Атышулы әкім белден төмен әңгіме айтты

6714

Бұған дейін мемлекеттік қызметкердің этикалық кодексін  сақтамайтындығымен және халықпен дұрыс қарым-қатынас жасай  алмайтын дөрекі мінезімен танылған Жаркент қаласының әкімі Болат Омаровтың басы тағы да дауға қалды.  

Атышулы әкім белден төмен әңгіме  айтты

Бұл жолы шенеунік ішкі эмоциясына ие бола алмай, белден төмен әңгіме айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Жеке басына қатысты сұрақтарға жауап беру барысында әкім 270 мың теңге жалақы алатынын жариялап, көрсетілген қаражат өзіне жететінін мәлімдеді. 

Сұхбат барысында тілшінің көзі әкімнің қолсағатына түсті. Болат Омаровтың ерсі қылығы осыдан басталды. Ол журналистің қолсағатқа қатысты сұрағын жақтырмай: "Жақсы екенін қайдан білесің? Мә, қара! Бұл арандату үшін қойылған сұрақтар. "Жақсы сағат". Қайдан? Осы жақтан. Іш киімім туралы да сұрамадыңыз ба? Жұмыс бойынша сұрасаңдаршы. Әйтпесе сағатты, басқаны айтып", – деп ала тайдай тулады. 

Бұл – Болат Омаровтың бүгінгісі, ал бұрынғысы...  
Атышулы шенеунік осыған дейін адамға тіл тигізіп сөйлейтіндігімен танылған. Осыған байланысты оның үстінен мемлекеттік қызмет істері агенттігі қызметтік тергеу жүргізбекші болған. 

Өткен айда Nur joly станциясы ауданында 2 жүк көлігінің жүргізушілері сот шешімімен "Ұсақ бұзақылық" жасағаны үшін қамауға алынды. Оларға 100-ге жуық жүк көлігінің жүргізушілері ара түсіп, Панфилов аудандық полиция бөлімінің алдына жиналды. Оқиға орнына келген Жаркент қаласының әкімі мәселені шешудің орнына ушықтырып, жүргізушілерге "әкіреңдеген". Ол қарапайым адамдарды қорқытып сөйлеп, сес көрсеткен. 

Тіпті біреуін "арандатушы" деп атаған. Ашуға булыққан көпшілік әкім мемлекеттік қызметкердің этикалық кодексін бұзғанын алға тартып, шара қолдануды талап еткен. Осыған қатысты Панфилов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Ханағатұлы мәлімдеме жасаған. 

"Бұл дерек бойынша мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті Алматы облысы әкімі аппараты басшысының атына қызметтік тергеу жүргізу туралы хат жолдап, тиісті шара қабылдайды, – деп хабарлаған Панфилов ауданы әкімінің баспасөз қызметі. 

Шара қабылданды ма, қабылданбады ма, әзірше белгісіз. Белгісі Жаркент қаласының әкімі мінезі мен тәртібін түземеген. Халықпен сөйлесу мәдениетін меңгермеген. 

Қанат Махамбет 
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу