Ата-аналардың көңілін алаңдатып қойған жаңалық жарияланды

1079

Енді әскерден қашу мұңға айналады.

Ата-аналардың көңілін алаңдатып қойған жаңалық жарияланды Фото: canva.com

Соқталдай жігіттердің өзі неге армиядан қашатыны мәлім. Отанын қорғауға әскерге сап-сау кеткен бала кемтар болып үйіне оралуда, үмітпен аттандырған боздақ баласы үйіне табытпен әкелінуі мүмкін.

Жасөспірімнің жүрегін шайлықтыратын, әскерге баруға деген ынтасын төмендететін осындай оқиғалар ата-аналардың да мазасын кетіреді. Олар баласын әскерден алып қалудың түрлі жолын іздейді.

Келесі жылдан бастап бұған тосқауыл қойылуға тиіс. Ел Парламенті күзде басталатын жаңа сессиясында осыны қарастыратын "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы" заңын толық қабылдайды деп күтілуде. Мәжіліс оны мақұлдап та қойды.   

Төменгі палата депутаты Константин Авершиннің айтуынша, қолданыстағы заңнама бойынша "әскерге шақыруды кейінге қалдыру" мен "азаматтарды әскери қызметке шақырудан босатудың" қаптаған тетік-негізі көрсетілген. Соның біреуі – жастарға білім алуын шетсіз-шексіз жалғастыруына мүмкіндік береді.

"Алайда көптеген қазақстандық оны теріс пайдаланады: әскерге шақыру жасына жеткенде оқуға түседі. Оны аяқтай сала, екінші университетке немесе магистратураға қабылданады. Ары қарай тағы бір магистратураны таңдайды, докторантураға жетеді. Осылай 27 жасқа дейін соза береді. Содан кейін олар автоматты түрде "запасқа" шығарылады. Бұл ретте еңгезердей жігіттер қарапайым әскери дайындықтан да өтпейді және қажет бола қалған жағдайда тез сапқа тұрып, әскери борышын орындай алмайды. Автоматты дұрыс ұстауды да білмейтін ол басқа түгіл, тіпті өзін қорғай алмайды. Сондықтан әскерден босату ісінде тәртіп орнату керек", – деді Авершин.

Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев әскери борышты өтеуден босату негіздерін азайту бастамасы қолдау тауып отырғанын жеткізді.  

"Бұл өте орынды мәселе. Жаңа заң жобасында әскерге шақыруды кейінге қалдыру мәселелері кешенді түрде қайта қаралады. Бұл заң қабылданған соң жастар тек бірінші бакалавриаты не магистратурасы үшін ғана босатылады. Оны бітірген соң әскерге алынуға тиіс. Яғни, бірінші магистратурадан кейін екінші магистратураға түсу, сол арқылы шақыруды кейінге қалдыра беру сияқты схемаларға рұқсат берілмейді", – деді Қорғаныс министрінің орынбасары.

Мәжілісмен Сергей Пономарев жаңа заң жобасында жоғарғы білімнің әрбір деңгейінде 1 рет қана әскерден босатылуға мүмкіндік беру көзделгенін түсіндірді.

"Бакалавриат, магистратура, докторантура сияқты деңгейлерді еңсеріп, нақты бір салада ғылым қуған жастар жетерлік. Сондай-ақ бір мамандықты бітіре сала, екінші мамандық бойынша басқа университетке түсетін, сол арқылы уақыт созып, әскерден босатылар 27 жасқа жететіні де көп. Салдарынан, бірнеше жоғарғы білімнің ақысын төлей алатын байлар армияға бармайды. Осыған орай депутаттар жаңа заң жобасында білімнің әрбір деңгейінде әскерден 1 реттен артық босатпау туралы түзетуді ұсынды. Яғни, бакалавриаттан кейін магистратураға түспесе, әскерге алынады", – деді Пономарев. 

Ол армиядан жалтарудың тағы бір айла-шарғысын әшкере етті: жас жігіттер әскери оқу орнына түседі, бюджеттік қаражат есебінен 1 жыл оқиды да, оқуын тастап кетеді. Соған қарамастан, ол ары қарай мерзімді әскери қызметтен өтпеу құқығына ие болады.

Мұндай қулықты тыю үшін мәжілісмендер әскери оқу орындарынан шығарылған курсанттар мен кадеттерді военкоматтарға жолдап, келесі жолы әскерге шақыру үшін әскери есепке қоюды ұсынды.

Депутат Дмитрий Колода да әскерден қашудың бір схемасына назар аудартты, заң жобасын пысықтау барысында ол проблема да шешімін тапқаны жөн. Ол Ата заңның 36-бабына сәйкес, Қазақстанды қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті екенін, қазақстандықтар заңда белгіленген тәртіп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқаруға тиісті екенін еске салды.

"Алайда жастардың бір бөлігі әскерге бармау үшін әскери кафедраларға түседі. 2020 жылдан бері университеттер жанындағы әскери кафедраларға запастағы офицерлерді ғана емес, сондай-ақ запастағы сержанттарды да даярлау құқығы берілді. Әскери кафедралардың түлектері бірден запасқа шығарылады, мерзімді әскери қызметке шақырылмайды. Соның ішінде запастағы офицерлер Үкіметтің тиісті қаулысымен кейін әскери қызметті өткеруге шақырылуы мүмкін. Бірақ әскери кафедраларда сержант бағдарламасы бойынша оқығандар Конституциямен өзіне жүктелген борышын орындаудан толығымен босатылады", – деді Колода.

Оның айтуынша, осы арқылы конституциялық талап бұзылуда. Салдарынан, заң алдында бәрі тең болмайды. Заңнамадағы бұл олқылықты жою үшін бір топ депутат заң жобасына түзету ұсынды.

Оған сәйкес, тек запастағы офицерлер ғана емес, сондай-ақ мерзімді әскери қызметін өтемеген запастағы сержанттар да Үкіметтің арнайы қаулысымен әскерге шақырылуға тиіс.

Осы арқылы Қазақстан әскерлерді кіші қолбасшылық құраммен жасақтау бойынша қалыптасқан проблеманы шеше алар еді. Өйткені бүгінде ұлттық армиямызда сержант тапшы.

Дегенмен, мәжілісменнің айтуынша, бұл ұсынысты Үкімет қолдамай тұр, теріс қорытынды берген. Сонымен бірге неге қарсы екенін толыққанды түсіндіре алмаған, негіздемесі бұлыңғыр.  

Депутаттың байламынша, бұл "блаты" бар, бай-бағланның балаларын әскерден алып қалу тетігін сақтау үшін жасалуы мүмкін. Өйткені олардың бір бөлігі кафедралардың сержант бағдарламасын ақылы бітіріп алады да, ары қарай армияға бас қатырмайды.

Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан әскери атағы бар, бірақ әскермен "шатағы" жоқ сержанттарды да армияға алу – "Әділетті Қазақстанның" бір шарты болатынын білдірді.

"Меніңше, бұл өте дұрыс шешім болар еді. Бірінші кезекте әділеттілік болғаны жөн. Кафедраны бітірген запастағы офицерлерді Үкімет өз қаулысымен әскерге алады екен, онда сол кафедраны аяқтаған запастағы сержанттарды да шақыруға тиіс. Егер оған бармайды екен, онда Үкімет университеттер жанындағы әскери кафедраларға сержант даярлауға тыйым салсын", – деді мәжілісмен.

Қорғаныс министрінің орынбасары Жазықбаев проблеманың барын жасырмады. Оған Мемлекет басшысының да назары аударылыпты.

"Шынында, қалыптасқан тәжірибе бойынша Үкіметтің қаулысымен тек запастағы офицерлер шақырылады. Ал, запастағы сержанттарды шақыру мәселесі әлі заңды түрде үйлестірілмеген. Былтырғы қыркүйекте, Қауіпсіздік кеңесінің отырысында ел басшылығы Қорғаныс министрлігіне осы жағынан жұмысты үйлестіру туралы тапсырма берді. Пысықталады", – деп қысқа қайырды Шайх-Хасан Жазықбаев.

Ол сарапшылар мен депутаттар ұсынғандай "бүгінгі геосаяси ахуалға байланысты әскери кафедралар санын көбейту" жоспарланып отырмағанын жеткізді. Себебі, "әскери дайындалған резервті қалыптастыруға қазіргі бар кафедралар жеткілікті" деп танылған.

Жаңа заңның тағы бір жаңалығы – Қорғаныс министрлігіне ЖОО-лар жанындағы әскери кафедралардың регламенттеуші құжаттарын әзірлеуге, сондай-ақ олардың әскери даярлықты жүзеге асыруына бақылау-мониторинг жүргізу құзыретін беруді қарастырады.

Депутат Абзал Құспанның мәліметінше, жоғары оқу орындарында 600 мыңдай студент оқыса, соның ішінде 10 мыңдайы ғана, яғни, 3%-ға да жетпейтіні университеттер жанындағы әскери кафедраларда оқиды.

"Мен ЖОО әскери кафедрасында оқығанмын. Негізі, оларды дұрыстауға, түзеуге болады. Қазақстанның әскеріндегі жастар саны 40 мыңдай ғана. Оларға кафедрадағы 10 мың жасымызды қоссақ, 50 мыңы азды-көпті әскери дайындықтан өтеді. Сонда жастарымыздың 96%-ы ел басына күн туа қалса, ашығын айтқанда, "пушечное мясо" болады. Дәлдеп атпақ түгіл, қару ұстауды білмейді, заманауи әскери қарулардан да, әскери тәртіптен де хабары жоқ", – деді Құспан.

Сондықтан ол Қорғаныс министрлігінің ұстанымымен келіспейді: керісінше, әскери кафедралардың санын көбейту керек, оларды жекеменшік ЖОО-лар жанынан да қаптатып ашу қажет деген пікірде.

"Бұл кафедралар жұмысы жоғары оқу орындарының өз есебінен жүзеге асырылады, ақылы болады, бюджетке ешқандай салмақ түсірмейді. Оны бітіргендер әрине, мықты әскери маман болып кетпеуі мүмкін, бірақ ең болмаса әскери тұрмыс-тіршілікті таниды, қаруды дұрыс ұстауға үйренеді. Алмағайып жағдайда қайта даярлықтан өтіп, ел шебін қорғауға мүмкіндігі болады", – деді мәжілісмен.

Депутат Сергей Пономарев байлар Отан алдындағы қызметін өткермейтінін айтады. Заң бойынша Қазақстанның барлық әскери міндетті азаматтары кейін әскери жиындарға шақыруға жатады.

Қолданыстағы заңнама бойынша жиындардан өту кезінде жұмыс істейтін азаматтарға соңғы 6 айда тапқан орташа табысы көлемінде бюджет есебінен жалақы төленуге, негізгі жұмыс орны сақталуға тиіс.

Бюджетте қаражат тапшы болғандықтан мемлекет жоғары жалақы алатындарды әскери жиындарға шақырмауға тырысатын көрінеді.

"Салдарынан, елдегі орташа жалақыдан 2-3 есе жоғары табыс табатындар, мысалы, ІТ-мамандар, мұнайшылар әскери жиындарға шақырылмайды. Мемлекет өз есебінен оларға тиісті жалақысын төлей алмайды. Соның кесірінен Қазақстанда байлар әскерде қызмет етпейді. Енді депутаттар Еңбек кодексіне түзету ұсынып отыр. Ол бойынша әскери жиындарға шақырылу кезінде әскери міндеттілерге өз табысы емес, еліміз бойынша орташа жалақыдан аспайтын мөлшерде ғана еңбекақы төленетін болады. Ал, жұмыссыздарға жиын кезінде ең төменгі жалақы төленеді", – деді Пономарев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу