Atameken Business - Қытай медиакорпорациясының Орталық Азиядағы жалғыз серіктесі

964

Қытай елі алғаш Орталық Азия елінде тұрақты медиасеріктесін тауып, Atameken Business-пен бірлесе Silk Way шығармашылық студиясын құрды. 

Atameken Business - Қытай медиакорпорациясының Орталық Азиядағы жалғыз серіктесі Фото: inbusiness.kz

Қытай — Қазақстанның басты стратегиялық серіктесі. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстың одан әрі дамуы, кейінгі кездегі гео-ахуалдың ушығуы ақпарат майданында шынайы ақпараттың құндылығын арттыра түсті. Сол себепті екі елдің медиа кеңістігі бір арнада тоғысып, бүгін Atameken Business China Media Group медиакорпорациясымен бірлесе отырып ортақ Silk Way шығармашылық студиясының шымылдығын ашты.

Silk Way шығармашылық студиясы — бірлескен медиа жобалардың дүниеге келетін, екі елдің экономика мен бизнес саласындағы жаңалықтарымен алмасатын ортақ ортасы. Бүгінде осы жоба аясында Atameken Business телеарнасында Jibek jolynda және "Қытай жаңалықтары" бағдарламалары қалың көрерменге жол тартты және әлеуметтік желілерде ақпарат арналары ашылды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Негізі Atameken Business арнасы Қытай нарығын сонау 2019 жылдан бастап зерделей бастады. Сол уақыт аралығында 16-дан астам деректі фильм түсіріліп, оның ішінде "Соседи" фильмі өз санатында үздік атанды, ұлттық телевизиялық байқаудың жүлдегері болды. Ал осыдан 5 ай бұрын алғашқы бірлескен жоба — Jibek jolynda және "Қытай жаңалықтары" бағдарламалары қалың көрерменге жол тартты. 

"2019 жылы пандемияға дейін Қазақстан мен Қытай арасындағы бірлескен бизнес туралы 16 деректі фильм шығардық. Біздің шығармашылық топ Қытайға барып, өндіріс орындарын, іскерлік ортаны түсірді. Сол сияқты Аспан асты елінен елімізге шығармашылық топ келіп, жергілікті бизнес туралы репортаждар жасады. Бұдан бөлек біз Қазақстанның көршілес елдері туралы "Соседи" атты деректі фильмдердің циклын да жасадық. Соның ішінде Қытай туралы деректі фильм сол жылдары ұлттық телевизиялық байқаудың жүлдесіне ие болғанын атап өту керек", - деді "ATAMEKEN BUSINESS" медиахолдингінің Бас директоры Қанат Сахария.

Ал бүгін Қытай елі алғаш Орталық Азия елінде тұрақты медиасеріктесін тауып, Atameken Business-пен бірлесе Silk Way шығармашылық студиясын құрды. Енді ақпарат алмасу теледидар форматымен шектелмей, әлеуметтік желілерде ақпараттық арналар ашумен жалғасын табады. Бірлесе жасалған контенттің 90%-ы қазақ тілінде болмақ. 

"Қытай медиакорпорациясының бүкіл әлем бойынша 70 тілші бюросы, 100-ден астам серіктесі бар. Алайда бізде бұған дейін Орта Азия аумағында тұрақты түрде ақпарат алмасып, бірлесе медиаконтент жасайтын нағыз серіктес болған жоқ. Atameken Business — осы аумақтағы біздің жасаған алғашқы қадам, бірінші ынтымақтастық алаңы. Қазіргі Қытай-Қазақстанның белсенді стратегиялық ынтымақтастығын ескерсек, біздің жобаларымыз өз өміршеңдігімен ерекшеленеді және екі елдің іскер азаматтарын байланыстыратын медиа аяның құрылуына негіз болып отыр. 

Біз енді Silk Way — ортақ шығармашылық студиясын ашып отырмыз, бұдан былай ақпарат алмасу барысы тіптен ыңғайлы әрі жылдам болмақ. Сол арқылы қазақстандықтар Қытайдың ішкі нарығында не болып жатқанын біле алады, бізге де "Бір белдеу – бір жолда" жатқан елдің экономика мен бизнес саласындағы жаңалықтары қолжетімді болмақ",– деді Қытай медиакорпорациясы Еуразиялық бюросы директорының орынбасары Шао Цзяньгуан.

"ATAMEKEN BUSINESS" бас директоры медиахолдингінің миссиясы жаппай кәсіпкерлікті, бизнес идеяларды қолдау және дәріптеу, бизнесті қорғау, іскерлік қауымдастықты дамыту екенін баса айтып, "ATAMEKEN BUSINESS" пен Қытай медикорпорациясы арасында бірлескен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанын еске салды. 

"Бүгінгі таңда Қытай және қытай-қазақ ынтымақтастығы туралы жаңалықтар қазақша көрсетілетін шығармашылық студия жасайын деп отырмыз. Бұл арқылы қоғам, мемлекет, іскерлік орталар Қытайда болып жатқан экономикалық, қоғамдық, саяси процестер туралы біліп отыратын болады. Бұл Қытай мен Қазақстанның қоғамдары бірін-бірі көбірек түсінуі әрі жақын тани түсуі үшін қажет. Біздің медиахолдингке аудиториямыздың Қытайдың ішінде болып жатқан процестері туралы көбірек білгені маңызды", – деді Қанат Сахария. 

Шығармашылық студия — медиасеріктестіктің алғашқы қадамы ғана, жақын арада Atameken Business тұрақты түрде деректі фильмдер түсіріп, ал болашақта Қытай жаңалықтар легінде қазақстандық контентті таратуды мақсат тұтып отыр.

"Алғашқы осы екі бағдарламаның эфирге шыққанына 5 ай ғана болғанына қарамастан, біраз жұмыс атқарып, жаңа платформаға шығу жайында келісімге келе алдық. Бұл жобаны іске қосудан бөлек, келесі қадам деректі фильмдердің, басқа да жобалардың бірлескен өндірісі болмақ", – деп түйіндеді Қанат Сахария.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу