Атырауда жаңа экологиялық кодекс талқылануда

3632

Өңірге экология министрі Мағзұм Мырзағалиев келді. 

Атырауда жаңа экологиялық кодекс талқылануда

Атырау облысына ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапарымен келіп, ҚР экологиялық кодекстің нормаларын түсіндіру бойынша жиналыс өткізді, деп жазды inbusiness.kz  тілшісі.

"Біздің міндетіміз – халықты осы нормалардың қалай іске асырылатыны және өңірдің экологиялық жағдайын жақсартатыны туралы хабардар ету. Экокодекстің маңыздылығы оның адам өмірі мен денсаулығы, қолайлы өмір сүру ортасын қамтамасыз ету, ірі және шағын бизнестің қызметін қамту сияқты бүкіл қоғамның мүдделерін қозғауында", – деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.

Экологиялық кодекстің негізгі бағыттарына тоқталған экология министрінің орынбасары Ахметжан Пірімқұловтың айтуынша, жаңа Кодекске сәйкес 2022 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар табиғатты қорғау шаралардан түсетін экологиялық төлемдер есебінен 100% көлемінде қаржыландырмақ.

"Атырау атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары 10 қаланың қатарына кіреді. Бұл жағдайды шешу үшін Экокодекс шеңберінде "ластаушы төлейді және түзетеді" қағидатын енгізу, ең озық қолжетімді технологияларға көшу, қоршаған ортаға әсерді бағалаудың жаңа тәсілдерін қолдану, экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату, шығарындылар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін енгізу, өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқаруды жетілдіру сияқты бағыттар іске асырылатын болады",  деді вице-министр.

Ол ірі кәсіпорындар 10 жыл ішінде экологиялық тиімділік бағдарламасына сәйкес ең озық қолжетімді технологияларды енгізетінін сөз етті. Осы кезеңде олар эмиссия үшін төлемнен босатылады. Егер кәсіпорындар озық қолжетімді технологияға ауыспаса, онда эмиссиялар үшін төлемдер өседі: 2025 жылдан бастап олар 2 есе, 2028 жылдан бастап 4 есе және 2031 жылдан бастап 8 есе өспек.

Қоғамдық ұйымдардың өкілдері Экологиялық кодекс нормаларына қолдау білдірді.

"Атамекен – Эко" қоғамдық қорының басшысы Арман Хайруллин Экокодекстің 175-бабына тоқталды, оған сәйкес кәсіпорындар анықталған бұзушылықтарды жою туралы экология департаментінің нұсқамаларын қатаң орындауға тиіс, олай болмаған жағдайда мерзім аяқталған сәттен бастап өсімпұл есептеледі. Экоамбассадордың айтуынша, бұл – қажетті құрал.

"Сондай-ақ, бұрын Кәсіпкерлік кодекс қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдарға ластану фактілері кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік бермеді. Енді ластаушы заттар шығарындыларының нормативтерінен едәуір асып кетуі туралы БАҚ-тағы жарияланымдарды талдау нәтижелері жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін негіз бола алуы мүмкін. Экология мәселелерінде бюрократия болмауға тиіс", деп есептейді ол.

Жайық-Каспий Орхус орталығының басшысы, облыстық "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің басшысы Шынар Ізтілеуова қоршаған ортаға әсерді бағалау үдерісінде қоғамның рөлін күшейтуді ұсынады.

Оның айтуынша, келешекте стратегиялық экологиялық бағалау ұғымы, әсер ету скринингі, трансшекаралық қоршаған орта әсерін бағалау, басқа да жобаларды әзірлеуге кезінде қоғам өкілдерін белсенді түрде тарту қажет. Ал С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликова жаңа экологиялық кодексті тиімді іске асыру үшін қоғамның экомәдениетін қалыптастыру маңызды рөл атқарады деген пікір білдірді.

Кездесуге қатысушыларға жаңа Экокодекске сәйкес әкімшілік жауапкершілік күшейтілгені туралы да айтылды. Атап айтқанда, қоршаған ортағы эмиссиялар нормативтерінен асып кеткені үшін әкімшілік айыппұл 10 есеге, қалдықтарды жинау және жағу кезінде атмосфералық ауаны қорғау мен өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамағаны үшін  айыппұл 5 есеге артқан. 

Құралай Қуатова 
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу