Атырау "экологиялық апат аймағына" айнала ма?

6062

Мұнайлы астана тұрғындары қала мәртебесін ауыстыруды сұрауда.

Атырау "экологиялық апат аймағына" айнала ма?

Атырау облысында соңғы жылдары өңірді "экологиялық апат аймағы" деп танып, тұрғындарына өтемақы төлеу мәселесі дүркін-дүркін көтеріліп тұр. Оған, негізінен, экологияны ластап жатқан өндірістік қалдықтардың салдарынан ауа, су, топырақ құрамының бүлініп, халықтың денсаулығына зиянын тигізе бастағаны басты фактор ретінде аталуда, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Қазіргі күні бұл мәселені көтеріп, жұмыстанып жүргендердің бірі - тау инженері, мемлекет қызметі, мұнай-газ, кәсіподақ салаларының ардагері, зейнеткер Сергей Алпатанов.

"Мен бірқатар экологтармен, сала мамандарымен сөйлестім, Атырауға "экологиялық апат аймағы" мәртебесін беріп, әр тұрғынға экологиялық коэффицент төлеу үшін ауа, жер, су, тағы басқа табиғат құрамының халықаралық стандарттарға сай келетін көрсеткіштері болуы керек екен. Еліміздің жасыл желекке бай басқа өңірлерінен айырмашылығы, біздің жеріміз бұрынғы теңіз табанында орналасқан, мұнда топырақ та, су да, барлығы тұзданып тұрады. Атырау теңіз деңгейінен 28 метр төмендікте орналасқандықтан, қаланы айналдырған тұзды сор мен секундына 15-22 метрге дейін соғатын ұйытқыған құйын жел тұрғындарға қою тұзды, шаң мен қиыршық топырақты жұтқызып жатыр, бұған айналадағы АМӨЗ, Қарабатан,Теңіз, басқа да кен орындарын қосыңыз. Қаланы қою түтін басып тұрғандықтан ультракүлгін күн сәулесі жетпейді, түрлі жұқпалы, көз,тері, өкпе, тамақ аурулары содан пайда болып жатыр. Бұл – әсіресе, соңғы 20-30 жылда тұрақты орын алып отырған жағдай. Оның үстіне, облыс республикалық бюджетке көп салықтық түсімдер түсіріп отыр. Сол себепті, осы жердің ауасын жұтып, суын ішіп отырған халыққа тұрған жылдарының санына қарай өтемақы төлеуді сұраймыз. Өкінішке қарай, бұл  мәселені ғылыми негіздеуге бірден бір үлес қосуы тиіс Муфтах Диарұлы ағамыз да марқұм боп кетті", - дейді ол. 

Дегенмен, жақында дүниеден өткен ғалым Муфтах Диаров көзі тірісінде бірқатар зерттеу жүргізіп, соның ішінде, Атырау облысындағы Теңіз мұнайының құрамында және Қарашығанақ, Жаңажол, Теңіз, Ақтоты, Қашаған кеніштеріндегі тұз асты қабаттарында меркаптан кездесетінін айтып кеткен болатын. Меркаптан – исі өткір, күкіртті химиялық. Бұдан бөлек, ғалым диоксин секілді улы химиялық элементтің де барын, бірақ, оның әсері әзірге зерттелмей отырғанына алаңдаушылық білдірген. Ал бұл заттардың болашақта жергілікті халықтың генофондына әсер етуі мүмкін екендігі жөнінде жиі айтқан Муфтах Диаров аймақта Кох таяқшасын жұқтырғандар санының артуын да осы дерекпен байланыстырған еді. Яғни, адамдардың ағзасында жинақталған химиялық қосындылар берік қасиетке ие болып, туберкулезге қарсы дәрінің ықпалына бағынбауға айналған. 

"Мен кезінде Азғыр полигоны аймағындағы тұрғындардың мәселесімен айналыстым, сол тәжірибеме сүйеніп айтар болсам: біріншіден, Атырауды "экологиялық апат аймағы" деп тану үшін қолымызды ғылыми негізделген нақты дәлелдер болуы керек, екіншіден, мұндай жерлерге қойылатын "тұруға жарамсыз", "жұмыс орны жоқ" деген сияқты критерийлер бар. Мен тұрғындардың көтеріп отырған проблемалары орынды деп санаймын, бір кездері өңірде 10-15 пайыздан, кей жерлерде 70 пайызға дейін үстеме коэффицент төленген болатын, соны қалпына келтіру керек деген ұсынысты айтып жүрмін", - дейді ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі Сәрсенбай Еңсегенов. 

Егер атыраулықтарға экологиялық өтемақы төлеу жайы қарастырылса қоршаған ортаның қиын ахуалынан зардап шегіп отырған басқа өңірлердің де өздерінің мұң-мұқтажын айтып шығуы әбден мүмкін. Бұған қатысты Сәрсенбай Еңсегенов: "Батыс аймақта климаты, экономикалық-әлеуметтік жағдайы бойынша Маңғыстау облысы Атырау облысына ұқсас, кей көрсеткіштер бойынша бізден де төмен деп айтуға болады. Халықтың қай мәселе бойынша да талабын білдіруге құқы бар, ешкімге тиым сала алмаймыз", – деген пікірде.

Өз кезегінде өңірде белгілі азамат, ұзақ жылдар Исатай ауданын басқарған Зұлбухар Сүйнешов бір жылдары өндірісте еңбек ететіндерге төленіп, кейінірек алынып тасталған өтемақы жайын: "Кеңестік жүйеде "аудандық коэфицент" мемлекеттік тапсырысты орындауда еңбек ресурстарын тұрақтандыру, ынталандыру ретінде қолданылды. Шөл, шөлейт аумақтағы Гурьев, Маңғыстау облыстары, Ақтөбенің Ырғыз, Ойыл, Байғанин, Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе, Жанқала, Орда аудандарында 15-30%, мұнайлы аудандарда 30-80%-ге дейін коэффициент қолданылды. Өйткені, өнім тікелей мемлекет қамбасына құйылатын. Қазір үкімет негізі жекеменшіктен тұратын өндіріске (АҚ, ЖШС, ШҚ) мұндай экономикалық тетіктерді қолдануға мүдделі емес сияқты. Оның орнына салықтық жеңілдіктер, ішінара субсидиялау сияқты тетіктер қолданылып жүр", - деп түсіндіреді.

Әрине, бұл қосымша ақы тұрғындардың жұмыс істейтін белгілі бір тобына ғана төленген, ал "экологиялық" өтемақыны жергілікті халыққа тегіс төлеу сұралып отыр.

Атырау облысынан сайланған сенатор Ғұмар Дүйсембаев бұған дейін Сенат отырысында үкімет басшысынан есептеу әдістемесін қайта қарап, республикалық бюджеттен мұнайлы өңір бюджетіне бөлінетін трансферттер көлемін ұлғайтуды сұраған болатын. Оның келтірген деректері бойынша, Атырау облысы 2020-2022 жылдары республикалық бюджетке 642 млрд. теңге, оның ішінде 2021 жылға - 213,7 млрд.теңгені аударуы керек. Яғни, алым үлесі 26,6% құрайды. Көршілес Маңғыстау облысының өзінде жергілікті бюджеттен 8,2 млрд.теңге алғанмен, оның орталықтан 62,7 млрд теңге алатыны көрсетілген. 

"Атыраудағы ахуал ауыр екенін білеміз, жаздыгүні 40-50 градусқа дейін баратын аптап ыстығы, өндірісінен бөлек, қалаға жайылатын КОС (канализациялық тазарту кешені), "Сасық сайдан" шыққан жағымсыз иістер бар. Мен сіз айтқан мәселе бойында мамандардың пікірін тыңдап, жұмыстанамын. Бірақ, бұл біржақты шешілетін мәселе емес. Өйткені, біз унитарлық мемлекетте тұрамыз, республикалық бюджеттен дотация алып отырған облыстар бар. Сол сияқты, өнеркәсіп орындарының мыңдаған адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отырғанын да ескеруіміз керек", - дейді ол.

Осы орайда Ғұмар Ислямұлы республикалық бюджеттен Атырау облысының проблемаларын шешу үшін көбірек қаражат сұрап және оған қол жеткізіп те отырғанын жеткізді. Мәселен, Қызылқоға ауданында салынатын жолдың техникалық негіздемесі үшін қаражат бөлінді. Облыстағы басқа да проблемалардың оң шешілуі үшін жұмыстар жасалуда. Ал Атырау облысында шешімін күткен жайлар аз емес. Мұнайлы аймақ бола тұра әлі күнге 18 ауылға газ тартылмаған. Үш ауысымдық мектептер жойылмаған. Жолының сапасы жөнінен республика бойынша соңғы орындардың бірінде. 

Сонымен, түсінгеніміз, Атырау облысына "экологиялық апат аймағы" мәртебесін беру жайы бүгін-ертең қаралып, шешіле қоятын проблема емес. Десек те, облыс тұрғындарының қолайсыз өңірде тұрып жатқанын ескеріп, республикалық бюджеттен көбірек қаражат бөлуге әрекеттер жасалып, еңбекақыға қосымша қандай да бір коэффиценттерді қосу жөнінде ұсыныстар айтылған. Қазіргі күні елімізде экологиялық өтемақы ШҚО Семей полигоны аймағында және онымен жапсарлас Павлодар, Қарағанды облыстарына кіретін кей жерлерде және Арал аумағында төленеді екен. Атырау облысында да Құрманғазы және Қызылқоға аудандарында Кеңес өкіметі кезінде Азғыр, Тайсойған полигондары болды. Ол жерлер кейін "шаруашылыққа жарамды" деп танылған.

Әзірге Қазақстанда 2025 жылға дейін салынуға тиіс бес зауыттың үшеуін Атырау облысында салу жоспарланып отыр. Олар: жылына 500 мың тонна полипропилен, 57 млн текше метр азот және 34 млн текше метр техникалық газ өндіретін, сондай-ақ, жылына 430 мың тонна полиэтилентерефталат өндіретін зауыттар. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу