты ойын айтты

972

Бүгін, 27 ақпанда Лас-Вегаста аралас жекпе-жек шебері Асу Алмабаевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. 

Асу Алмабаев тарихи жекпе-жекке қатысты ойын айтты Фото: ufceurasia / asu_zulfikar57

Қазақстандық спортшы алғаш рет UFC турнирінің басты жекпе-жегіне қатысып, әлемдік промоушеннің негізгі кардын бастамақ.

Бұл Қазақстан ММА тарихындағы маңызды оқиға. Журналистермен кездесу барысында Асу Алмабаев алдағы қарсыласы, рейтингте жеңіл салмақтағы дивизионның 6-орнында тұрған португалиялық Манель Капемен өтетін жекпе-жекке дайындығы туралы ой бөлісті.

Алмабаев үшін бұл жекпе-жек өзінің деңгейін дәлелдеп, дивизионның ең мықты файтерлерінің қатарына қосылуға үлкен мүмкіндік.

"Келесі белбеу үміткері екенімді дәлелдеймін", – деп спортшы UFC-де чемпиондық белбеу үшін күресуге дайын екенін мәлімдеді.

Асу қарсыласының осал емес екендігін де атап өтті. Манель Капенің басты қаруы – оның техникасы, сондықтан жекпе-жек қиын сынақ болмақ.

"Осындай жекпе-жекте қарсыластан барлығын күтуге болады. Біз мұнда шахмат ойнамаймыз – біз күресеміз және мен кез келген жағдайға дайынмын", – деп қоса кетті Асу.

Бұл сөздер Алмабаевтың тек физикалық емес, тактикалық тұрғыдан да дайын екенін көрсетеді. UFC-дегі әр секунд жекпе-жектің тағдырын шешетінін ескерсек, мұндай дайындық аса маңызды.

2 наурызда UFC Fight Night 253 аясында өтетін Асу Алмабаев пен Манель Капенің жекпе-жегі жылдың ең жарқын оқиғаларының бірі болмақ. Қазақстандық ережесіз жекпе-жек шебері тек өз елін әлемдік деңгейде танытып қоймай, болашақ жас буынға үлкен үлгі көрсетеді.

Айта кетейік, Асу Алмабаев UFC-дегі дебюттік жекпе-жегін 2023 жылы өткізді және промоушенде осы уақытқа дейін төрт жекпе-жекке шықты.

Қазіргі уақытта Асу жүз пайыздық жеңіс статистикасына ие және жеңіл салмақ дәрежесінде 8-орында тұр. Егер ол Капені жеңсе, чемпион Алешандре Пантожаға қарсы титулдық жекпе-жекке үміткер атанады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу