Атырауда автовокзал басшылығы көшуге қарсылық білдіруде

7205

Ол "дайын бизнесті тартып алу біреулерге тиімді екенін" айтып отыр. 

Атырауда автовокзал басшылығы көшуге қарсылық білдіруде

"Қазақстан темір жолы" рейдерлік жасап, біздің ғимаратымызды тартып алмақ". Монополист мекемені осылай деп айыптаған Атырау автовокзалының басшылығы бұл әрекетке қарсы ашық хат жазып, қол жинауда", – деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Атырауда теміржол вокзалына оның жанындағы автовокзалды қосу жайы қарастырылып жатқаны жөнінде бұған дейін жазған болатынбыз  "ҚТЖ" пойыздар мен жолаушылар саны көбейгендіктен, өздеріне де орын жетпей жатқанын алға тартқан. 

Алайда автовокзалды бес жылға жалға алған "Лаватранс" ЖШС директоры Вадим Синкевич мұны "майлы" жерді тартып алу үшін ойлап табылған желеу деп отыр. 

"Алдағы уақытта Ганюшкино станциясына (Құрманғазы ауданы) екі вагон қатынайды депті, соған бола вокзал аузы-мұрнынан шығып толып кете ма екен. Қазіргі күні көпшілігі билетті электрондық түрде алады, теміржол кассаларында бұрынғыдай кезек жоқ. Адамдардың көбісі ұшақпен ұшып жатыр. Одан кейін менің автобустарым көліктердің қозғалысына кедергі келтіреді дегенді ойлап тапты, автовокзалға кесте бойынша бір сағатта бір автобус қана келеді", – деп түсіндіреді Вадим Синкевич.

Оның ойынша, вокзал басшылығы күрделі жөндеу жасалып, тәуір күйде тұрған автовокзалдан пайда көруді көздеп отыр. Белгілі болғандай, теміржол вокзалында төрт дүкен, сыртындағыларын қосқанда бес асхана, бірінші қабатта алты, перронда бес бутик, ломбард бар екен. Осылардың қасына автовокзалдан тағы бірнешеуін ашып, жалға беріп тастаса пайда өзінен-өзі келіп тұрмақ. 

Халықаралық деңгейде тасымалдаушы компания саналатын "Лаватранс" ЖШС 2018 жылы күтімсіз тұрған автовокзалды бес жылға жалға алады. Қала әкімдігімен арадағы келісімшарт бойынша ол өз қаражаты есебінен ғимаратты жөндеп, тасымалдау құнын түсіріп, билеттерді интернет арқылы сатуды жолға қоюға тиіс болған. Қазіргі күні бұл талаптар толығымен орындалған. Жолаушылар автобус билетін онлайн сатып ала алады, ал тарифтер төмендетіліп, балаларға 30 пайыз, мүгедектерге 30 пайыз жеңілдік енгізілген. 

"Біз Орал, Бейнеу, Астрахань, Құлсары, Мақат, Индер, Махамбет бағыттары бойынша қатынаймыз. Келгеннен бергі уақытта жолаушылар тасымалы екі есеге ұлғайып, айына 16 мың адамға жетті. Жаңа автобустар сатып алып, жаңа жүру кестелерін жасап, Аққыстау, Құрманғазы ауданы, Ақтау, Ақтөбе қалалары бойынша бағыттар ашпақпыз. Бұл жұмыстардың бәріне аз қаражат салған жоқпыз, ал біздің инвестициямыз мемлекет тарапынан қорғалуға тиіс. Оның орнына, біреулер автовокзалдың орнынан бутик, донер сататын, түнейтін орындар ашып, бізді қала сыртына көшіріп жібермек", дейді "Лаватранс" ЖШС басшысы.

Айта кетейік, автовокзалды қаланың шетіндегі "Аламан" базарының жанына көшіру жөнінде бұған дейін де әрекет жасалған еді. Бірақ  тұрғындар ол жаққа бәрібір аттап баспай қойған. Себебі көбісі қазіргі тұрған жерді қолайлы көреді. Мәселен, пойыздан түскендер баратын жағына осы жерден автобустарға отыра қояды. Ауыл-ауданнан қатынайтын жұрт тікелей осы жердегі "Дина" базарына келіп, керек-жарағын тиеп кері қайтады. 

Вадим Синкевич автовокзалды вокзалға қосу әрекетін "келісімшартты заңсыз бұзу және бизнеске кедергі келтіру" деп бағалайтынын жасырмайды. Ол жергілікті кәсіпкерлерді қолдау палатасынан бастап, ел президентіне дейін шағымданбақ ниетте. Тек қуынайын десе, қолына осы жағдайға байланысты көшетінін ескерткен, басқа да ешқандай құжат бермей отыр екен. Кәсіпкердің қолында ғимараттың алған кездегі және қазіргі фотосуреттері толықтай жиналған, қаншалықты жұмыс жасалғанына соларға қарап көз жеткізуге болатынын айты отыр.

Құралай Қуатова
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу