Ол көршілес мемлекеттер Өзбекстан мен Тәжікстанға ресми түрде үндеу жасаған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, 2021 жылдың тамыз айында талибандар билікке келген сәтте, Ауғанстан әскери ұшқыштары бірнеше тікұшақты елден шығарып, көрші мемлекеттерге апарған.
Муттаки Кабулдағы дипломаттар мен халықаралық ұйым өкілдері қатысқан жиында осы техникаларды ауған халқына қайтару керегін айтты.
– Сол кездегі саяси өзгерістер кезінде елден шығарылған тікұшақтарды қайтаруды сұраймыз. Олар халықтың игілігі үшін, тек гуманитарлық мақсатта пайдаланылатын болады, – деді ол.
Еске салайық, 8 қыркүйек күні Afghanistan International басылымы белгілі бір дереккөздерге сілтеме жасап, "Өзбекстан жақын күндері 2021 жылы шығарылған 57 әскери тікұшақты Ауғанстанға қайтаруы мүмкін" деп хабарлаған еді.
Ал 11 қыркүйекте The Kabul Times газеті талибандар үкіметінің өкілі Забихулла Муджахидтің "Өзбекстан авиациялық техниканы қайтаруға келісті" деген сөзін мысалға келтірді.
Десе де, Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратпен келіспейді.
– Таратылып жатқан мәліметтер шындыққа жанаспайды. Өзбекстанның ұстанымы өзгерген жоқ, мұндай ақпарат – жалған, – деп мәлімдеді ведомствоның ресми өкілі Ахрор Бурханов.
2025 жылдың ақпанындағы деректерге сенсек, Black Hawk үлгісіндегі 7 тікұшақ АҚШ-қа қайтарылған. Бірақ ондаған бірлік техника әлі де Өзбекстан аумағында сақтаулы тұр.
Қазіргі уақытта бұл мәселе бойынша пікірталастар өршіп барады. Ауған билігі көрші елдерден нақты жауап күтетінін ашық айтты.