Атырау әкімдігі "қоймадағы демеушілік көмекті" жоққа шығаруда

2170

"АТМА – Атырау әуежайы" АҚ берген көмек түгелдей таратылған". 

Атырау әкімдігі "қоймадағы демеушілік көмекті" жоққа шығаруда

Атырау облысы әкімдігі баспасөз қызметі арқылы "демеушілік көмектің қоймаға жасырылғанын" жоққа шығарды. Оған сәйкес, Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы 25 маусымда "АТМА – Атырау әуежайы" АҚ тарапынан берілген демеушілік көмекті 17 шілде күні облыстағы емдеу мекемелеріне тегіс таратыпты. Бұл мәселе Атырау облысы әкімінің тікелей бақылауында екен және ішкі қызметтік тексеріс нәтижесінде жұмысына салғырт қарау дерегі анықталған жағдайда жауапты тұлға жазаланбақ. 

Сонымен, облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Исатай аудандық орталық ауруханасына мамыр-шілде айларында демеушілік есебінен бөлінген медициналық 10140 дана медициналық маска,  660 дана медициналық комбинезон, ал Жылыой ауданына мамыр және шілде айларында 13 110 дана маска, 180 дана обаға қарсы костюм, 2070 дана қорғаныш комбинезоны, 190 дана қорғаныш көзілдірігі және 300 дана қорғаныш экраны мен 7663 дана қолғап жеткізілген. Қазіргі уақытта аталған медициналық ұйымдарда  қорғаныс құралдары және қажетті заттардың қоры жеткілікті.

Сондай-ақ, демеушілік көмек есебінде келген заттар әдетте Атырау қаласындағы Геолог емханасы жанындағы орталықтандырылған қоймаға жинақталады. Нақты есебі жүргізілгеннен соң, медициналық орындар үшін көрсетілген демеушілік көмек заттары емдеу мекемелерінің сұранысына сай қала және аудандарға таратылады. "Бұл жерде Геолог емханасынан басқа емдеу мекемелерінде көмек заттар қорын сақтауға арналған орынның жоқ екендігін де атап өткеніміз жөн. Оның үстіне, кез келген жағдайға дайын болу үшін, қоймада кемінде екі апталық қор (медициналық қорғаныс құралдары жиынтығы) сақталуы тиіс. Бұл – қауіпсіздік үшін ең қажетті алгоритм" деп түсіндіреді жергілікті басшылық.

Ал қорғаныш маскасын, пульсоксиметр, комбинезон, тағы да басқа медициналық құрал-жабдықтарды мемлекеттік сатып алу хабарландыру берген Исатай аудандық ауруханасы мен Жылыой аудандық ауруханасы дербес шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын болғандықтан, қаржылық-шаруашылық қызметтерді дербес ұйымдастыруға құқылы. Басқаша айтқанда, бұл мекемелерге қажетті медициналық заттар сатып алуға бюджеттен қаржы қарастырылған. Сатып алулар медициналық мекемелердің қажеттілігіне сай жүзеге асырылады. Ал демеушілік көмектерге байланысты жоспарлы сатып алулар  тоқтатылмайды.

"Облыстық денсаулық сақтау басқармасы демеушілік есебінен бөлінген қажетті заттар бойынша қабылдау және бөлу есептерін ұдайы жүргізіп келеді, бүгінде демеушілік есебінен келген қажетті  медициналық заттары емдеу орындарына  тарату жұмыстары жалғасуда", – дейді облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу