banner

Ауқатты қазақстандықтар жүздеген мың күтуші мен аспазды шетелден алғызуда

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
7386

Биыл 320 мың шетелдік еліміз аумағында үй шаруашылығымен заңды түрде айналысып, 6,5 млрд теңге салық төлеген. 

Ауқатты қазақстандықтар жүздеген мың күтуші мен аспазды шетелден алғызуда

Еңбек министрлігі еліміздегі келімсек жұмысшылардың қалтасын қағып жатыр әрі бұл мемлекет үшін жақсы. Себебі, жатжұрттық еңбек мигранттары бар тапқанын өзімен бірге алып кетеді де, одан мемлекетке бір тиын салық төлемейді.

Бүгін парламент мәжілісіндегі "үкімет сағаты" аясында есеп берген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова қабылданған шаралар арқасында 2017 жылы шетелдік мигранттар Қазақстан бюджетіне миллиардтап салық төлегенін мәлімдеді.

Еңбек кодексіне енгізілген кейінгі өзгерістерге сәйкес, қазір Қазақстанға шетелден жұмыс күшін тек бизнес пен заңды тұлғалар ғана емес, жеке тұлғалар да өз бетінше шақыра алады. Өйткені ауқатты қазақстандықтар ұлан-байтақ даламыздың ең көркем жерлері мен ірі қалаларындағы өз виллалары мен коттедждеріне бала күтушіні Филиппиннен, аспазды  – Италиядан, бақшашыны – Голландиядан, оққағарды көрші Ресейден алғызатын болған. Жаңа заңнама соларға жеке өзі мен отбасысының қарауындағы жатжұрттық жұмысшыларын заңдастыруға жол ашты.

Дегенмен, байлығы аста-төк азаматтарымыздың барлығы бірдей бұл тетікті пайдалануға асығып отырған жоқ. Сондықтан құзырлы органдарға дүркін-дүркін рейд жасап тұруға тура келеді.

Әзірше, еңбек министрінің мәліметінше, бизнестегі емес, үй шаруашылығындағы жұмыстарға тартылған 320 мың шетелдік заңдастырылыпты. 6,5 миллиард салық сомасын төлегендер де солар.     

Осы орайда депутаттар келімсектердің жергілікті жұмысшылардың "нанын" тартып жейтінін, сөйтіп, "екі қолға бір күрек" іздеп сенделгендер қатарын арттырып, елдегі әлеуметтік шиеленісті ушықтыратынын алға тартты. Тіпті өзін "қазіргі өркениет орталығы" санайтын Америкада да соңғы президенттік сайлауда дәл осы мәселені ілгерілеткен кандидатты халық қолдап шыққаны мәлім.

Жауапты министрлік шаралар қарастыруда екен.

"Жеке тұлғалар өздерінің үй шаруашылығында жұмыс жасауы үшін 320 еңбек мигранттарын тартқан. Бұлар – бала күтушілер, аспаздар, бақшашылар және басқалары. Оларды қожайындары шетелден шақырады және олар үшін ішкі істер министрлігі арнайы патент береді. Бұрынырақта жеке тұлғалардың шетелден қанша адам шақырамын десе де өз еркі болатын, шектелмейтін. Бірақ биылғы жылдан бастап, біз олардың квотасын шектеп тастадық. Енді компаниялар секілді, олар да білікті жұмысшыларды өздеріне бөлінер квота аясында ғана тарта алады", – деді Тамара Дүйсенова. 

Ал бизнес ортаның ел аумағынан тыс жерден жоғары білікті кадрларды әкелуіне биыл өз халқымыздың экономикалық белсенді бөлігінің 0,60 пайызы көлемінде квота бекітілген екен. Санға шаққанда, бұл 8,5 миллион қазақстандыққа шаққанда 54 мың мигрант дегенді білдіреді. Алайда министр ханымның сендіруінше, жұмыс берушілер осы квота ішінен тек шамамен 27 мыңын ғана пайдаланыпты. 

Расында, қазіргі кезде күйзеліс ұзаған сайын қазақстандықтардың өздеріне жұмыс орындары жетпеуде. Оның үстіне жұмыс берушілер қаптаған салықтан құтылу үшін қызметкерлері мен жұмысшыларын штаттан тыс шығаруда. Мұны "бизнес-әлемде" аутстаффинг деп атайды.

Дамыған елдерде бұл кәсіпкерлік үшін қалыпты жайтқа айналған. Ағылшынның staff (яғни "штат, персонал") және out ("тыс") сөздерінен құралған бұл ұғым бизнесте компания ісін дамыту үшін кәсіпорын штатына кірмейтін мамандардың еңбегін пайдалануды, қарапайым тілмен айтқанда – "персоналды белгілі бір мақсатқа жалға не қарызға алуды" білдіреді. Аутстафферлер қысқа уақытқа ғана жалданады және жекелеген жұмыс түрлерін орындаумен шектеледі.

Бірақ жабайы нарықтан өткен посткеңестің кеңістік елдерінде бұл құбылыс "құбыжық" сипатын алып отыр: кәсіпорындар өзінің төл жұмысшыларын да аутстаффингке шығарады. Онда компания персоналы негізгі жұмыс беруші болып табылатын фирмамен емес, делдал компаниямен, мысалы, кадрлық агенттікпен келісімшартқа отырады.

Салдарынан, аутстафферлер "заманауи құлға" айналады. Оларға штаттағы қызметкерлерге берілетін сыйақылар, "13-ші жалақы", демалыстар қарастырылмайды. Еңбек жағдайы да қорғалмайды. Ал жұмыс жүктемесі барған сайын тек арта береді. Көрші Ресей таяуда осыны шектеді.

Алда Қазақстанда да бұл құбылысқа тыйым салынбақ. Бұл үшін аутстаффинг ұғымының өзін еңбек кодексінде бекіту жоспарлануда.

"Бүгінде біз әлеуметтік әріптестерімізбен бірге алдын ала байламға келдік және "заем-қарызға алынатын" еңбекке ("заемный труд" деп аталады) заң жүзінде тыйым салуды ұйғарып отырмыз. Мұны біз еңбек кодексіне жазып қоямыз", – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Бірақ "қарыздық" еңбекті пайдаланудың екі бағытын пайдалану мүмкіндігі бәрібір қалдырылады екен. Атап айтқанда, жұмысшыларды бас кәсіпорыннан еншілес кәсіпорынға және керісінше бағытта ауыстыруға ұлықсат ету ұсынылады. 

"Бұл ретте еңбек келісімшартында ол жұмыстың уақыты, мерзімі, көлемі көрсетілуге тиіс, адам өзі штаттық жұмысшысы болып табылатын ұйымнан жалақы алуы керек. Бұл оның әлеуметтік-еңбек құқықтарын толық қорғай алуымыз үшін қажет", – деді Тамара Қасымқызы.

Аутстаффингтің екінші бағытын жұмысшыларды жалдау кезінде жеке тұлғалардың пайдалануына рұқсат ету қарастырылуда.

"Бұл бағытта жұмыспен қамту бойынша жеке агенттіктер немесе рекрутинг компаниялары азаматтарды жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыс жасауға жолдай алады. Бұл жағдайда жеке агенттіктер алдымен ол адамдарды өз жұмыскері ретінде қабылдауға, тек содан кейін ғана жеке тұлғаларға бағыттауға тиіс. Осы арқылы жұмыскердің еңбекақысы, әлеуметтік-еңбек құқықтары анықталуы қажет", – деді министр.

Оның айтуынша, бұл ұсыныстар алдымен республикалық үшжақты комиссиялар қарауына шығарылады. Егер олар құптаса, еңбек кодексіне түзетулер ретінде парламенттің қабылдауына ұсынылады. 

Депутаттар қазақстандық шенеуніктерге түн ортасына дейін жұмыс орнында отыруға тура келетінін мәселе етіп көтерді. Әрі олар онда бір іс тындырса, жөн, көбісі, бастығы кабинетінде отырған соң, одан бұрын кетіп қала алмай, тапсырма күтіп, бос отырады.

Еліміздің "бас еңбек инспекторы" мемлекеттік қызметшілерді жұмыс уақыты аяқталған соң да жұмыс орнында ұстауға рұқсат етілетінін, бірақ ол тәулігіне екі сағаттан аспауға тиістігін хабарлады.

"Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс уақыты бір аптадағы норматив ретінде қарастырылған, ол 40 сағатты құрайды. Яғни, күнге шаққанда 8 сағаттан келеді. Ал негізгі жұмыс уақытынан тыс жұмыс тәулігіне екі сағаттан, айына – 12 сағаттан, жылына 120 сағаттан аспауға тиісті. Бұл ретте белгіленген уақыттан тыс жұмысқа тек жұмысшының жазбаша келісімі негізінде ғана рұқсат етіледі", – деп заңда не жазылғанын түсіндіре кетті Тамара Дүйсенова.

Министр еңбек қарым-қатынасында жұмысшы құқығы мен еңбегіне кепілдік беретін, әлеуметтік-еңбек байланыстарын реттеудің тиімді тетігін қалыптастыруға әсер ететін ұжымдық шарттың орны бөлек екеніне тоқталды.

Оның байламынша, сонымен бірге ұжымдық шарт әлеуметтік келіспеушіліктер мен ұжымдық дау-дамайларды болдырмаудағы тәуекелдердің алдын алуға оң ықпал етпек.

2017 жылдың 1 қыркүйегі бойынша ұжымдық шартпен 76,6 мың кәсіпорын немесе жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 34,1%-ы қамтылды. Мұнда ірі және орта кәсіпорындардың қамтылу деңгейі 89,3%-ға жетті. Соңғы 5 жылда ұжымдық шарттар жасау көрсеткіші 19%-ға өскені байқалады.

"Дегенмен, жағдайдың жақсарғанына қарамастан, әлі де жұмысқа азаматтарды еңбек шартынсыз қабылдау әрекеттері көрініс беретінін жоққа шығару мүмкін емес. Соңғы екі жылда еңбек инспекторлары мыңнан астам жұмыс берушінің жұмыс күшін еңбек шартынсыз қолданып жатқанын анықтады. Бұл мамандардың біліксіздігінен туындап, құрылыс, сауда және ауылшаруашылық пен шағын кәсіпкерлік салаларында жиі кездеседі", – деді ол.

Еңбек министрінің мәлімдеуінше, биыл азаматтардың әлеуметтік мәртебесін анықтау мақсатында үйлерді аралап, "заңсыз жұмыспен қамту" ахуалын бағалау шарасы жүргізілген. Шара аясында 5,6 млн азамат қамтылып, нәтижесінде миллионнан астам еңбекпен қамтылған азаматтың зейнетақы жарнасы төленбей келе жатқаны белгілі болған. 320 мың жұмыссыз және 1,4 млн өнімсіз жұмыспен қамтылған жандар назарға ілікті.

"Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табады. Бүгінгі таңда есепке алу, тіркеу, мәртебе анықтау, еңбекпен қамтылуды және салық төлеу жағын реттеу, әлеуметтік қамсыздандыру жайттарынан тұратын бейресми жұмыспен қамтылған азаматтар тобын заңдастыру жөніндегі Кешенді жоспар әзірленуде", – деп түйді Тамара Дүйсенова.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу