Атырау облысында ауа райы әлі қолайсыз

4001

Соған қарамастан бала-шағасын ертіп, алыс жолға шығып кететіндер бар. 

Атырау облысында ауа райы әлі қолайсыз

Атырау облысында тұрғындарға қолайсыз ауа райы кезінде жолға шықпауды, алысқа ұзамауды ескерткен хабарламалар үздіксіз жіберілуде, сол үшін төтенше жағдайлар департаментінде арнайы штаб та құрылды. Соған қарамастан, адамдардың бұл мәселеге енжар әрі жеңіл-желпі қарайтыны таңқалдырады, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Қазірдің өзінде ауа райының қолайсыздығынан жоғалып кетіп, қар құрсауында қалып қойған адамдардың табылған бірнеше дерегі тіркелген. Атап айтқанда, 22 ақпан күні сағат 20.17-де Мақат-Индер теміржолының бойынан мал іздеуге шыққан азаматтың үйіне оралмағаны туралы хабарлама келіп түскен. Ауданның төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп іздеп, оны ертеңіне түн батарда тауып алып, үйіне жеткізді. 

22 ақпан күні сағат 19.08-де Жылыой ауданы, Шоқпартоғай ауылы мен Құлсары қаласы арасындағы жолда Құлсары бағытында ішінде төрт адамы бар көлік қар құрсауында тұрып қалған. Құтқару жұмыстарына департаменттің құрылымдық бөлімшелерінің 4 қызметкері мен "Трэкол" жол талғамайтын арнайы көлігі жұмылдырылды. Сол күні кешке Құлсары қаласынан 15 км қашықтықта Қара Арна ауылдық округіне жақын жерден "Нива" автокөлігі табылып,  жолаушылар Құлсары қаласына жеткізілді. 

23 ақпан күні Қызылқоға ауданында Сағыз стансасынан 10 шақырым жерде қар кептелісінде 3 жүк және 8 жеңіл автокөлік қалып қойған, онда 34 адам болған, оның бесеуі кәмелетке толмаған балалар. Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күшімен жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тазартылған учаскеге сүйреу жұмыстары жүргізілді, адамдар елдімекендерге жеткізілді.
Исатай ауданында 23 ақпанда 1977 жылғы азамат 2006 және 2007 жылдары туған екі баласымен Аққыстаудан Батыс Қазақстан облысына қарай қара жолмен шығып кеткен. Олардан ешқандай хабар болмағандықтан, іздестіру құтқару топтары құрылып, ертеңіне түс қайта Аққыстау ауылынан 80 шақырым жердегі "Насихат" қыстағынан тауып алған.

Жалпы, Атырау облысы бойынша 17-24 ақпан аралығында Атырау облысы бойынша 63 адам - оның ішінде бес бала - құтқарылып, қауіпсіз жерге көшірілген. Қарда қалып қойған 10 техникаға көмек көрсетілген. Бір жақсысы, адамдарды үсік шалған деректер тіркелген жоқ.

Ауа райы жағдайына байланысты төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін төтенше жағдайлар департаментінде құрылған штабқа жергілікті полиция қызметінің және "Қазавтожол" ұйымының өкілдері енгізілген. Синоптиктер болжамы осы аптаның соңына дейін суық ауа райы орнайтынын көрсетіп тұр. Өкінішке қарай, арнайы қызметтердің ұялы телефон, әлеуметтік желі, басқа да байланыс құралдары арқылы жолға шықпауды жиі хабарлап отырғанына қарамастан, оған құлақ аспайтын тұрғындар қашан да кездеседі. Әсіресе, олардың үскірік аяқ тұрып, ақ түтек борап тұрғанда балаларын ертіп алып, жол жүретіні еріксіз таңғалдырады. Жоғалғандарды құтқару үшін көптеген адам күші мен техника жұмылдырылып, құтқарушылар күндіз-түні аяғынан тік тұрады. Адамдардың өзінің де, өзгенің де қауіпсіздігін ойлап, күннің жақсарғанын күтіп, шыдамдылық танытуы тосын, кейді соңы қайғыны аяқталып жатқан түрлі жағдайлардың алдын алған болар еді. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу