Ата-аналар комитетіндегілер ұйқы мен күлкіден айрылды

2402

Қазақстанда мектеп директорларын ротациялау басталып жатыр.

Ата-аналар комитетіндегілер ұйқы мен күлкіден айрылды

Кейбір мектеп басшыларының бір орында тым көп отыратынын Білім және ғылым министрлігі бұрыннан мәселе етіп көтеріп келеді. Тіпті бір мектепті 15-20 жыл басқарғандар бар көрінеді. Содан ұзақ талқылай келе, 2021 жылғы 11 қарашада 5-7 жыл сайын директорларды ауыстырып отыру жөнінде шешім қабылданды. 

Бұл науқан басталып та кетіпті. Демек оқушылар қыркүйекте білім ордасына оралғанда онда басшылық, завучтер, тіпті мұғалімдер ауысып кетуі әбден мүмкін. Себебі командамен көшіп жүру кеселі білім саласына да кең таралған. 

Ата-аналар комитетіндегілер алғашқы болеп дабыл қағып, жоғарғы инстанцияларды жауған хаттың астында қалдырды. Жалпы қамқоршылық кеңестер, ата-аналар комитеттері мектеп басшылығымен әмпей-жәмпей, ым-жымы бір болатыны жасырын емес. Осының арқасында екі жақ та бір-біріне түрлі істе сүйеу болады.  

Сонымен бірге арыз иелері жаңа басшы жап-жақсы мектептің берекесін кетіріп, шырқын бұза ма деп қорқатындарын айтады. Мысалы, Теміртау қаласындағы №16 мектептің жалпымектептік ата-аналар комитеті директор В.Голубеваға тиіспеуді қиыла сұрайды.

"Валентина Степановна директорлықтың 2-ші санатына, педагог-зерттеуші дәрежесіне ие. Ұзақ жыл ішінде білім ордасына тамаша әкімшілік команданы – озық педагогикалық құрамды жинай алды. Соның арқасында шәкірттердің білім деңгейін көтерді, оқушыларымыздың жетістіктері жоғары. Олар олимпиадаларға үнемі қатысады, жүлде алады. Биылғы жылы бастапқы сыныптарымыз "Жыл командасы" атанды. Бәрін темірдей тәртіпке келтірді. Мектепке түбегейлі жөндеу жүргізді, ауланы абаттандырды. Біздің мектеп – қаладағы жалғыз экологиялық мектеп. Ең лас қала саналатын Теміртау үшін бұл үлкен жетістік", – дейді ата-аналар комитетінің жетекшісі Елена Кретинина. 

Оның байламынша, жаңа директор қырсыз болып шықса, жылдар бойғы жетістікті ары дамыта алмай, істі жарға жығуы ықтимал. Сондай-ақ завучтар, бірқатар мұғалімдер, тіпті ата-аналар мен балалар басқа мектепке ауысуға ниетті көрінеді.  
Қаскелең қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің қамқоршылық кеңесі де жергілікті білім басқармасының мектеп директоры Қорлан Тұрсынованы басқа мектепке ауыстыру туралы шешіміне келіспей отыр. 

"Қорлан Дәуітханқызы ата-аналар мен ұжымы арасында беделге ие болған тұлға, білікті ұстаз. Ата-аналар баласын осы білім ордасына беруге тырысады. Мектептің үлкен әрі үш ауысымда оқып жатқанына қарамастан ол әрбір ата-анамен, әрбір оқушымен, ұстазбен тіл табысып, жылы қарым-қатынас орнатып, әрқайсысының жағдайына жіті көңіл бөліп келе жатқан басшы. Осындай елге жайлы басшылар ротацияланбай, жұмысын әрі қарай неге жалғастырмасқа?! Ротацияға жұмысын істей алмайтын басшыларды жіберген абзал. Ауылдық жерлерде 15-20 жыл отырған директорлар қала береді де, қала директорлары неге ауыстырылады?! Ротация туралы заңда әділдік болуы керек!", – дейді қамқоршылық кеңесінің төрағасы Зейникамал Байжанова.

Айта кету керек, басшыларды жаппай ротациялау процесіне балабақшалар, музыкалық мектептер, оқушылар сарайлары мен үйлері, қосымша білім беру, тіпті спорт-тәрбиелеу ұйымдары да іліккен көрінеді.  

Талдықорған қаласындағы №1 Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі тербиеленушілерінің ата-аналары да арызданып жүр. Ойлағандары – спорт мектебінің директоры В.Дроздовты ротация құрығынан құтқарып қалу. 

"Біз оны атқарып келген лауазымында қалдыруды талап етеміз. Ол қаламыздағы спорттың дамуына үлкен үлес қосты. Соның арқасында жасөскіндердің спортқа деген қызығушылығы артты. Ол жаттығуларға өзі қатысып, балаларды спортпен шұғылдануды жалғастыруға жігерлендіреді, саламатты өмір салтын насихаттады. Ол басқарған тұста мектептен түрлі деңгейдегі жүлдегерлер көп шықты. Біз оны ауыстыру туралы бұйрықты орынсыз, заңға қайшы деп санаймыз. Алдында Алматы облысының әкіміне шағымдандық, мәселені жергілікті деңгейде шешуге тырыстық. Болмады. Енді елордаға жүгіпіп отермыз", – дейді ата-аналар атынан Инна Жақыпова. 

Әрине, ротация науқаны бірінші кезекте директорлардың тынышын кетірді, бәрі толқу үстінде. Мысалы, орыс мектептерін басқарып келген адамдарды қазақ мектебіне ауыстыруда. Бұл бір жағынан, оның мемлекеттік тілді меңгеруіне түрткі болуы мүмкін.

Екінші жағынан, ол қазақ тілді мұғалімдер ұжымымен, жергілікті ата-аналар комитетімен сыйыспауы да ғажап емес. 

Түркістан облысындағы Леңгір қаласында жалғыз ғана орыс мектебі бар. Содан №5 мектеп-гимназиясының ата-аналар комитеті Білім және ғылым министрлігіне хатында директорды ротациялауға жол бермеу үшін тіл мәселесін сылтау етіпті. 

"Біздің мектеп-гимназиямыз тек қаладағы ғана емес, бүкіл облыстағы толығымен орыс тіліндегі жалғыз мектеп. Ал ротацияның басты бір шарты – білім беру ұйымдары үлгі-типі бойынша бірдей, тең болуға тиіс емес пе? Онда біздің директор қазақ мектебіне қалай барады?", – деп алаңдайды №5 гимназиясының ата-аналар комитеті атынан Альфия Халимова. 

Оқу-ағарту министрлігінің түсіндіруінше, Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 11 қарашадағы №559 бұйрығымен бекітілган "Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларында" тек бір ғана шарт бар. Бірінші басшыларды ротациялау бір елді мекен шегінде жүзеге асырылады.

"Ал мектеп-гимназия да орта білім беру ұйымдарына жатады. Бұл ретте орыс тіліндегі мектеп-гимназияның директорын қазақ тілді мектеп-гимназияға немесе керісінше, қазақ тілдісінен орыс тілдісіне ротациялауға болады. Бұған рұқсат етіледі. Ақырғы шешімді әрбір өңірдегі білім басқармасында құрылған комиссия қабылдайды", – деп түсіндірді Оқу-ағарту министрлігі.

Қалай болғанда, ротациялаудың қаншалықты орынды, ұтымды, тиімді шара болғанын оның алғашқы кезеңінің қорытындысы көрсетпек. Әзірге білім саласына кезекті сынақ жалғасуда.

Жанат Ардақ 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу