banner

"Атамекеннің" қауырт жағдайдан шығаратын ұсыныстары сын кезеңде айқын көрінді

Кәсіпкерлікті қорғайтын, қолдайтын Кәсіпкерлер палатасының жұмысы онлайн режимде болса да тоқтамағаны жақсы.  

"Атамекеннің" қауырт жағдайдан шығаратын ұсыныстары сын кезеңде айқын көрінді

Қызылордада облыстық Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесіне мүшелікке өтуге 37 үміткер тіркелді. Олардың отызы ер адам болса, қалғаны нәзік жандылар. Айналысатын салалық кәсібіне орай үміткерлердің 8 ауыл шаруашылығымен, 8 құрылыс, 8 сауда, 3 медицина, 2 білім қалғандары жеңіл өнеркәсіп, туризм, қоғамдық тамақтандыру және өзге салаларда жұмыс істейтін кәсіпкерлер.

Үміткерлер жайын Өңірлік іріктеу комиссиясының хатшысы Пірмұхаммед Сыздықов мәлімдеді.

Мүшелікке тіркелген кәсіпкерлер бүгінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Аталмыш шарадан соң 5-11 тамыз аралығында дауыс беру рәсімі өткізіледі.     

"Дауыс беру шарасы онлайн режимде 5-11 тамыз аралығында www.vote.atameken.kz интернет-порталында жүргізіледі. Облыстық кеңес мүшелерінің 60 пайызы облыс орталығындағы кәсіпкерлерден, 40 пайызы аудандардағы кәсіпкерлік субъектілерінен құралады", – деді іріктеу комиссиясының хатшысы.

Дауыс беруге аймақта тіркелген кәсіпкерлік нысандары мен ұйымдары қатыса алады және бір мекеме бір кандидатқа ғана дауыс бере алады.

"Дауыс беру үшін порталдағы "дауыс беру" бөлігіне өту қажет. Сол жерден Қызылорда облысын көрсетіп, үміткер таңдалады. Кандидаттың аты-жөнін басу арқылы бағдарламасымен танысуға болады. Үміткер үшін дауысты sms немесе электронды цифрлық қолтаңба арқылы беруге болады. SMS арқылы дауыс беру үшін ұйымның БСН, ЖСН нөмірлерін, дауыс берушінің телефон нөмірі көрсетіледі. Содан соң нөмірге келген sms кодты енгізу қажет. ЭЦҚ арқылы дауыс беру үшін ұйымның кілтін таңдау жеткілікті. Дауыс беру смартфон арқылы да қолжетімді", – дейді П.Сыздықов.

Жалпы алғанда, өңірлік кеңес мүшелігіне баратын кәсіпкер, облыстағы ахуалды жіті білуі шарт. Сондай-ақ, кәсіпкерлер мен халық үшін тиімді ұсыныс жасай алатын, өз мүддесін елдік тұрғыдан ойлайтын ұлтжанды азамат болуы құба-құп.

Өңірлік кеңестің сайлауға дейінгі құрамында жұмыс істеген Болат Нұрхожаев, "кәсіпкерлерді кеңес мүшелігіне сайланбалы негізде анықтаудың маңызы зор", дейді.

"Тәуелсіз, еркін қимылдайтын Кәсіпкерлер палатасының жедел шешім қабылдайтын кезеңде, кешегі төтенше жағдай кезінде қандай көмегі болғанын ел біліп, көріп отыр. "Атамекен осы не істеп жатыр?", дегендердің талайы оған көзі жетті. Дегенмен, кәсіпкерлікке әлі де кедергі көп. Бір ғана мысал, облыстағы монополист компания індетке байланысты қабылданған қаулыға сілтеме жасап кәсіпкерлерге техникалық шарт беруді тоқтатуды ұсынған. Алайда қаулыда ол көрсетілмеген, яғни монополистің ол қаулыға сілтеме жасауға негізі жоқ. Оның үстіне тұрғындарға, яғни заңды емес тұлғаларға бұл қызмет көрсетілуі тоқтамаған және өзге төрт монополист мекеме бұл қызмет түрлерін тоқтатқан да жоқ. Бұл, індет жағдайында жұмысы тоқтап тұрған кәсіпкерлерге ең болмаса қажетті құжаттарын реттеп, рәсімдеп алуға кедергі болады. Мәселені Кәсіпкерлер палатасы мен Қызылорда облысы кәсіпкерлік және туризм басқармасының ықпалымен шешімін тапты. Кәсіпкерліктің дамуы осындай кедергілерді дер кезінде шешілуінен болады, – дейді Б.Нұрхожаев.

Бүгінгі індет кезеңіндегі қиындықтардың ауыртпалығы кәсіпкерлерге де тиюде. Алдағы күндері экономикаға, әрбір кәсіпкерге бұдан да қиын күндер келмесіне тағы ешкім кепіл бола алмайды. Сондықтан кәсіпкерлікті қорғайтын, қолдайтын бірден-бір ұйым ретінде Кәсіпкерлер палатасы жұмысы онлайн режимде болса да тоқтамағаны жақсы. "Атамекен" ҰКП-ның жаңашылдығы, қауырт жағдайдан шығаратын ұтымды ұсыныстары сын кезеңде айқын көрінді.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу