Атырау ауруханаларындағы тамақ сапасыз

2229

"Атырау - адалдық алаңы" жобалық кеңсесі жүргізген мониторинг нәтижесі жарияланды. 

Атырау ауруханаларындағы тамақ сапасыз

Атырау облысының емдеу мекемелеріндегі тамақтандыру жайы талапқа сай емес. Науқастарға берілетін тамақ құнарсыз, белгіленген мөлшерден төмен. Қаражат жеткілікті бөлініп, азық-түлік қоры жасақталса да ауруханалар басшылығы қолда барын аяйтындай көрінеді. "Атырау - адалдық алаңы" жобалық кеңсесі облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты облыстық балалар ауруханасына, облыстық тері және венерологиялық диспансеріне және облыстық кардиология ауруханасына қоғамдық тексеру жүргізген болатын. Науқастарды тегін тамақпен қамту сапасына жасалған мониторинг нәтижелері көңіл көншітпеді.

Атырау облыстық балалар ауруханасында биыл тоғыз ай ішінде тамаққа жұмсалған ақша 17 000 000 теңге құрапты, ол жылдың соңына дейін жетпеген соң, қосымша 4 000 000 теңге сұратылған, ал бір науқастың күндік шығыны 410-415 теңге құрайды.

Қазіргі күні балалар ауруханасында 121 бала емделіп жатыр екен, оның ішінде 9-ы - жаңадан дүниеге келген сәби. Баланың жас ағзасы тез жазылуы үшін оған дәруменге бай тағамдар көптеп берілуі қажет. Алайда ауруханада ережеге сай екі аптаға арналған ас мәзірі әзірленбеген. "Атырау адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің менеждері Әния Төлешованың айтуынша, санитарлық талапқа сай, бір күн ішінде сүт, шәй, шырын сусындары алмастырылып берілуі керек болса, ауруханада балалар бірнеше күн бойы тек сүтсіз қара шәй ішіп отырған.

Балалар ауруханасында үш жасқа дейінгі балалар ата-анасының біреуімен бірге жатқызылады. Мұндайда тек баланың тамағы қарастырылып, ересек адам аспен қамтамасыз етілмейді. Соған қарамастан, емдеу орнының басшысы Нұрқабыл Айтмұхамбетов қаражат жетпейтінін алға тартып отыр.

"Ауруханада соңғы екі-үш ай ішінде дәруменге бай кейбір тағамдарды бере алмай отырмыз. Сары май, жеміс шырындары, кептірілген жемістер кампоты, жаңа өңделген жеміс жидектер, кисель, балық, айран, сүзбе сияқты тағамдар мүлдем жоқ",  дейді ол.

Облыстық тері және венерологиялық диспансердің, әсіресе, санитариялық талаптарды сақтамауы сынға ұшырады. Атап айтқанда, асхана жабдықтарының күтіп ұсталмайтыны бірден көзге түсті. Тексеру тобы барған күнгі кешкі асты дайындап жатқан ыдыстардың ластығы, қалдықтарды жинауға және сақтауға арналған ыдыстардың болмауы жобалық кеңсе мүшелерінің назарын аударды. Бұл жерде де екі аптаға арналған перспективті маусымдық  ас мәзірі мен апталық ас мәзірі жасақталмаған болып шықты.

Өкінішке қарай, бұл мекемелерде бар кемшіліктер облыстық кардиологиялық орталықтан да кездесті. Биыл 9 айда аурухананың тамағына бюджеттен 9 млн теңге қаржы жұмсалыпты. Қазір орталықта 85 науқас бар, олардың 14-і ерекше тамақтануға тиіс. Алайда, балалар ауруханасы сияқты, мұнда да ас мәзірлері бірнеше күн бойына қайталанып кеткен, соған қарап науқастардың тамақтануы талапқа сай емес екенін байқауға болады. "Ас – адамның арқауы" десек, сырқат жандардың дертінен тез айығып кетуі жейтін тамағының сапасына тікелей байланысты болса керек-ті. Соған қарап, артынан ас әкелетін адамы жоқ кісінің аурухана тамағына қараған күні құрсын дейсің.

Мониторинг нәтижесінде "Атырау - адалдық алаңы" жобалық кеңсесі тиісті ұсыныстар жолдап, облыстық денсаулық сақтау басқармасына бағынышты мекемелердегі жағдай бақылауға алынды.

Құралай Қуатова


 Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу