Ауғанстанда ашыққан тұрғындар балалары мен дене мүшесін сата бастады

2334

​Олар балаларына нан орнына ұйықтататын дәрі береді.

Ауғанстанда ашыққан тұрғындар балалары мен дене мүшесін сата бастады Фото: www.dailysabah.com

Кейбір ауғандықтар аштықтан құтылу үшін балаларына ұйықтататын дәрі берсе, кейбірі күнкөріс үшін қыздарын немесе дене мүшелерін сатады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

BBC басылымының жазуынша, тәліптер билікке келген соң, алда келе жатқан қыспен бірге миллиондаған адамдардың аштыққа ұшырау қаупі төніп тұр.

– Балаларымыз ұйықтай алмай, жылай береді, ал бізде тамақ жоқ, – дейді Абдул Уахаб. – Сол үшін біз дәріханадан алған таблетканы балаларға беруге мәжбүрміз.

Ал дәрігерлер мұндай препараттар бауырды зақымдап қана қоймай, созылмалы шаршаудан бастап ұйқының бұзылуы, мінез-құлық проблемалары сынды өзге де көптеген ауру тудыруы мүмкін екенін айтады.

Мұндағы отбасылардың көпшілігінде адамдар тек нанмен күнелтеді. Мәселен, таңғы асқа құр нан жесе, кешкі асқа суға езіп жейді.

БҰҰ атап өткендей, Ауғанстанда біздің көз алдымызда гуманитарлық апат болып жатыр. Герат іргесіндегі ерлердің көпшілігі күнделікті жұмыспен айналысады және олар бір жылдан бері осындай қиыншылықта өмір сүріп келеді. Тамыз айында билікке келген тәліптердің жаңа үкіметін ешкім мойындамағандықтан, Ауғанстанға сырттан келетін қаржы ағыны тоқтап қалды. Бұл экономикалық құлдырауға ұласып, ерлердің көпшілігін жұмыссыз қалдырды.

20 жастағы Аммардың (аты-жөні өзгертілді) айтуынша, үш ай бұрын бір бүйрегін алып тастаған.

– Менде басқа амал қалмады. Жергілікті емханада бүйректі сатуға болатынын естідім. Сонда барып, бірнеше аптадан кейін мені осы ауруханаға шақырды. Бұл қорқынышты болды, бірақ менде амал жоқ, – дейді ол.

Аммарға шамамен 270 000 ауған ақшасын (шамамен 3100 доллар) төлеген, оған отбасына азық-түлік және қарызын өтеуге жұмсаған.

Ағзаларды сату Ауғанстанда жаңа құбылыс емес. Бұл Талибан билікке келгенге дейін де болған. Бірақ қазір осындай азапты таңдау жасағаннан кейін де адамдар күнкөрістерін өтей алмай жатыр.

Сонымен қатар бұл жерде қыздарды сату туралы әңгімелер де көп кездеседі.

– Мен бес жасар қызымды 100 000 ауған ақшасына саттым, – дейді Низамуддин.

– Бұл біздің естуімізше, бүйрек құнының жартысына да жетпейді. Аштық адамдардың құндылықтары мен қадір-қасиетін жояды. Әлем Ауғанстаннан бас тартқанымен, дағдарыстың нақты ауқымы белгісіз болып қалуы мүмкін, өйткені есептейтін ешкім жоқ, – деп жазады басылым.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу