Премьер-министр Олжас Бектенов астық кептіру үшін қосымша сұйытылған газ бен дизель отынын бөлуді тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Үкімет тарапынан егіс жұмыстарын оңтайлы ұйымдастыру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалды. Ауқымды қаражат бөлінді. Шаруаларды материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету шаралары қабылданды. Енді алқап басындағы жұмыстарды уақтылы аяқтау керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Мемлекет басшысы өткен аптада егіншілермен болған кеңесте осыны ерекше атап көрсетті. Қазіргі таңда еліміз аумағында егін жинау жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Оңтүстік өңірлерде аяқталуға жақын. Алдын-ала нәтижелерге оң баға беріліп отыр", – деді Үкімет басшысы.
Олжас Бектенов жанармайдың барлық қажетті көлемі қолданыстағы кестеге сәйкес жеткізілуі керек екенін айтты.
"Күннің жауын-шашынды болуы және күрт суытып кетуі жұмыстың мерзімі мен астық сапасына кесірін тигізуі мүмкін. "Е-Өтініш" бойынша осы мәселеге қатысты қазірдің өзінде 500-ге жуық өтініш келіп түскен. Өтініштердің ең көбі 300-ден астамы Қостанай облысының фермерлерінен келіп отыр. Олар астық кептіру жабдықтарын іске қосу және астықты сатып алу бағасына қатысты шағым айтуда. Сондай-ақ кептіру жабдықтарын газ жүйесіне қоса алмай жүр. Қостанай облысының әкімдігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселені шешуге жәрдемдесуі қажет.
Әкімдіктерге Энергетика министрлігімен бірлесіп, алдын ала мәлімделген сұранысқа сәйкес астық кептіру үшін қосымша сұйытылған газ бен дизель отынын бөлуді тапсырамын. Жалпы солтүстік өңірлерде астық кептіру жұмыстарын басты назарда ұстаңыздар", – деді Премьер-министр.
Оның айтуынша, ауа райының бұзылуы егін жинау қарқынына, астықтың сапасы мен көлеміне әсер етпеуге тиіс.
"Экология министрлігі егіншілерге күнделікті ауа райы болжамы туралы ақпарат беріп тұрсын. Көлік желісінің қолжетімді болуын ерекше бақылауға алу керек. Астықты егіс алқабынан тиісті жеріне дейін жеткізуді жоғары деңгейде ұйымдастыру қажет. Қажетті көлемде вагондар паркін жұмылдыруды тапсырамын. Логистикада ешқандай іркіліс болмауға тиіс. Отандық өнімді өткізу мәселесінде де жүйелі тәсіл қажет", – деп атап өтті ол.