Атыраудағы орталық "Мұнайшы" стадионын толық реконструкциялау жобасының құны 7,4 млрд теңге деп бағаланып отыр. Жобалық-сметалық құжат мемлекеттік сараптамадан өткен, ал құжаттар қазір мемлекеттік сатып алу порталында тендер жариялау үшін дайындалуда.
Реконструкция 2026-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылмақ. Жұмыс барысында стадионның барлық инфрақұрылымы заманауи талаптарға сай жаңартылатын болады, футбол алаңы мен көрермен аймағы да толықтай өзгертіледі.
"Мұнайшы" стадионы 1950 жылы пайдалануға берілген. 7,4 млрд теңгеге өткен ғасырда салынған ескі стадионды жөндегеннен гөрі, сол қаржыға заманауи талаптарға толық сай жаңа стадион салу әлдеқайда тиімді шешім болар еді.
Ескі нысанды қайта жаңғырту уақытша ғана нәтиже беріп, болашақта қосымша шығындарды талап етуі мүмкін. Ал жаңа стадион қала инфрақұрылымын дамытып, халықаралық стандарттарға сай жарыстарды қабылдауға мүмкіндік ашар еді.