Атыраулық белсенділер Каспийдің түбін тереңдету жобасын талқыға салды

1855

Оған жобаны ұсынған NCOC компаниясының бір де бір өкілі келмеді.

Атыраулық белсенділер Каспийдің түбін тереңдету жобасын талқыға салды

Каспий теңізінен кеме жүзетін арналар қазу жөніндегі даулы жоба "Нұр Отан" партиясының Атырау облыстық филиалында талқыланды. Үкіметтік емес ұйым өкілдері, депутаттар, экологтар мен қоғам белсенділері қатысқан жетекші партияның жиынына жобаны ұсынып отырған NCOC (North Caspian Operating Company)  компаниясынан ешкім келген жоқ, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Облыстық экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметов Қашаған кенішінен мұнай өндіретін компанияның Солтүстік-Шығыс Каспий акваториясынан теңіз кемелері жүретін арналарды жүргізу жобасы жайлы айта келіп, оның барлық деңгейдегі сараптамалардан өтіп, қолдау тапқаны жөнінде баяндады. Әйтсе де, атыраулық ҮЕҰ өкілдерінің оған қатысты қоятын сауалдары қордаланып қалған.

"Жоба бойынша Қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ-ОВОС) жүргізгенде 18,5 млн текше метр жерден топырақ алынады деген болатын, одан кейін бұл аумақтың 11 млн текше метрге дейін қысқарғаны айтылды. Бұл өзгеріс қашан енгізілді, қоғамдық тыңдаудан кейін бе, сарапшылар отырысынан кейін бе, әрине, уақыт тапшы, десек те, кез-келген өзгеріс бойынша ОВОС (КОӘБ) жасалып, ол жөнінде хабарлануға тиіс еді", – деді "Атамекен Эко" қоғамдық қорының директоры Арман Хайруллин. 

Сондай-ақ, ол бұған дейін де көтерілген балықшылар мәселесін көтерді. Белгілі болғандай, жобада балық қорын молайтудың нақты механизмі, яғни оны шабақтарды өсіретін зауыттарды қаржыландыру арқылы қалпына келтіре ме, тоғандағы балықтырды өсіруге күш сала ма нақты көрсетілмеген. Балықшыларға өтемақы жайы әлі қозғалған жоқ, олар бұған дейін теңізден нәпақа тауып келді, бұдан кейін бұрынғы аулап жүрген жерлерінен балық табылмауы да мүмкін.

"Білуімше, теңізде кем дегенде 2 метр биіктігі бар 44 арал бар екен. Каспий төмендеген жағдайда олар жалаңаштанып, су түбіне шығады. Мұны балыққа қолдан жасалған кедергі деуге болады, себебі, олар ұзындығы 910 метр, ені 610 метр жерді саңылау бар ма деп айналып жүрмейді, бұрылып кері кетеді, демек, балық миграциясына зиян келуі ықтимал", – дейді А.Хайруллин.

Алайда облыстың бас экологы теңізді тереңдету жобасына қандай да бір өзгерістер енгізілгенін жоққа шығарды. Оның айтуынша, жобада алынатын топырақ көлемі 18,5 млн текше метр күйінде қалған. Ал балықшыларға өтемақы төлеу және балық өсіретін шаруашылықтарға қаражат бөлу мәселесі еліміздегі балық шаруашылығы комитетімен арада жасалған келісімшартта көрсетілген. 

Блогер Дидар Хамзин NCOC компаниясының әуе жастығы бар кемелерді жалға алғаны тиімді екенін айтады. Қазіргі күні мұндай 150-200 тоннаға дейін жүк тасуға қабілетті кемелер бар, олардың бесеуін екі жылға жалға алса бар болғаны 100 млн теңгеге шығар еді. Спикер егер осындай балама нұсқалар болса, канал қазып, үлкен шығын шығарып, қоршаған ортаға орасан зиян келтіру қаншалықты қажет деген ойымен бөлісті.

"Экономика, логика, экология  – үшеуін басшылыққа алу керек еді. Ал жоба экономикалық жағынан тиімсіз. Елімізге мұнайдан 3 пайыз ғана түсім түседі, ал теңізден өсірілетін балық, соның ішінде, бекіре тұқымдас балықтан түсетін табыс екі жарым жылда 180 млн доллар құрайды екен",– дейді Дидар Хамзин. 

Ал "Теңізшевройл" компаниясының менеджері Серік Әубәкіров теңізден көпір салынса, оны ТШО-ның "үшінші зауыт жобасына" да пайдалануға болатыныны айтады. Көріп отырғанымыздай, теңізді тереңдетіп, арнаға салудан бөлек те баламалар жоқ емес бар. Оларға кететін шығын салыстырмалы түрде ұсынып отырған жобадан әлдеқайда аз. Бірақ та кәсіпорынның не себепті асығыстық танытып, теңіз түбін қазып алуға ұмытылып отырғаны түсініксіз.

Каспий теңізінің тағдырына бей-жай қарай алмаған атыраулық белсенді қоғам өкілдері өздерінің азаматтық позициясын білдіріп, жобаға қарсы петиция әзірлеген болатын. Қазірдің өзінде мыңдаған адам қол қойған ашық хат жөнінде "Ақпарат" ҚБ төрайымы Гүлжан Елешова айтып өтті. Оның мәтінінде әлі күнге ешқандай балама нұсқасы ұсынылмаған NCOC компаниясы жобасының назар аударатын және кемшін тұстары тайға таңба басқандай көрсетілген. 

Атап айтқанда, қазіргі күні қолда бар болжамдар Каспий теңізінің жағалаудан біртіндеп шегініп, уақыт өте деңгейі азая бастайтынын көрсетеді. Оның үстіне, Каспий қайраңдарында толқын мен желдің жиі соғуы байқалғандықтан, NCOC компаниясы әрбір 3-4 ай сайын арналарды қайтадан қазуға мәжбүр болады, өйткені арналар тайызданып, тереңдігі мен контурын жоғалтумен болмақ (Теңіз мұнай кен орны аумағындағы Прорва учаскесінде қазылған жасанды арнаны мысалға келтіруге болады), сондықтан, бұл қисапсыз қаржыны босқа шашқан, өзін ақтамайтын жоба болатыны күмәнсіз. Ол аз десеңіз, Өнімді бөлу жөніндегі келісімге (СРП) сәйкес, Қашаған жобасының шығынын көтеретін салық төлеуші Қазақстан Республикасының азаматтары, яғни, сіз бен біз! Арналарды қазу шығыны да біздің мойнымызға түспек екен. 

Жобаны "абсурд" деп бағалаған "Глобус" экологиялық-құқықтық бастамалар орталығының жетекшісі Галина Чернова мәселенің құқықтық жағына тоқталды.

Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамаларында Солтүстік-Шығыс Каспий акваториясында қандай да бір теңіз кемелері жүретін арналар салу және түбін тереңдету жұмыстары жөнінде бір де бір сөз жазылмаған. Ал Каспий теңізі ортақ Қазақстаннан басқа төрт елдің – Ресей, Әзірбайжан, Түрікменстан мен Иранның бұл жобаны қалай қабылдайтыны белгісіз. Ал еліміз 2000 жылы мақұлдаған БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы (ЕЭК) "Қоршаған ортаға әсерді трансшекаралық мазмұнда бағалау" халықаралық конвенциясына сәйкес аталған жоба міндетті түрде Каспий теңізі атласына кіретін басқа елдермен келісілуге тиіс. 

Сонымен бұл жолы да NCOC жобасына қатысты көп жайлар ортаға салынып, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдастық өкілдері арасында қызу пікірталас жүрді. Алқалы жиынға қатысуға тиіс бірден бір тарап  NCOC компаниясының одан тыс қалғаны өкінішті-ақ. 

Құралай Қуатова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу