banner

"Ауруханаларда құрал-жабдықтың қыр-сырын білетін маман тапшы"

1186

"Шетелден оқып келгендерге "түрлі кедергі" бар".

"Ауруханаларда құрал-жабдықтың қыр-сырын білетін маман тапшы"

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында: "Аймақтарда медицина саласына қажетті жағдай жасалмаған. Елімізде 4 мыңға жуық медицина кадры жетіспейтіндігін" мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Шетел асып кетіп жатыр

"Бүгінде елімізде медицина кадрлары тапшы. Бұл салаға 4 мыңға жуық қызметкер жетіспейді. Облыс орталықтарында, әсіресе аудандар мен ауылдарда білікті дәрігерлер аз. Өйткені аймақтарда оларға қажетті жағдай жасалмаған. Өңір әкімдері осы мәселемен белсенді түрде айналысуға тиіс. Медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән беру қажет", – деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, мамандардың шетелге кетуі де кадр тапшылығына елеулі әсер етіп отыр. Жыл сайын білімі жоғары "мыңнан астам азамат өзге елге қоныс аударады" екен. Ал шетелде оқыған өз маманымыз оқуын Қазақстанда жалғастырамын десе алдынан "түрлі кедергі" шығады. 

"Олар клиникалық тәжірибеден өткісі келсе де қиындыққа тап болады. Ұлыбритания мен АҚШ-тың әйгілі жоғары оқу орындарында білім алған жастарымыз аз емес. Солардың бірқатары елге оралған соң мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмағаны туралы мәліметтер де бар. Бұл – дұрыс емес. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің белді оқу орындарында медициналық білім алған азаматтарымызға еш кедергі болмауы керек. Олардың дәрігер болып жұмыс істеуіне рұқсат беру үшін нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізу қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

"Техника босқа тұрмауы керек"

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бізде жоғары технологиялы медициналық құрал-жабдықтың қыр-сырын білетін білікті маман тапшы. Бұл мәселені Ұлттық кеңестің мүшесі Тәттігүл Талаева да көтерген болатын. 

"Денсаулық сақтау жүйесіне қажет техникалық кадрларды даярлау ісін қолға алға жөн. Мамандарды, әсіресе биоинженерді оқытуға медициналық техника шығаратын компанияларды барынша тарту керек. Медициналық құрал-жабдықтарды күтіп ұстау аса маңызды. Бұл жұмыспен кешенді түрде айналысу қажет. Үкіметке медициналық техниканы жөндеп, оның дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселесін жан-жақты қарастыруды тапсырамын. Бұл саладағы жұмыс жүйеленсе, бюджет шығыны азаяды", – деді Мемлекет басшысы.

Мекемелердегі техника бұзылып, босқа тұрмауы қажет.

"Жалпы білім сапасы жақсарса, тұтас ұлттың бәсеге қабілеті артады. Осы салаға салынған инвестиция болашақта еселеп қайтады. Жастардың табысқа жетуіне және ел игілігі үшін еңбек етуіне жол ашылады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

P.s. Расымен де, өңірлердегі тұрғындар медициналық қызметкерлердің қызметіне көңілі толмайтын, жаңа құрал-жабдықтар бос қаңтарылып тұратынын әлеуметтік желіде, БАҚ-та жиі айтып шағымданады. 

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу