Аулалардағы алаңдар ақылы автотұраққа айналады

2292

Тұрғындар дабыл қағып, жол-көлік басқармасы қаулыға қарап отыр. 

Аулалардағы алаңдар ақылы автотұраққа айналады

Аулаңыздағы аядай жерге ақылы автотұрақтың белгісі қойылып, үйіңіздің алдына көлігіңізді қаңтарғаныңыз үшін сағатына 100 теңге төлеуге міндеттелетін болсаңыз қайтер едіңіз? Әрине, шамданасыз, шағымданасыз. Осындай мәселемен бетпе-бет келген Нұр-Сұлтан қаласы Бауыржан Момышұлы даңғылы 16 үй мекенжайына орналасқан "Восток" тұрғын үй кешені тұрғындарының дабыл қағудан басқа амалы қалмады. 640 пәтер иесінің атынан журналистермен жүздескен бастамашыл топ тұрғын үй кешенінің жерасты автопаркингі жоқ екенін, ауладағы алаңға небәрі 100 автокөлік сиятынын айтты.

"Үйдің ауласы жетпегесін айналасын автотұраққа айналдырып, амалдап жүргенбіз. Бір жарым ай бұрын ауламызға ақылы автотұрақтың белгісі орнатылды. Бұл туралы бізге ешкім, ештеңе айтқан жоқ. Біздің отбасымызда 2 автокөлік бар. Сонда біз 2 көлікті өз ауламызға 12 сағатқа қойғанымыз үшін күніне 2 400 теңге төлейміз бе? Ақылы тұрақтың ақысы үшін жұмыс істейміз бе, бала-шағамызды асыраймыз ба?", – деп ренішін білдірді "Восток" тұрғын үй кешенінің тұрғыны Дина Жакенова.

 Бір қызығы тұрғындар әкімдікті аттап өтіп, ұжымдық арызды бірден Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдапты. Неге бұлай істедіңіздер деген сауалға арызға қол қойған тұрғындардың бірі Айкүміс Сүйіндікова: "Әкімдікке бұған дейін басқа мәселелермен талай шағымданғанбыз. Елемейді, ескермейді. Уақытымызды құр босқа шығындаудың қажеті қанша?", – деп өзімізге сұрақ қойды.

 Нұр-Сұлтан қаласы жол-көлік басқармасының бөлім басшысы Руслан Әбдуалиевтің сөзінше, жоғарыда көрсетілген мекенжайда ақылы автотұрақ ашу жоспарланған, алайда бұған қатысты қаулы күшіне енбеген.

"Қаулы шықпай, белгіленген орындар ақылы болмайды. Аулаларға орналастырылған ақылы автотұрақтар әзірше қызмет көрсетіп жатқан жоқ", – деді бөлім басшысы.

Мұндай жауаптың тұрғындарды қанағаттандырмайтыны сөзсіз. Себебі ерте ме, кеш пе, қазір жұмыс істемей тұрған аулалардағы ақылы автотұрақтар іске қосылады. Сол күннен бастап тұрғындардан өз ауласына автокөлігін қойғаны үшін ақы талап етіледі.

Мәселенің мән-жайын анықтау үшін біз "Астана тұрақ кеңістігі" ЖШС-ға хабарластық. Оператор ресми ресурсына жөн сілтеді. Сөйтіп сайт "сүзуге" кірістік. Онда "Тестілік аймақ" деген түсінік бар екен. Бұл туралы сайтта: "Егер, сіз көлікті тұраққа қойған аймақ 11*, 2*, 3** нөмірлеуден басталса ақылы тұрақ тест режимінде жұмыс істейді деген сөз. Бұл учаскелерде төлем алынбайды, әкімшілендіру жүргізілмейді. 10 * * нөмірлеуден басталатын тұрақ аймақтары штаттық режимде жұмыс істейді, төлем сағатына 100 тг", – деп жазылған.

 Белгілі болғандай, тұрақ ақысын "Астана тұрақ кеңістігі" мобильді қосымшасы, astanapark.kz сайтындағы жеке кабинет, kaspi.kz қосымшасы,

SENIM қосымшасы, терминалдар мен Касса24 сайты және паркомат арқылы төлеуге болады. Ақылы автотұрақтардың қызмет көрсету уақыты: жұмыс күндері таңғы сағат 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін. Демалыс және мереке күндері автотұрақтар тегін.

Автотұрақ ақылы екенін 5.15 – "Тұрақ орны" және 7.8 – "Ақылы қызмет" белгісі арқылы білуге болады. Бұған қоса әрбір тұрақ аймағында ақпараттық қалқан тұрады. Қалқанның жоғарғы бөлігінде тұрақ аймағының нөмірі жазылады. Осы нөмір арқылы автотұрақтың ақысы төленеді.

Біле жүріңіз, бүгінгі таңда елордадағы Нұржол бульварында 487 ақылы тұрақ бар. Бұлардың барлығы ақылы. "Есіл" және "Сарыарқа" аудандарына орналастырылған 381 тұрақ әзірше іске қосылған жоқ. Болашақта Бөгенбай батыр, Сарыарқа, Республика даңғылдарында және Есіл өзенінің жағалауында ақылы автотұрақ ашылады. Әзірше бұл аудандарда тұрақ тестік режимде жұмыс істеп тұр. Тестік мерзім автокөлік жүргізушілерін жаңа инфрақұрылым қызметінің қағидаларымен таныстыру үшін қажет. Ақылы тұрақ қызметтері үшін тарифті есептеу мөлшері мен әдістемесі Астана қаласы әкімдігінің 2016 жылғы 22 желтоқсандағы № 108-2602 "Елордада көлік құралдарын тұраққа қою үшін ақы алуға және олардың тұраққа қою уақытын есепке алуға арналған арнайы сертификатталған құрылғылармен жабдықталған орындарда тарифті айқындау туралы" қаулысымен бекітілген. Құжатқа сәйкес, ақылы тұрақтың тарифі 1 сағатқа 100 теңге болып бекітілген. Айтпақшы жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, ақылы тұрақ аумағында жолаушыларды отырғызу, түсіру үшін көлік құралын 5 минуттан аспайтын уақытқа тоқтатуға мүмкіндік берілген. Бұл осы уақыт аралығында төлем алынбайды деген сөз.

"Ақылы автотұраққа жақын орналасқан үйлердің тұрғындары үшін үйдің жанында ақылы автотұрақты пайдаланудың жеңілдетілген шарттарын ұсынатын резиденттік келісім бар. Сіз құжаттар тізімін және сайтта рәсімдеу жөніндегі нұсқаулықты astanapark.kz сайттағы "Резиденттер" бөлімінде таба аласыз", – деп жазылған сайтта. Бұдан түсінгеніміз, түбінде қай жерде болмасын, тіпті өз аулаңыздағы автотұраққа да ақы төлеуге тиіс боласыз.

Ақылы автотұрақтардан түскен қаражат жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі қалалық бағдарламаларды қаржыландыру үшін қала бюджетіне түседі. Әзірше көңілге демеу болатыны осы ғана.

Айтпақшы "Астана тұрақ кеңістігі" ЖШС жабық және көпқабатты паркинг салмайды. Себебі оған астананың ақылы тұрақ кеңістігін құру, пайдалану және басқару жобасы негізінде ашық үлгідегі паркинг жасақтау міндеті ғана жүктелген.

"Нұр-Сұлтан қаласының ақылы автотұрақтарын пайдаланушылары тұрақ ақысын төлеу үшін 1 күнге және 1 айға жарамды абонементтерді сатып ала алады. Абонементті сатып алған көлік иесі дүйсенбіден жұмаға дейін сағат сайын 8:00-ден 20:00-ге дейін тұра алады. Абонемент сатып алғаннан кейін, сізге көлікті елордадағы кез-келген ақылы тұрақ орнына қоюға болады, қосымша ештеңе ұсынбайсыз-жүйенің өзі төлемнің енгізілгенін түсінеді", – деп жазылған сайтта. Түсінген адамға бұл қалай болғанда да жүргізушіден ақы алынады деген сөз.

Тұрақ үшін ақы төлемегендерге айыппұл салынады. Бұл туралы сайтта: "Сізге көлік құралдарын тоқтату немесе қою ережелерін бұзғаны үшін 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, ҚР ӘҚБтК-нің 597-бабы, 4-1-бөлігі). Бір жыл ішінде қайталап бұзу 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады", – деп нақтыланған.

Жауапкершілік. Иә, жауапкершілік. "Астана тұрақ кеңістігі" ЖШС-да мұндай ұғым жоқ. Осы турасында сайтта: "Астана тұрақ кеңістігі" ЖШС көлік құралдарының сақталуына жауап бермейді. Жалпы әлемдік тәжірибеге сәйкес, ашық түрдегі көшедегі ақылы автотұрақтар тұжырымдамасы тұраққа қойылған көлікті қорғауды көздемейді. Тұрақ аумағындағы форс-мажорлық жағдайлар ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес шешіледі", – деп жазылған ресми ресурста.

Қанат Махамбет 


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу