"Атырау халқы бір күнде ұйқыдан оянбай қалуы мүмкін"

3231

Атырау облысының экологиялық ахуалы республикалық деңгейдегі проблемаға айналды.  

"Атырау халқы бір күнде ұйқыдан оянбай қалуы мүмкін"   Фото: egemen.kz

Алайда халықтың жан-айқайын еститін министрлік те, Үкімет те жоқ. Бұлай деп Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов айтты, деп жазады inbusiness.kz

Оның сөзінше, Атырау экологиясы апаттық жағдайда болуына байланысты халықтың өмір сүру сапасы жақсартуды қажет етіп отыр. 

"Жыл сайын өңірде онкологиялық аурулар белең алып, мүмкіндігі шектеулі, туабітті науқас балалар саны артып отыр. Ашынған атыраулықтар бейбіт митингке шығып, облыстағы жер қойнауын пайдаланушылар мен Үкіметке нақты талаптарын қойды. Түптеп келгенде, Атырау халқы таза ауаға зәру", – деді ол ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында. 

Оның сөзінше, 30 жыл ішінде Атырау тек донор аймақ ретінде қаралып, облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуына мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінбеді.  

"Бүкіл елді мұнайымен асырап, тұтас елдің кем-кетігін жамап отырған Атыраудың халқы бір күнде ұйқыдан оянбай қалуы мүмкін. Сондықтан да, атыраулықтардың экологияға қатысты талаптары орынды, сұраулары заңды",– деп атап өтті мәжілісмен. 

"AMANAT" фракциясының мүшесі Атыраудың экологиясын жақсартуды Үкімет деңгейінде шешу үшін бірқатар ұсыныстарын жолдады. 

"Біріншіден, Үкімет жауапты министрліктермен бірлесіп, Атырау облысын экологиялық дағдарыс аймағы деп танып, экологиялық коэффициент, жеңілдіктер мен өтемақылар төлеу жүйесін енгізуі қажет. Екіншіден, Атырау қаласы атмосферасының өндірістік объектілермен, әсіресе, Атырау мұнай өңдеу зауытымен ластануы қауіпті деңгейге жетті. 2021 жылы "ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясымен зауытта "Tazalyq" жобасы қабылданған болатын, алайда, зауыттың кәріздік суларын биологиялық тазарту қондырғыларын жаңғырту жұмыстары жүргізілмей отыр. Сонымен қатар, кәсіпорында қоршаған ортаға әсер ету қаупі жоғары 30-дан астам технологиялық қондырғылар бар, суды қайталама пайдалану технологиясы қарастырылмаған, бұл өз кезегінде ағынды суларды булану өрістеріне (жер асты суларының ластануы) ағызуға әкеледі. Осыған байланысты, "ҚазМұнайГаз"-ға Атырау мұнай өңдеу зауытында технологиялық аудит жүргізіп, зауытта толықтай экологиялық жаңғырту жұмыстарын аяқтау, қоршаған ортаға теріс әсерді жоюды міндеттеу қажет немесе зауытты қаладан көшіру мәселесі қарастырылсын",– деді ол.

Әділ Жұбановтың айтуынша, Атырау мұнай өңдеу зауытының өнеркәсіп объектілерінен 1000 метрге жетпейтін қашықтықта тұрғын үйлер орналасқан.

"ГеоПортал" ақпараттық жүйесіне сәйкес, бүгінде зауыттың санитарлық қорғау аймағында 40-тан астам тұрғын үй қалып отыр. Бұл аталған тұрғын үй иелері зауыттың иісімен уланып, денсаулықтарына зиян келгенін алға тартып, наразылық акцияларын ұйымдастыруда. Осыған байланысты, ҚазМұнайГаз зауыттың санитарлық-қорғау аймағының шекарасын қайта белгілеу және аталған тұрғын үйлерді көшіру мәселесін шұғыл шешуі қажет, деп есептейді спикер.

"Үшінші ұсыныс – Атырау облысы бойынша І санатты кәсіпорындардың атмосфераға шығарындыларының шекті көрсетілген көлемдерін қайта қарап, екі есе төмендету қажет. Қазба байлықты игеріп жатқан компанияларды жаңа технологияларды енгізуге ынталандыратын заң нормалары енгізілуі тиіс. Төртіншіден, Атырау облысындағы экологиялық ахуалды жақсарту бағытында бірқатар қоршаған ортаны қорғау жобаларын жүзеге асыру қажет", – деп түйіндеді депутат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу