"Атамекен" әйел кәсіпкерлерге тегін семинар ұйымдастырды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
1793

Нұр-Сұлтан қаласында өткен екі күндік шараға 50-ге жуық адам қатысты.

"Атамекен" әйел кәсіпкерлерге тегін семинар ұйымдастырды

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесі әйел кәсіпкерлерге арналған екі күндік тегін семинар өткізді. Оған 50-ге жуық адам қатысты. Олар бизнес ашу және оны дамыту бағытында мол ақпарат алды.

Нұр-Сұлтан қаласы өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Бағила Бисембаеваның айтуынша, шара ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен ұйымдастырылған.

"Мұндай ауқымды семинар алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Өйткені, шара барысында қатысушыларға бизнесті ашуға және оны дамытуға қажетті білім мен тәжірибе берілді. Мақсатымыз – әйелдер бизнесін дамыту және насихаттау. Ал ол үшін мұндай семинарлар ауадай қажет. Сондықтан біз әйел кәсіпкерлерді қаржылық сауаттылыққа үйретіп, құқықтық білімдерін арттыруға тырыстық", – деді Бағила Бисембаева.

Сонымен қатар семинар барысына әйел кәсіпкерлерге "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынатын қаржылық емес қызметтер, кредиттік бағдарламалар туралы да мол мағлұмат берілді.

Семинарға қатысушылардың қатарында кәсіпкер Жанбота Өміртай да бар.

"Бизнеспен айналысып жүргеніме біршама уақыт болды. Сондықтан семинар барысында айтылған дүниелердің біразын өз басымнан өткердім. Яғни бизнес жоспар құру, қаржылық сауаттылық, құқықтық білім секілді кезеңдерден әлдеқашан өткем. Бұл жолы өзім қатарлы әйел кәсіпкерлерді қолдау үшін келдім. Оның үстіне білім ешқашан артық болмайды. Мен бизнес бастаған уақытта мұндай тегін семинарлар болмайтын. Сондықтан ақылы семинарларға қатысып, білімімізді жетілдірдік", – дейді Жанбота Өміртай.

Еске сала кетейік, мұндай семинарлар еліміздің барлық облыс орталықтарында ұйымдастырылды. Бұл ретте бизнес қоғамдастық тарапынан жоғары бағаға ие болғанын атап өтуге тиіспіз.

Семинарға қатысушылар арнайы сертификаттарға ие болды.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу